Экология • 20 Желтоқсан, 2019

Өскеменнің өкпесі

1367 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жақында бүкіл әлеуметтік желілерде өскемендік оқушының әкесі түсірген бейне желдей жүйткіп, ел арасына лезде тарап кеткен еді. «Әкем екеуміз таза ауа жұтуға қала сыртына келдік. Қала газға толып тұр. Екі мұржа ғана көрінеді» дейді ол қара түтін құшағына оранған қаланы көрсетіп. Шынын айтқанда, бұл бейнені көріп алыстағы жұрт «сұмдық» деп жағаларын ұстаса, кейбіреулер «бұл тұман араласқан түтін ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ» деп жауырды жаба тоқығысы келсе, біз «шынымен де осы қалада тұрып жатырмыз ба, қалайша тұрып жатырмыз?» деген жауабы жоқ сауалдарды өз-өзімізге қоюға мәжбүр болдық.

Өскеменнің өкпесі

Комитет төрағасы неге келді?

Бір қуантарлығы, оқушының Өскемен­нің мүшкіл хәлін көрсеткен бейнесі Нұр-Сұлтандағы шенділерге де жетіпті. Со­дан да болар, облыс орталығындағы эколо­гиялық жағдайды өз көзімен көруге Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов арнайы келіп, қаладағы қоршаған ортаға жауапты мекеме өкілдерімен, экологтармен кездесті. Шаһар тұрғындарын елорда төрінен келген комитет төрағасының са­пары «Министрліктен адам келсе, онда бір нәтиже шығатын болды ғой» деп үміт­тендіріп, бір сәт қуантқанымен, министрлік өкілінің қарапайым халықпен жеке кез­десіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдауға уақыт таппағаны көңілдерін пәсейтіп тастағаны да рас. Десек те комитет төрағасының мына бір сөзі өндірісті шаһар тұрғындарының көңілінде аз да болсын үміт отын тұтатқаны анық. «Қала қазаншұңқырда орналасқан. Ауадағы зиянды заттардың әсіресе желсіз күндері жиналып қалатынын да білеміз. Тұрғындардың жанайқайын түсініп отырмыз. Қалада қолайсыз метео жағдай (ҚМЖ) орын алған кезде кәсіпорындар өндіріс көлемін азайтуы керек. Экология министрлігіне ауа сапасы көрсеткіштері сағат сайын беріліп отырмайтындықтан, бұл мәселені бақылауда ұстау мүмкін емес. Бар үмітіміз – алдағы жылдары қабылданатын жаңа Экологиялық кодексте.

Жаңа заң бірінші санатқа жа­татын барлық өндірістік кә­сіп­орындарға (Өскемен қала­сында олардың саны – 28) ав­томаттандырылған мониторинг жүйесін енгізуді міндеттейді. Соның нәтижесінде экологтар­ за­уыт жұмыстарын онлайн режі­мінде бақылап қана қой­май, ауаға бөлінген зиянды заттар көрсеткішін де көре алатын болады. Парламент тағы бір маңызды заңды бекітеді деген сенімдеміз. 2021 жылдан бастап өндірістік кәсіпорындар төлеп келе жатқан эмиссиялардың 100 пайызы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталса, ауаны тазарту құрылғыларын орнату шаралары назарға алынады» дейді Зұлфұхар Жолдасов.

Денсаулықтарына нақты қан­дай зияны тиіп жатқанын білмесе де, өскемендіктердің көпшілігінің құлағы үйренген, жалпақ тілде «НМУ» (неблагоприятное метео­условие) деп аталатын термин бар. Қазақшасы – ҚМЖ (қолайсыз метеожағдай). Түсінікті тілмен айтсақ, бұл қалада жел соқпай, ауаға зиянды қалдықтардың жи­налып, Өскеменнің өкпесі қы­сылатын, тұрғындардың дег­бірі қашатын уақыт. Шаһар тұр­ғындары «Мұндай күндері далада аз жүру керек. Әсіресе бала-ша­ға мен үлкен кісілерді сыртқа шығармаған жөн» десе, тағы бірі «Мұндай күндері сүт ішу керек, аздап, қасықтап ащы судан алып жүргеннің артығы жоқ» деп жатады. Қысқасы, ел арасын­да осындай әзіл-шыны аралас әңгіме көп. Өске­меннің ауасын қадағалаумен айналысатын «Қазгидромет» рес­публикалық мемлекеттік кә­сіп­орнының облыстық филиалы қызметкерлерінің айтуынша, жай күндері де, ҚМЖ болған күндері де ауаға қалқыма бөлшектер (шаң), күкірт диоксиді, күкіртті су­­те­гі, көміртегі оксиді, азот диок­сиді, фенол, фторлы сутек, хлор, хлор­лы сутек, формальдегид, күкірт қышқылы, күшәннің анық­­тал­маған қосындысы, бенз(а)пирен секілді зиянды заттар ауаға шы­ғады. «Қалада жел соқпаса зиянды қалдықтар бір жерге жиналып қалады. Ал ҚМЖ-ға келсек, 2017 жылы 84, 2018 жылы 63 күн ҚМЖ тіркелді. 2018 жылы қаң­тар айында 20 күн ҚМЖ болды. 2017 жылы 424, 2018 жылы 1530, биыл бір рет жоғары ластану фактісі тіркелді. Жоғары ластану анықталған жағдайда тиісті органдарды хабардар етеміз. Атмосферадағы ауаның ластану индексі бойынша 2017 және 2018 жылдары Өскемен еліміздегі 40-тан астам қаланың ішінде 2-орынды иеленді» дейді облыстық филиалдың инженер-химигі Надия Ғафурова.

Қолайсыз метеожағдай кезінде не істеу қажет?

Өзіміз де осы қаланың тұрғы­нымыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрміз. ҚМЖ болған күндері қаланың тұманданып, бозарып, көгілжім тартып кететінін аң­ғарамыз. Көмірдің исіне келің­кірейтін бір иістің мұрынға келе­тінін де сеземіз. Бірақ мұның не иіс екенін, күкірт диоксиді ме, кө­міртегі оксиді ме, азот диоксиді ме, бір сөзбен айтқанда, қандай зиянды зат екенін білмейміз. Ша­һар тұрғындарының көпшілігі өз­дерінің қандай ауамен (дұрысы, лас ауамен) тыныстап жүргенінен бейхабар. Ал «Қазгидромет» пен облыстық Төтенше жағдайлар де­партаменті «Осындай күні осындай дәрежелі ҚМЖ күтіледі, ол осындай күннен осындай күн­ге дейін сақталады» деген мәлі­мет­ті өздерінің ресми сайтында жа­риялаудан аспай жүр әзірге. Қала тұрғындары ҚМЖ туралы шынайы ақпараттың, мұндай күн­дері халықтың не істеу ке­рек­тігі жайындағы белгілі бір нұс­қаулықтың жоқтығына налиды. «Өндірісті өлке дейді. Онда неге өндірісі шарықтаған шетелдегі мемлекеттерде мұндай проблема жоқ? Проблема бар болса, қа­лай шешуде? «Бұрыннан солай болған. Жел болмаған соң байқалды» дейді. Бар үмітіміз жел болды ма? Онда билікке үміт артпай, бақсыларды жинайық, жел шақырсын! Тұншығып өлеміз бе, әйтпесе. «Зауыттар жабылсын» деген ешкім жоқ! «Елдің мұқтажы ескерілсін» дейді жұрт. Өндірісті өңір орталығында «көмейдің күюі» (ожог гортани), химиялық улану (химическое отравление) секілді, тағы басқа да медициналық симп­томдар болатынының мойын­далуын, ондай жағдай орын ал­ғанда ресми түрде уақытша жұ­мысқа жарамсыз деп танылып, дәрі-дәрмекке кететін шығынның өтелуін, өндіріс ошақтары тара­пынан экологиялық өтемнің бо­луын сұрайды жұрт. Жайсыз метеожағдай (НМУ) жөнінде не­ге алдын ала тұрақты түрде хабарландырылмайды? Неге оған бай­ланысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді? Неге ЖМО (НМУ) болған кезде дәл сол кезеңдегі онкологиялық кеселдер, өңеш аурулары, түсік тастау, тағы басқа да көрсеткіштер бөлек сарапталмайды, неге ол туралы шынайы ақпарат берілмейді» деп ашынады жұрт» дейді өскемендік қоғам белсендісі Аида Жабағиева.

Экология тақырыбын үнемі кө­теріп жүретін өскемендік блогер Александра Осипова қаладағы ауаға зиянды қалдықтар шығарып отырған кәсіпорындар тұрғындар ал­дындағы жауапкершілікті то­лық сезінбей отырғанын айтады. «Шенеуніктердің, зауыт бас­шыларының есептеріне қарасаң, қалада бәрі жақсы, бәрі керемет се­кілді. Алайда ақпараттық ашық­тық жоқ. Жақында таң атпай WhatsApp желісі арқылы «Тезірек терезелеріңізді жабыңыздар. ҮМЗ-де апат» деген ақпарат қала тұр­ғындары арасында лезде тарады. Ресми ақпарат зауыт тарапы­нан түс ауа әрең шықты. Жұмысшыларға не болғанын нақты біле алмай отыр­мыз. Ешқандай зерттеу жоқ. Тұрғындар кімге сенерін білмейді қазір. Статистика, мәлімет деген жақсы ғой. Бірақ қала тұрғындары өзде­рін қолайсыз сезінуде. Әлеу­мет­тік желіде белсенді болғандық­тан маған осы мәселемен хабарласатын тұрғындар көп. Күн өткен сайын олардың саны көбейіп барады. «Осындай күні НМУ» деген ақпаратты оқимыз. Бірақ не істеуді, қандай әрекеттер жасау, қалай сақтану керегін білмейміз. «Осылай жүре беріңіздер, жел соғуын күтіңіздер» дейді. Шынайы ақпарат жоқ болғаннан кейін, жауапкершілік те жоқ. Республика, облыс бюджетін толықтырып отырған қаншама ірі кәсіпорын бір қалаға шоғырланған. Неге олар тұрғындардың жағдайын, денсаулығын ойламайды? Солар­дың кесірінен денсаулығына зиян келіп жатқан тұрғындар дұрыс емханаларда емделуге лайық емес пе? Цифр бір бөлек, адамдардың денсаулығы бір бөлек. Осыны естен шығармайық» деген қоғам белсендісі қаланың экологиялық мәселелеріне қатысты бейбіт ми­тинг өткізейік деп Өскемен әкім­дігіне 15 рет хат жазғанымен, 15 мәрте рұқсат етілмегенін жеткізді. «Әкімдік митинг өткізгісі келмесе, қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, елдің пікірін тыңдаса жақсы болар еді. Биыл көктемде облысқа жұмыс сапарымен келген Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстандағы эколо­гиялық жағдайды жақсарту үшін кешенді жоспар әзірлеуді тап­сырған болатын. Мәселен, өз басым осы кешенді жоспарды көргім келеді. Тиісті ұсыныс-пікірлерді айтқымыз келеді» дейді ол.

Қалдық қоймалары қала ішінде болмауы тиіс

Шаһардағы экологтардың, ауаға зиянды қалдықтар шыға­ра­тын кәсіпорындардың мәлі­мет­теріне сүйенсек, Өске­меннің жері мен көгіне жылына 50 мың тонна шамасында шығарындылар жіберіледі. Бұл – тек ресми мәлімет, әбден күзеліп-түзеліп ба­рып құзырлы органдарға ұсы­нылатын ақпарат. Мұны кәсіп­орындардың өз­дері де жасырмайды. «1997 жылы «Қазцинктің» жылдық шығарындыларының көлемі 54 мың тонна шамасында болатын. Қоршаған ортаны қор­ғауға бағытталған ауқымды ша­­ралардың нәтижесінде қазір бұл көрсеткіш 27 мың тоннаға төмендеді. Бұрындары біздің кә­сіп­орынның ауаға зиянды қал­дықтарды шығарудағы үлесі жалпы көрсеткіштің 80 пайызын құрайтын, қазір 50 пайыз» деген-ді «Қазцинк» ЖШС бас экологы Қазтай Тәкеев комитет төрағасының алдында сөйлеген сөзінде. Ал эколог, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік техникалық универ­си­тетіне қарасты «VERITAS» ор­­­та­­лы­ғының аға ғылыми қыз­мет­­кері Дәулет Асанов жер үй­лер, көліктер мен шаһардағы еш­қайда есеп тапсырмайтын ұсақ кәсіпорындарды қо­са алғанда, қаланың ауа ке­ңіс­тігіне шамамен жылына 100 мың тоннаға жуық шы­ға­рындылар жіберілетінін ай­тады. Экологтің пікірінше, қазір қаладағы ірі өндіріс орындары шығарындыларды біртіндеп азайтқанымен, жы­лу орталықтары керісінше оның орнын толтырып, ауаға шығатын зиянды заттар кө­лемін білдіртпей ұлғайтып жатыр. «Өскемен жылу электр орталығы көмір тұтыну көлемін ұлғайтып, қуатын одан әрі арттыру үшін жаңа қазандық тұрғызбақ. Мұның экологияға әсері жоқ дейсіз бе? Егер екін­ші жылу ор­та­лығы салынса, масқараның кө­кесі сонда болады. Қала мүлде тұншығады. ҮМЗ (Үлбі металлургия зауыты) қазір үндемей ғана қаланың шетіндегі өздерінің қалдық қоймаларын ұлғайтып жатыр. Қаланың іргесінде осындай зиянды, қауіпті қалдықтар сақ­талатынын тұрғындар дұрыс білмейді. Зауыт басшылығы есеп бергенде «біз өте қауіпсіз кә­сіпорынбыз» дейді. Мұның бәрі жалған. Өскеменнің экологиясы туралы сөз болса, елдің бәрі «Қазцинкті» есекке теріс мінгізіп, кі­нәлай жөнеледі. Ал ҮМЗ секілді кәсіпорындар осыны пайдаланып, өз жұмыстарын жүргізе береді. Естеріңізде болса, бес-алты жыл бұрын «Қазцинк» өздеріндегі қалдық қоймасын кеңейтпек болғанда тұрғындар қарсылық танытты. Сол кезде олар халық пікірін ескеріп, бұрынғы Семей полигоны аумағына жаңадан қойма салып, қалдықтарды сонда әкетті. ҮМЗ мұны істемей отыр. ТМК да (Титан-магний комбинаты) қалдықтар сақталатын қоймаларының көлемін ұл­ғайтып жатыр. Талап бәріне ортақ. ҮМЗ мен ТМК «Қазцинк» секілді қоймаларын Семей полигоны аумағына апарып салсын. Мұндай қауіпті заттар қаладан аулақ жерде сақталуы керек қой» дейді эколог.

Дәрігерлер не дейді?

Жоғарыда қала тұрғындары өз денсаулықтарына алаңдайтын­дарын айттық. Бұл ретте дәрі­герлер не дейді? Әзірге ақ халат­тылар ештеңе ашып айтқысы кел­мейді. Бәлкім айтқысы келсе де, айтқыздырмайды. «Әсіресе қар немесе жаңбыр жауған кездері ҚМЖ болғанда ауадағы зиянды заттар бір-бірімен қосылып, адам денсаулығына кері әсерін ти­гізуі әбден мүмкін. Тұрғындар осыған шағымданса керек. Ал біздің дәрігерлер «Тізімде мұн­дай ауру жоқ» дейді. Міне, паро­докс» дейді белгілі эколог, «Экологиялық қауіпсіздік орта­лығы» ЖШС директоры Геннадий Корешков.

Дәрігерлер ештеңе ашып айт­паса да, біз өңірдегі ақ халатты жандардың жұмысын үйлес­тіретін, қадағалау жасайтын об­лыстық Денсаулық сақтау бас­қар­масына хабарластық. «Өске­мен қала­сындағы 2014-2018 жылдар­дағы аурушаңдық көрсеткіштеріне кел­сек, жалпы сырқаттану 9,2, тыныс алу жол­дарының аурулары 8,5 пайызға өсті. Өскемендегі экологиялық жағдайдың нашар­лауы­мен осы үрдістің себеп-сал­дарлық байланысы туралы нақты айту мүмкін емес. Қазіргі уақыт­та денсаулық сақтау саласында азаматтар денсаулығының жай-күйін эко­ло­гиялық сипаттамалар мен эко­логиялық өзгерістер негізінде баға­лау критерийлері жоқ. Дәрі­герлер диагнозды «ауруларды халық­аралық статистикалық жіктеуішке» сәйкес жасайды, онда экологиялық аурулар туралы мәлімет жоқ. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен құжаттаманың бухгал­терлік және есептілік нысанда­рында (яғни денсаулық сақтау­дың ресми статистикасында) эко­логиялық проблемаларға бай­ланысты диагноздар мен ауру дең­­гейлері туралы мәліметтер жоқ. Бұл шынайы талдау жүр­гі­зуді және көр­сетілген проблема­ның көлемін бағалауды қиын­датады. 2020 жылы облыста адам денсаулығына әсерін тигізетін өндіріс факторларын зерттеу жос­парлануда. Зерттеу барысында ауа, су, жер құрамы және тұр­­­­ғылықты халықтан қосымша сарап­тама алынады. Соңынан бәрін жинақтап, сараптама жүр­гізіледі» делінген аталған бас­қарманың бізге жолдаған мәлі­метінде.

Түйін

Қазақтың көрнекті ақыны Жүр­сін Ер­ман ағамыздың Өскеменге арна­ған бір өлеңінде:  

Бір тылсым бар секілді шипаңда да,

Көзімді кіреукелеп ұйқы, алдама.

Есімді есеңгіреп жиып тұрмын,

Тауып бер тарихымды, титан қала!

– деп келетін шумақтар бар еді.

Соңғы шумақты Өскеменнің эко­логиялық жағдайына қарай бұра айт­сақ, қала тұрғындары «Қай­тарып бер денсаулығымды, ти­тан қала» деп іштен тынып жүр­ген шығар...

Жоғарыдағы келтірілген деректер, экологтардың жанайқайы Өскеменнің өкпесі жылдан-жыл­ға қысылып бара жатқанын ай­ғақ­таса керек. Өскемен тұр­ғын­да­рының да бұл ахуалға өкпе­сі қара қазандай...  

Шығыс Қазақстан облысы