Руханият • 20 Желтоқсан, 2019

Туған жер төріндегі тарихи сәттер

775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әйгілі тарихи тұлға Бауыржан Момышұлының есімі ел есінде аңыз болып сақталды. Батырдың майдан даласындағы ерлігі мен өнегелі өмірі, қайсар мінезі мен болмысына біткен тектілігі бір бөлек. Сонымен қатар ол жазушы ретінде де қазақ ұлтының әдебиетін өзінің шыншыл шығармаларымен байытты. Аңыз тұлға өзінің туған жеріне деген сағынышын «Ұшқан ұя» шығармасында жазады. Елден жырақ кеткенде де батыр туған жеріне жиі барып тұрған екен. Тұлғаның әрбір сапары бүгінде естелікке айналған.

Туған жер төріндегі тарихи сәттер

Бауыржан Момышұлы Жуа­лы ауданы, бұрынғы Орақ-Бал­ға ауылында дүниеге келген. Бү­гінде ол ауылдың жұрты ғана қал­ғандықтан, барлық дерек­терде батырдың туған жері Көл­бастау ауылы деп жазыла­ды. Даңқты қолбасшы ауылына әр келген сайын Есіркеп Дауыл­­байұлының үйіне түсіп, қо­нақ болады екен. Екеуінің аға­­лық-інілік сыйластығы бү­гін­де тарихи естелік болып сақ­талыпты. Батырдың өзі де оны іні тұтып, дос ретінде де жанына жақын тартыпты. Есіркеп Дауылбайұлы 1919 жылы дүние­ге келген, Фин және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1963-1974 жылдары аудандық компартия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған. Сарғайған суреттерді алға тарта отырып, сол бір тарихи сәттерді Есіркеп Дауылбайұлының ұлы Ермек Дауылбаев сағынышпен еске алады. «Негізі Бауыржан ағамыз бен әкеміздің тағдыры бір-біріне ұқсас. Екеуі де жастайынан же­тім өскен. Шақпақтың бет қа­рат­пас боранына, соғыстың қиындығына төзген азаматтар еді. Талай қиындыққа тап болса да, өздерінің адамдық қасие­тін жоғалтқан жоқ. Сондай-ақ, Баукеңнің туған күні 24 жел­тоқсан болса, әкеміз 25 жел­тоқ­санда дүниеге келген екен», дейді Ермек Есіркепұлы.

Сарғайған суреттер сыр шерте­ді. 1971 жылы Жуалы жерінде Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойы өтеді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл естелік суреттер архивте және ұрпақтарының қолында көздің қарашығындай сақтаулы. Батыр тұлғаның мерейтойына өзінің майдандас досы, жазушы Дмитрий Снегин де арнайы келеді. Туған жерінде дүркіреп өткен тойға Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы К.Лихарев ке­ліп, Бауыржан Момышұлына Ең­бек Қызыл Ту орденін салтанат­ты түрде табыс еткен екен. «Бауыр­жан аға келгенде үйімізге аудан басшылары жиналып, өзара сұх­бат құрушы еді. Ол кісіге лайықты құрмет көрсететін. Ауданның бірінші хатшысы Д.Жигалкин, екінші хатшысы М.Әбдірахманов, аудандық атқару комитетінің төрағасы С.Жүнісов, атқару комитеті төра­ғасының бірінші орынбасары Н.Свитич және аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы Ә.Айтақов сияқты лауазымды кісілер жиналатын. Менің есімде анық қалғаны, Бауыржан ағамыздың «Москва үшін шайқас» атты кітабын оқыған соң, әскери стратег ретінде ол кі­сіні Фидель Кастроның Ку­баға шақырғаны туралы әң­гімесі. Біздің үйге келгенде Куба мемлекетіне барғалы жүр екен. Сонда жиналған кісілерге Бауыржан ағамыз «Мен Кубаға бүкіл қазақ елінің атынан қалай бара жатқанымды көрсетейін», деп ұлттық нақыштағы қы­лышты, шапан мен бөрікті көр­сетті. Со­дан кейін Мәскеуге ат­танды. Мен ол кезде он үш жастағы бала едім», дейді Ермек Дауылбаев. Бұл алпысыншы жылдардың орта шенінде болған тарихи сәт.

 Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы ауылына әр келген сайын оқырмандармен кездесіп тұруды дәстүрге айналдырған екен. Әр сапарында досы Есір­кеп Дауылбайұлы екеуі бір­ге жүретін болған. Ермек Дауыл­баев майдандас достардың арасында беріктік өмірлерінің со­ңына дейін сақталғанын айтады. Бауыржан Момышұлы дүниеден өткен соң, екі жылдан кейін Есіркеп Дауылбайұлы да дүние салады. Бүгінде талай жылдардан бері сақталып келе жатқан сарғайған суреттер тұл­ғаның туған жер төріндегі тарихи сәттерінен көрініс береді.

 

Жамбыл облысы

Суретте: Б.Момышұлы Жуалы оқырмандарының ортасында. Артында тұрған Е.Дауылбайұлы.