Кейін білдік, біздің марқасқа Мақұлбекіміз алты алаштың аузындағы Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Шерхан Мұртазаның кіндік кескен Жуалы жерінде дүниеге келген екен. Парасатты ойы бар, сабырлы, өткір сөзі бар. Ұқсап тұр.
Кеңес өкіметінің «кестесі» бойынша күллі студент ауылшаруашылық жұмысына жегілетін. Біздерді Алматы облысының Шелек ауданындағы «Қазақстан» жеміс-жидек совхозына апарып жүзім тергізді.
Бәріміз жүзімдікте табыстық. Таныстық. Байқаймын, шеттерінен арыны қатты өзендей. Аузын ашса жыр шумақтары төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр! Екі күннің бірінде жыр мүшәйрасы. Суырылып шығып өлең оқиды.Дүбірге қосылайын десем, поэзиядан жұрдаймын. Өлең жазбаймын. Көкшетаулық курстасымыз Мұхамедияның бір дәптер лирикасының ішінен көңіліме қонған бес-алты шумағын жаттап ортаға мен де шықтым.
– Мынау сенің өлеңің бе? – деді Мақұлбек.
– Жоқ, менікі емес.
– Енді кімдікі?
– Мұхамедияныкі.
– Өзі неге оқымайды?
– Оқи алмайды.
– Е, неге, мылқау ма?
– Жоқ. Ептеп кекештігі бар, ұялады.
– Біреудің байлығын арқалап бай болам деп жүрсің бе? – деп теріс айналды.
Сол сөзі шаншудай қадалды. Бірақ үндемедім, іштей ренжідім. Бір қарағанда оныкі де дұрыс.
– «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» сүйреп жүрсің бе әлі?! – деді бір күні. Тиісті. Сосын: «Әй, неге өзімдікін оқымаймын. Лирикам болмаса да сатирам бар ғой» деп тынышталдым. Бейімделдім. Дайындалдым. Қазір ойласам, Мақұлбек мені қайраған екен ғой...
Бірінші курста екеуміз грек-рим күресіне қатыстық. Денені қыздыру үшін жүргіреміз, иілеміз, бүгілеміз. Кірдің тасын көтереміз. Жалғыз штанга жалпымызға жете ме, бірімізді біріміз арқалап спорт залының ішінде жүгіреміз. Күндердің күнінде Қаратаудың тасындай қаңлының тұқымын маған арқалатып қойды. Әуелгіде:
– Ауыр ғой! – деп шегіншектеп ем, Жамбылдың тумасы Тоқтахан Абаев деген жаттықтырушымыз:
– Көтер! – деп бұйырды. Ағайдың айтқаны заң, амал жоқ арқаладым. Арқама мініп алғасын екі өкпемді тепкілеп:
– Оңға жүр, солға жүр, тоқта! – деп құлақ кесті құлындай әмірін жүргізді. Байқасам, баладай қылжақбас мінезі бар екен.
– Бала кезде есекті ерттемей мінуші ек. Есек айтқанды тыңдайтын. Сен не... есек құрлы жоқсың ба? – деді Мақұлбек көк желкемді шұқып. «Түс» десем, түспейді. Есектей тоңқып, етбетінен түсірдім. Одан кейін мінген жоқ. Қазір ойлаймын: «Сексен кілә пәлені көбірек тасығанымда бұдан да гөрі шымыр болар ма ем, қайтер ем?!» деймін. Айтты не, айтпады не студенттік шақтардың сағымға айналған сағынышты сәттері ғой бұл.
Үшінші курста бірге оқитын қызға үйленді. Арқаның аруы. Қарағандыдан. Дәметкен Ахметова. Пысық. Қайнап тұрған қыз. Орысша сөйлесе орыстардың аузын аштырмайды. Неміс тіліне де жетік. Дәметкеннің немісшесі біздің орысшамыздай. Мақұлбек ол қызды қашан айналдырды, қашан махаббат құрды – ешкім білмейтін. Бір-ақ күнде жария етті. Содан боз кілемдегі күресті тастады да, біржола Дәметкен жеңгейімізбен «күресіп» кетті. Мақұлбек пен Дәметкеннің қосылғаны жан досымыз Нұрмахан Өзбеков екеумізге жақсы болды. Футбол, хоккей болатын күндері жалдамалы пәтеріне барып жалға алған теледидарынан сол ойындарды тамашалаймыз. Мақаңның туған күніне Нұрмахан екеуміз екі жыл қатарынан ЦК-ның маңайындағы әдемі гүлдердің бір шоғырын жұлып әкеп, сыйлаған күндер естен шыға ма?!
Адамның ғұмыры да төрт маусымнан тұратын бір тынық табиғат сияқты ғой. Жастық шақ – көктем, бүкіл бітім-болмысың бүршік жарып, көктей бастайсың. Үй болып, үйленгесін жаз секілді жадырайсың, жапырағың жайылып, діңгектен өскен бұтағың көбейеді. Ұлың ұяға, қызың қияға самғап, немере сүйген жылдарың жапырағы сарғайса да жемісін төккен алтын күзден аумайды-ау! Бірте-бірте қыс келеді. Ол маусым – қар жамылған қара ағаш сияқты. Қалтырап тұрасың. Пайғамбар жасы – алтын күз.
Әрі қарай 80, 90, 100... Қыстың да қызығы бөлек. Шөбере – шөпшек сүйесің. Шөпшектерің «Ата!» деп мойныңа асылғанда, сірескен сүңгің еріп, тамшы тырс-тырс тамады. Ол да ғажап тылсым дүние ғой.
Сәл шегініс жасайық. Алғашқы курстың соңына таман әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов пен Виктор Пұсырманов факультеттерді аралап жүріп, біздің арамыздан түйедей-түйедей төрт жігітті іріктеп, «Қыз Жібек» фильміне түсу үшін аттай қалап алып кетті. Соның бірі – Мақұлбек. Жауынгердің рөлінде ойнайды. Алажаздай Күрті өзенінің бойындағы Тасқотанда Нұрғиса Тілендиев, Асқар Сүлейменов сияқты біртуар азаматтармен және Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков секілді актер ағаларымен араласып, әңгімелерін құлағына құйып, есейіп оралды. Дүниетанымы, түсінік-түйсігі, тіршілікті қабылдауы мүлде бөлек. Байпағын сүйреткен бала Мақұлбек емес, басқа Мақұлбек. Байыпты Мақұлбек.
Екінші курстің соңында балалар мен жасөспірімдер театрының сол кездегі бас режиссері Виктор Пұсырманов арнайы іздеп кеп, Мақұлбекке «құда» түсті.
– Мына оқуды таста. Біздің жастар театрына кел, үлкен рөл берем. Сен табиғи әртіссің! – деді. Ол:
– Ойланайын! – деді. Режиссер:
– Ойланба! Сен әйгілі киноактер Ватоевқа ұқсайсың. Сәл-пәл жетілсең Рүстемнің рөлін ойнаған Ватоевың далада қалады. Әуелі сахнаға шық. Шеберлігіңді шыңда. Бірте-бірте киноға түсесің. Біздің «Қазақфильм» былай тұрсын, сені «Мосфильм», «Ленфильм» шақырады! – деп қызықтырып, бір жылдай айналдырғаны бар. Көнбегесін:
– Кейін өкінесің. Айтпады деме, өкінесің. Өзің біл, Тарзан! – деді режиссер өкпе-назын байқатып.
«Тарзан деген кім?» дейсіз бе? Мақұлбек қой. Диплом алғанша оны үш түрлі айтатынбыз. Азан шақырып қойған аты Мақұлбек. Жеңгеміз – Мәулен дейді. Біздер «Тарзан» деп кеттік. Оның да себебі бар. «Қыз Жібек» киносына түсіп жүргенде өзен бойындағы биік ағаштың басына шығуды әдетке айналдырса керек. Шіркін, жастықтың жалыны-ай! Қой десе де қоймайды. Бір күні ағаштың түбінде дастарқан жайып дамылдап отырған актерлар Мақұлбекті жоғалтып алады. Әрі іздейді – жоқ, бері іздейді – жоқ. Сөйтсе бәйтеректің ұшар басына шығып алыпты.
– Әй, құлап өлесің ғой, мұның не? Түс!- десе:
– Я – Тарзан! – дейді екен шыңғырып. Сол дәуірдегі Американың «Тарзан» киносына еліктегені шығар.
Кім біледі, сол Тарзанымыз режиссердің сөзіне ергенде, ағаштан – ағашқа секірген «Тарзан» секілді әлемге әйгілі актер болар ма еді? Құлап қалуы да мүмкін ғой, ә? Мертіксе ше? Құдай сақтасын! Онда Дәметкен жеңгем кімнің түтінін түтетер еді? Жезқазқазған облыстық газетіне 20 жыл бойы кім қалам тербер еді? «Халық кеңесінің», ел газеті «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері кім болар еді?.. Қазақстан Жазушылар одағының бір мүшесі кем болар еді-ау!. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы» деген тарихи-танымдық кітаптарды кім жазар еді? Бәрінен де бұрын Ботакөз, Нұрбек, Нұрқуат деген ұл-қыздары мен немерелері бар. Біріне – әке, біріне – Ата! Шүкір, шүкір!
Жетпістен асқан шағында қара жердің қойнына кірген қайран досым-ай!
Артыңда алтындай ұл-қыздарың мен несібесі мол немерелерің, сосын том-том тозбайтын мұраң қалды. Жалған өмірдің жарнамасындай галстугің ілулі тұр. Басынан асырып байлай қоятын мойын қайда? Жатқан жерің жәннат болсын!
Көпен ӘМІРБЕК