Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2019

Оңдасын Оразалин: Жастар мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс

180 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен  әкімдік  жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Кеңес мүшелері, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының басшылары, жастар ұйымдары мен еріктілер топтарының өкілдері қатысқан жиында  өңірдегі жастардың жұмыспен қамтылуы, оларға  әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері қаралып, «Жастар жылы» қорытындыланды.

Оңдасын Оразалин: Жастар мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс

«Қазіргі жастар – Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен алғашқы ұрпақ, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер кезінде есейген жас буын. Сондықтан да жастардың қоғамдық өмірге барынша кірісуі үшін жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр»,-деді аймақ басшысы.

Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Сейіткерім Арапбаевтың айтуынша  облыста әскери тізімде 38 мың азамат тіркелген. Оның 18 мыңы әскерге баруға жатады, ал 20 мыңның қатарында түрлі себептерге байланысты әскерге баратындар қатарына жатпайды. Өңірден жылына 2000 азамат әскери борышын өтеуге жіберіледі. Сондай-ақ Сейіткерім Арапбаев 18-27 жас аралығындағы жастар отбасылық жағдайын, несиелік берешектері барын айтып әскерге бармауды сұранатындықтарын айтты. Облыс басшысы бұл жағдайды әлеуметтік проблема ретінде қарап, осы мәселеге тиісті талдау жүргізу қажеттігін тапсырды. Патриотизмді қалыптастыру және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселесі әрқашан маңызды екенін айтқан білім басқармасының  басшысы Ләззат Оразбаева бұл бағыттағы жұмыстар  барлық білім беру ұйымдарында  іске асырылып отырғандығын жеткізді. Облыста әскери-патриоттық клубтар саны 387-ні құраса, онда 15 274 бала қамтылған. 356-ы жалпы білім беру, 31-і техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында құрылған. 2019 жылдың  1 желтоқсанына  дейін 29 жасқа  дейінгі 17682 жас жұмысқа тұрған. Бос жұмыс орындарына орналасқан жастардың саны 9895-ті құрайды. Жастар тәжірибесіне 3261 адам жолданып, әлеуметтік жұмыс орындарына 527 жас түлек орналастырылған. «Жас кәсіпкер»  жобасы бойынша 1120 адам оқытылып, 314-не грант, 2 адамға несие берілген.

Өз ісін ашу үшін 224 жас шағын несие алған. Бүгінгі күні аймақта 823-тен астам бос жұмыс орындарының бары жөнінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а. Бибігүл Бисенғалиева мәлімдеді.

«Басты мақсатымыз ол - жастардың жұмыссыз жүрмеуін қамтамасыз ету, олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықты сезінуі тиіс. Егер жұмыс табылмаған жағдайда кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу. Үкімет осы бағытта түрлі бағдарламалар енгізіп, қаулылар қабылдауда»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов биылғы жыл ақтөбелік жастар үшін өте сәтті өткендігін айтып өтті. 2019 жылы жастар саясатын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 337 млн 154 мың теңге бөлінген. 2019-2020 оқу жылына жергілікті бюджеттен жастарға 100 грант және Республикалық бюджет есебінен көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 180 білім беру гранты бөлінген. Сондай-ақ, оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан 177 студентке облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қаулысымен  80-160 мың теңге көлемінде бір реттік стипендия берілген. «Жастар» жылына орай оларды баспанамен қамту мақсатында «Жастарға қолжетімді 150 пәтер» бағдарламасы жүзеге асырылып,100 жас маманға, жас отбасыларға «Нұр Сити» шағын ауданынан 1 бөлмелі пәтерлердің кілті табысталды. Сондай-ақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 14 млн теңге көлемінде алғашқы жарна төлеу арқылы салған 29 жасқа дейінгі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жастарға 45 пәтер берілген.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі  жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысына қала, аудан әкімдерімен, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық, мәдениет басқармалары мен экология, полиция департаменттерімен бірлесіп «2020 жыл – Еріктілер жылын» өңірде жоғары деңгейде өткізу үшін нақты жоспар құруды тапсырды.

Басқосу соңында жастар ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Облыс әкімі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлығы мен қолдауы үшін өңір басшысы Оңдасын Оразалинге алғыстарын жеткізді. Айтып өтейік,  Ақтөбе облысында 14-тен 29 жас аралығында 202 685 жас бар, бұл өңір халқының 23,3%-ын құрайды. Оның ішінде 111 909 қала жастары, 90 776 ауыл жастары.

 

Ақтөбе облысы