«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсарту және әл-ауқатын арттыру міндетін қойды. Оның шешімі “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының сапалы орындалуына да байланысты», — деді А. Мамин.
Бүгінде Ұлт жоспарының 100 қадамының 59 қадамы орындалып, бақылаудан алынды, 3 қадамы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр және оны Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия бақылайды.
Қалған 38 қадамның іске асырылу барысы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.
Әлем нарықтарына шығуды қамтамасыз ету, жекеменшік медицинаны дамыту және т. б. мақсаттарда туристік салаға стратегиялық инвесторларды тарту, жол-көлік инфрақұрылымын күтіп ұстау және дамыту үшін бір оператор тарту, өңдеу секторына ТҰК тарту бойынша қадамдарды іске асыру қарқынын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Үкімет басшысы Ұлт жоспарын толыққанды әрі сапалы іске асыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.