ЮНИСЕФ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 2019-2021 жылдарға арналған «Қазақстанда АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерді және олардың ата-аналарын психологиялық-әлеуметтік қолдау мен бейімделуін дамыту» бірлескен бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерді және олардың ата-аналарын, қамқоршыларын психо-әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша әлеуетін дамыту жұмыстары қолға алынған.
«Қазақстан денсаулық сақтау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Балалар денсаулығына байланысты да жетістіктер аз емес. Денсаулық – тек физикалық жағдай ғана емес, психикалық күйді де қамтиды. Гепатит, туберкулез, АИТВ және диабет сияқты созылмалы аурулар үлкендердің өзіне оңайға соқпайды. Ал мұндай дерттерге шалдыққан балалар ерекше қолдауға мұқтаж және бұл үшін кешенді түрде жұмыс істеу қажет. Біз осы бағыттағы жұмысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге жүзеге асырып жатқанымызға қуаныштымыз», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда АИТВ жұқтыру және анадан балаға инфекцияның берілуі төмендеген. Бүгінде АИТВ-нің оң мәртебесімен 531 бала мен жасөспірім тіркелген. «Қазақстанда АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерге ем қабылдау, қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы білімді жоғарылату және өмірлік дағдыларды дамыту өзекті мәселе болып қалуда. Сондықтан адамдар арасында АИТВ туралы алыпқашпа ақпаратты азайтып, қорқынышты сейілтуіміз керек», деді ЮНИСЕФ бағдарламасының денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев.
Сондай-ақ басқосуға Қарағанды медицина университеті, облыстық ЖИТС орталықтары, Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша оқу орындарының бағдарламаларына модульді енгізу жоспары әзірленді. Модуль дәрігерлерді, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді созылмалы аурулармен ауыратын балалармен және жасөспірімдермен сапалы жаңа деңгейде жұмыс істеуге даярлайды.
«Біз бұл модульдің АИТВ жұқтырған балалармен ғана емес, сонымен қатар басқа да созылмалы аурулармен жұмыс істеу сапасын жақсарту үшін медицина қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орнына дейін және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына енгіземіз деп үміттенеміз», деді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин.