Парламент • 23 Желтоқсан, 2019

Митинг өткізуге қатысты заң жобасы дайындалады

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Бекболат Тілеухан, Жамбыл Ахметбеков, Саясат Нұрбек Ұлттық кеңес отырысында талқыланған мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Митинг өткізуге қатысты заң жобасы дайындалады

Спикерлер Ұлттық кеңес отырысында Президенттің айрық­ша мән берген мәселелеріне тоқ­талып өтті. Бекболат Тілеухан Пре­зиденттің латын әліпбиіне өту тақырыбына баса назар аударғанын айтты. «Бұл мәселеде ешқашан асығуға болмайды» дегенін жет­кізді.  «Мемлекет басшысы ғалым­дардың пікіріне сүйеніп, сараптама жасау керектігін айтты», деді ол.

Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін реформалау керектігіне қатысты пікі­ріне тоқталып өтті. «Атап көр­сеткен тағы бір маңызды мәселе – қазақ тіліне реформа жасау. Бұл мәселе бойынша ғалымдар тарапынан екіұдай пікір қалыптасуы мүмкін. Мысалы, түрік тіліне реформа жасау арқылы жалпы тілдерді игеру жағын қарастырған. Шығармашылық тіл – бір басқа, күнделікті қолданатын ауызекі тіл – басқа. Тілді сақтау тек заңмен жүзеге асатын нәрсе емес қой. Мұ­ның маңыздылығын естіген бойда түсіне қоймауымыз мүмкін, бірақ түбегейлі бір қадам жасалатын болса, тілдің көкжиегі ашылады. Президентіміз айтқандай, бұл – жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Ғалымдардың еңбегі, қоғам тарапынан көмек, реформа қажет болып тұр. Бұл – ұлт тағдырына қатысты маңызды қадам», деді Бекболат Тілеухан.

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің мүшесі Жамбыл Ахмет­беков өз кезегінде: «Ұлттық кеңес оты­рысында үш жұмыс тобы құ­рылған болатын. Сол топтардың жұмыс қорытындысы халыққа ақпарат ретінде таратылды. Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақсаты мен кеңестің алғашқы отырысында айтылған мәселелердің шешілу барысы туралы баяндама оқыды. Қоғамның көңілінен шығып отырғаны өте көп, себебі айтылған мәселелердің шешімі табылып жатыр», деді.

Сонымен бірге ол саяси реформа мәселесіне тоқталып өтті. «Бұған дейін халық саяси реформа керек екенін айтып келе жатқанмен, ол билік тарапынан ешқандай шешімін тапқан жоқ. Енді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан кейін бұл мәселе шешімін табатындай көрінеді. Мысалы, Президент саяси реформа халықты дүрбелеңге әкелмейтін, біртіндеп жасалатын реформа екенін айтты», деп ойын білдірді.

Оған қоса митингінің қалай өтуі керектігі туралы жаңа заң қа­был­данатынын мәлімдеді. Ол мұның жай ғана адам құқығы емес, жауапкершілік екенін айта келе, «Жүргізуші», «Қатысушы» мәртебесі пайда болғанын хабарлады. «Енді митинг өткізер кезде бұрынғыдай рұқсат алу мәселесі емес, митингінің қайда өтетінін, қанша адам жиналатынын және қандай мәселе қаралатынын ескерту маңызды болмақ. Митингінің өтуі заңнамаға қайшы болмауы және қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек», деп түйіндеді Ж.Ахметбеков.

Өз кезегінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының білім мәселесіне қатысты айтқан ойлары төңірегінде пікірін ортаға салды.