Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2019

Бес мың орындық мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді

695 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алаштың рухани астанасы атанған Семей шаһарында Тәуелсіздік күніне орай ерекше ғимарат есігін айқара ашты. Ерекшелігі сол, заманауи үлгіде салынған көпсалалы мәдени-спорттық кешен бір мезетте 5000 адамды емін-еркін қабылдай алады.

Бес мың орындық мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді

Әлемдік талаптарға сәй­кес тұрғызылған нысан тиіс­ті жабдықтармен толық қамта­ма­сыз етілген. Ғимараттың қас­­бе­тінде көздің жауын алатын әсерлі бейнелік дисплей орна­тылған. Қаланың іргесінде жаңадан салынып жатқан Қа­рағайлы шағын ауданында бой көтерген кешенде бір мезетте 120 адамды қабылдай алатын олимпиадалық бассейн мен 55 адамға арналған сауықтыру бас­сейні, заманауи субұрқақ та бар.

Семейдің ажарына ажар қос­қан ғимараттың ашылу салтанатына  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов арнайы қатысып, өңірдің даму көрсеткіштеріне, атқа­рылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. «Осы даму қар­қынын одан әрі жалғастыра беріңіздер. Қасиетті Семей же­рінде, ұлы Абай туған топы­рақта осындай кешеннің ашылуы құптарлық дүние. Бұл – шы­ғысқазақстандықтарға жасалған үлкен тарту» деген Үкімет бас­шысының бірінші орынбасары еңбегімен еленген бірнеше шы­ғысқазақстандық азаматқа мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.

Облыс әкімі Даниал Ахме­товтің айтуынша, енді бұл нысанда қала тұрғындары спортпен ғана шұғылданбайды, халық­аралық деңгейдегі әр­түрлі мә­дени және спорттық ша­ралар­ды да қысылмай өт­кізуге болады.

Орайы келгенде айта кетейік, құрылысы екі жылға созылған спорттық нысанның жалпы аума­ғы – 33,8 мың шаршы метр, жобаның бас мердігері – «Фир­ма АЗИЯ» ЖШС, жобаның жалпы құны – 26 млрд теңге.

 

СЕМЕЙ