Қоғам • 24 Желтоқсан, 2019

Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы

1676 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында бізге «Дала фольклорының анто­логиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұра­герлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жи­нақталады. ...Ұлы даланың фольклоры мен әуен­дері заманауи цифрлы форматта «жаңа ты­ныс» алуға тиіс. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз»


Н.Назарбаев
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)

Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы

 

Ұлттың әдеби мұрасын зерттеумен айналысатын бас ғылыми орталық М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» он томдығының 5 томын, «Ұлы даланың көне сарындары» үш томдығының 1 томын және «Ұлы дала жауһарлары» бес томдық антологиясының алғашқы томын көпшілік қауымға таныстырды.

Сирек қорлардағы қолжазба мұралар­ды ғылыми айналымға енгізіп, әсіресе өс­келең ұрпаққа таныстыруды мақсат еткен инс­титут ғалымдарының бір жыл­­ға жуық жинақтаған осынау ең­бек­тері маз­мұндық тұрғыдан алғанда аса құн­ды. Институт директоры Кен­жехан Ма­тыжанов атап өт­кендей, осы жылы 5 то­мы жарық көрген «Дала фольклорының антологиясы» батырлар жыры, дастандар, ғашықтық және тарихи жырлармен ерекшеленеді. Жинаққа «Мәдени мұра» бағ­дарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзінің» 100 том­дық антологиясындағы ең таңдаулы жаз­балар іріктелген. Республика бойын­ша жинақтал­ған қолжазбалар мен тың де­рек­терді де осы жинақтан табуға бола­ды. Ғалымдар заманауи қо­ғам­ның цифр­лы сұранысын да басшылыққа алған. Ұлт­тық­ эпостың таңдаулы үлгілері алғаш ірік­теліп, түпнұсқасымен салыстырылып, текс­тологиялық зерттеуден өткен. Бірінші то­мына көне эпос және батырлар жыры енсе, екінші томында «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томында тарихи жырлар, төртінші томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дас­тандар қамтылған.

Кенжехан Ісләмжанұлы бү­гінде институтта 5 мыңнан астам папкіге жинақталған қолжазба деректер бар екендігін айтады. Әртүрлі кезеңді қамтитын дерек­тердің ішінде араб қарпі, латын, бертіндегі кириллицада жазылған қолжазбалар бар. Ан­тологияға «Қобыландының» 20-дан астам үлгісінен жырдың ең көркемі таңдап алынса, қол­жазба қорындағы 700 мың метр магниттік таспадағы әндер де іріктеліп, ән мақамдары қал­пына келтіріліп, цифрлы жүйе­ге көшірілген. Кеңестік кезеңде өзгеріске ұшыраған ха­лық ән­дерін түпнұсқа мәтінге кел­ті­ріп, жаңа нұсқасын ұсынуда ғалымдардың көп еңбектенгені белгілі. Ал бұрын-соңды жинақы, жүйелі түрде жарияланбаған «Ежелгі дәуір әдебиетіне» енген Финлян­дия, Моңғолиядан табылған жазба ес­керткіштерінің өзі күні бүгінге дейін әр­түрлі нұс­қада оқылып келген. Сирек қорлардағы қолжазба мұраларды сараптай келіп, мамандар халық әдебиетінің жанрлық түрлері бойынша ең таңдаулы үлгілерін жүйелеп, бүгінгі аудиторияға қолжетімді етіп ұсынып отыр.

«Ұлттық эпосқа арналған бұл том­дардың кітап түріндегі нұсқасы еліміздің қолжазба қорлары мен бұрын жарияланған жинақтардың, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қазақ диаспораларының материалдарын жете саралап, іріктеу негізінде дайындалды. Жырлар текстологиялық тұрғыдан қайыра салыстырылып, ғылыми сарапшылар арқылы іріктеліп, тілі көркем, сюжеттік құрылымы шымыр, мазмұны бай, жырлауға лайықты сарындарымен бірге таңдалды. Әрбір том түрлі-түсті суреттермен, ноталармен, иллюстрация­лармен, фо­толармен т.б. безендірілді, сондай-ақ эпостық жырлардағы басты қаһарман­ның суретшілер салған халыққа танымал бейнелері ұсынылды», дейді К.Матыжанов.

«Ұлы даланың көне сарындарына» да таң­даулы мәліметтер енген, дейді жоба жетекшісі, институттың музыкатану бөлімі­нің меңгерушісі, өнертану кандидаты Айнұр Қазтуғанова. Архив, қор материалдары негізінде жинақталған еңбекке 1935 жылдан бергі кезеңдегі аудиожазбалар арқау болған. Екі тараудан тұратын басылымның «Музыкалық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімдерге қатысты «Бақсы сарындары», ғұрыптық әндерге жататын «Жар-жар», «Сыңсу», «Көріс», «Беташар» сияқты үйлену ғұрыпының сарындары, азалау ғұрпына байланысты «Жоқтау», «Жұбату», «Дауыс», «Көңіл айту», «Көрісу» үлгілері мұрағат материалдарынан іріктеліп алынды, дейді ғалым. Жинаққа сонымен қатар 2012-2014 жылдардағы іссапар кезінде Қытай және Моңғолияны мекендеген қазақтардан жазылып алынған тұрмыстық әндер, балалар фольклоры «Бесік жыры», «Тұсау кесу жыры», «Жұмбақ өлең», кәсіптік өлең-жырлар «Төйгелеу», «Шөрелеу» үлгілерінің де сарындары енген.

Басылымның «Дәстүрлі ән өнері» бөліміне Арқа, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірі және Батыс Қазақстан аймақтық дәстүрлі мектептері бойынша халық әндері мен кәсіби әнші-композиторлардың туындылары топтастырылыпты. Дәстүрлі ән өнерінің өкілдері, қазақ музыка мәдениетінің классиктері Біржан сал, Ақан сері, Абай, Шәкәрім, Жаяу Мұса, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет, Мәди, Естай, Жамбыл, Кенен, Нартай, Тайжан, Бораш, Қайып және т.б. шығармашылығындағы таңдаулы әндермен қатар сақталуы мен насихатталуына үлес қосқан әншілердің репертуары сараланып, үш тілде 140-тан астам өмірбаян берілген. Таңдамалы 335 әннің ноталық жазбасы тұңғыш рет аудио нұсқасымен қоса қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ғылыми-танымдық түсініктемесімен бірге жарияланды. Осынау игі іске Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздары, сонымен қатар өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінің жыршы-орындаушылары қатысқан.

«Ұлы дала жауһарлары» сериясымен жарық көрген «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» мазмұнымен таныс­тырып өткен жоба жетекшісі Төрәлі Қыдыр басылымға сақ-ғұн заманындағы және Түркі қағанаты тұсындағы көне жәдігерлер, сонымен бірге ІХ-Х ғасыр­лардағы шығармалар берілгендігін атап өтті. Атап айтқанда, «Авеста», «Алтын жарық», «Абыздардың құлшылығы», «Майтри симит ном бітіг», сондай-ақ аса құнды әдеби жәдігерлерді дайындау барысында Күлтегін, Білге қаған туралы жырлар мен осы дәуірде жазылған «Бұғыты», «Онгин», «Тұй-ұқұқ», «Үккүлі (Күлі) шор» жазба ескерткіштерінің мәтіндері, Тоныкөк жырлары мен VІІІ ғасырдағы «Мойын шор», «Теркін-тариат», «Суджі» әдеби жәдігерлері және «Ырық бітік» түс көру мен түс жору көне жазба ескерткіштеріне тілдік, тарихи, этнографиялық талдау арқылы жаңаша мәтіннамалық тұжырымдар жасалды, дейді ғалым. Сондай-ақ Енисей өлкесінен табылған көне дәуір куәлары – VІІ-VІІІ ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері – «Хемчик-чыргакы», «Бай-булун», «Уюк-туран», «Чаа-холь», «Означенная» жазба жәдігерлері, Талас руна жазба ескерткіштері және Қазақстанда табылған «Есік жазуы», «Күлтөбе жазуы» жазба ескерткіштері, «Ертіс» жазба ескерткіштері, «Жетісу» жазба ескерткіштері, «Әулиеата» жазба ескерткіштері, «Ақтөбе-Баласағұн» жазулары, «Сырдария» жазба ескерткіші алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып берілген.

«Антологияның алғашқы томына түр­кі тілдес халықтарға ортақ көне жазба ес­керткіштердің бірі – «Оғыз-нама» әдеби жә­дігерінің түпнұсқаға жақын жасалған қазақша ғылыми аудармасы енсе, көне түркі-соғды әрпімен жазылған манихейлік дұға – «Хуастуанифт» жазба ескерткіші түп­нұсқадан қазақ тіліне аударылған. ІХ-Х ғасырларда туып, ХV ғасырда хат­қа түскен көне оғыз-қыпшақ мәдени ескерт­кіші – «Қорқыт ата кітабы», Алтын Орда дәуі­рінде қыпшақ тілінде жазылған көне жазба ескерткіші – «Кодекс куманикус» сөз­дігінде жарияланған жұмбақтар алғаш рет­ тұтас күйінде топтастырылып отыр. ХVІ ғасырдағы армян жазулы қыпшақ жазба ескерткіші – «Дана Хикар хикая­сы» кітабы да енгізілді», дейді Төрәлі Еділбайұлы.

Ұлт руханияты үшін аса құнды басы­лымдардың әр томы қыс­қаша аңдат­па­мен басталып, түсініктемелер, орыс, ағылшын тілдеріндегі түйін сөздермен толықтырылған. Этнографиялық сөздік түрлі-түсті безендірілген суреттерімен ерекшеленеді. Он мың данамен жарық көрген басылымдар электронды форматқа көшіруге қойлайлы әрі QR коды көрсетіліп, CD диск түрінде де берілген.

АЛМАТЫ