Экономика • 24 Желтоқсан, 2019

«ҚазМұнайГаздың» 2019 жылдағы 10 оқиғасы

176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«ҚазМұнайГаздың» 2019 жылдағы 10 оқиғасы

Қуаты артты

Қызылорда облысы Қазалы ауданының Ақсуат кентінің маңында «Қорқыт ата» ком­прес­сорлық стансасы іске қосыл­ғаннан кейін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры толық жобалық қуатына шықты. Нәтижесінде, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд текше метрден 15 млрд текше метрге жеткізу жөніндегі ең ірі инвестициялық жоба тәмамдалды. Айтпақшы, газдың 5 млрд текше метрі елі­міздің оңтүстік аймақ­тарын­дағы көгілдір отынға сұра­ныс­ты толығымен өтейді. Ал қал­ғаны Қытайға экспортқа жөнелтілетін болады.

 Меншік иесі ауысты

Ақпан айында «ҚазМұнайГаз» атауымен жұмыс істейтін жанармай құю стан­салар желісін 60,5 млрд теңгеге сату жөніндегі мәмі­ле аяқталды. Сәуірдің 1-ші кү­нінен бастап ЖМҚС желісі «Petro-retail» ЖШС компа­ния­сының меншігіне өтті. Ж­МҚС желісін сату ҚМГ стратегиясына және Үкіметтің эко­номикадағы мемлекет үлесін азайту жөніндегі жос­парларына сәйкес келеді.

 Еншілес ұйым қор нарығынан кетті

Ақпанда ҚМГ еншілес ұйы­мы – «ҚазМұнайГаз» Бар­лау Өндіру» АҚ артықшы­лықты акцияларды кері сатып алу бағдарламасын аяқ­та­ды. Жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге артықшылық­ты акция­лардың 65%-ы сатып алынды. 2019 жылдың 14 мамырынан бастап ҚМГ БӨ акциялары биржада сатылмайтын болды.

 Тұрақты және позитивті

Наурыз айында Fitch ха­лықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингісін «ВВВ-/Болжам тұрақты» деңгейін­де рас­тады. Сонымен қатар агенттік жеке рей­тингтің (stand-alone credit profile) «b»-дан «bb» дейін жоғарылауын атап өтті.

Тамыз айында Moody’s халықаралық рейтинг агент­тігі ҚМГ-ның Қазақстан Үкі­метінің қолдауынсыз дербес негіздегі кредит төлеу қабілеті рейтингісін «Ва3»-тен «Ва2»-ге дейін жоғарылатты. ҚМГ-ның ұзақ мерзімді рейтингісі­нің болжамы «тұрақтыдан» «позитивтіге» қайта қаралып, «Bаа3» деңгейінде расталды.

 Жер астынан шыққан бұрқақ

Наурыз айында «Маңғыс­таумұнайгаз» АҚ-қа қарасты Қаламқас кен орнында күрделі учаскеде ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су аралас бұрқақ пайда болды. Кейіннен газ-су қоспасының ошағы жана бастады.

Апат орын алған сәттен бастап мамандар күрде­лен­дірілген бұрғылау ерітін­дісімен ұңғыманы жуу жөнін­дегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөн­деу-оқшаулау жұмыстарын жүргізді. Өртті ауыздықтау­ға 80-нен ас­там маман мен техниканың 25 бірлігі жұ­мылдырылды. Апат салдары жойылып, ұңғыма жабылды. Құрбан болған мен зардап шеккендер жоқ.

 «Түркістан» Бакуге аттанды

Сәуір айында Ақтау теңіз портында Транскаспий халық­аралық көлік бағыты бойынша фидерлік кеме қатынасы ашылды. Баку портына контейнерлер тиелген алғашқы қазақстандық «Түркістан» фидерлік кемесі жөнелтілді. Жобаның теңіз операторы – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК.

Фидерлік кемелер апта сайын жүріп тұрады. Қазақстан аумағы арқылы өте­тін тран­зиттік тасымалдаулар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтағы құр­ғақ портының Алтынкөл шекаралық стансасынан Ақтау теңіз портына дейін жеткізіліп, әрі қарай Батысқа жөнелтіледі.

«Сарыарқа» тынысы

Қазан айында «Сарыарқа» газ құ­бы­рының желілік бөлі­гінің құрылысы аяқ­талды. Оның жалпы ұзындығы 1061,3 шақырым. Газ құбыры не­бәрі 8 ай ішінде салынды. Құ­бырларды жалғау жыл­дам­дығы тәулігіне 6-8 шақы­рымды құрады. «Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда – Жез­қазған – Қарағанды – Темір­тау – Нұр-Сұлтан қала­ларын тоғыстырды. Құрылыс жұмыстарына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Құрылыс кезінде өндірістік жарақат алудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеді.

Жобаның жалпы сомасы – 267,3 млрд теңге.

Газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін 2 миллионға жуық қазақстандық табиғи көгілдір отынға қол жеткізе алады.

Экспорттың жаңа бағыттары

Қарашада Атырау мұнай өңдеу зауы­ты Аи-92 маркалы бензиннің бірін­ші партиясын Еуропаға жөнелтті. Экс­порт­тың көлемі – 1 827 тонна. Ол жанармайды өндіру көлемінің ұлғаюы мен мұнай өнімдері сапасының жақсаруы нәтижесінде мүмкін болды.

Бұған қоса, қараша айында «CASPI BITUM» БК ЖШС Өзбекстанға шамамен 10 000 тонна битум экспорттады. Ішкі нарық битуммен толықтай қам­тамасыз етілгеннен кейін өнім экспортқа шығарыла бастады. Экспорт тұрақты негізде жүзеге асырылады деген жоспар бар.

 Қарызды қайтару парыз

Қараша айында ҚМГ Vitol халық­аралық трейдинг компаниясы мен халықаралық банктер синдикатынан аванс алу есебінен «Теңізшевройл» ЖШС-нен мұнайды жеткізу жөніндегі келі­сімшарттық міндеттемелерін мер­зімінен бұрын өтеді.

Аталған міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеу ҚМГ ком­паниялар тобының қаржы­лық жағдайын жақсарту, қа­рыз­дарын басқару және ақша ағындарын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде мүмкін болды. 

Аванс толық өтелгеннен кейін мәмі­ленің барлық тараптары арасындағы мұнай­ды жеткізу жөніндегі келісім­шарт­тар күші олардың әрекет ету мерзім­деріне дейін (2021 жыл­дың бірінші жарты­жыл­дығы) сақталатын болады.

 Бір жыл – 10 әріптес

Биыл ҚМГ мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбас­шылармен ынтымақ­тастық туралы меморандумдарға, бір­лескен қызмет жөніндегі келісімдерге, көмірсутек шикізатын барлау мен игеру туралы келісімшарттарға қол қойды. Атап айтқанда, Әзер­байжанның «Socar», Ұлыбри­танияның «BP», Италия­ның «ENI», Францияның «Total», Ресейдің «ЛУКОЙЛ» және «Тат­нефть», Нор­вегияның «Equi­nor», Гер­ма­­ния­ның «Linde AG» сияқты алпауыт ком­паниялары­мен сондай-ақ биыл Энер­гетика және Экология министр­ліктерімен келісім жасалды.