Экспедиция барысында әлемге әйгілі «National Geographic Qazaqstan» журналының өкілдері осы жылғы қыркүйектің 2-12 аралығында Жайықтың Батыс Қазақстан облысы шекарасынан бастап, Атырау облысы аумағындағы Каспий теңізіне құятын тұсына дейінгі бөлігін сүзіп шыққан еді. Олар 2 мыңға жуық шақырымды жүріп өтіп, бес мыңға жуық фотосуретті таспаға тартып алған болатын.
Экспедицияның мақсаты – ең алдымен, журнал бетінде Батыс өңіріміздің ең басты су күретамыры – Жайық өзенінің бүгінгі аянышты ахуалын көрсету арқылы қоғамда сілкініс туғызу, уақыт күттірмей, тез шешуді талап ететін күрделі мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметіне жеткізу еді.
«КҚК өзінің негізгі жұмысынан бөлек, аймақтағы экологиялық проблемаларға да ден қойып келеді. Осы бағытта 2001 жылдан бері 9 млрд теңге бөлген. Рас, Жайыққа қатысты соңғы жылдарда орын алған проблемалар адам шошырлық жағдайға жеткен. Бұл мәселені екі елдің атқарушы органдары талқылап жатыр», деді «Каспий Құбыр Консорциуымы» АҚ-ның атқарушы директоры Меллят Карабалин.
Экспедиция барысында өзеннің тереңдігі өлшенді, суы мен топырағынан сынамалар алынды, флора мен фаунаға мониторингтік зерттеулер жасалды, өзеннің оң және сол жағалауларын мекендейтін тұрғындармен кездесулер өткізіліп, жергілікті көнекөз қариялардың пікірлері ескерілді.