Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2019

Алматыны ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтуда қандай жетістіктер бар?

1091 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамытуға бағытталған кеңесте шаһардың әлеуметтік-экономикалық табыстары ең әуелі қаладағы инфрақұрылымдық қызмет сапасын жақсартудан басталатынын айтып, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы ретте күн санап аумағы артып келе жатқан мегаполистің ауызсу мәселесі мен кәріз жүйесінде қандай жетістіктер мен тұралап тұрған тұстар бар?

Алматыны ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтуда қандай жетістіктер бар?

Соңғы жылдары қаладағы өндірістік және технологиялық үдерістер заманға сай жаңарып келеді. Қолға алынған тың бастамалар кәсіпорындарға ғана емес, ең әуелі тұрғындар үшін тиімді. Бұл бағытта жүзеге асқан «Санды водоканал» жүйесі саладағы бірқатар қызмет көрсету жұмыстарын едәуір жеңілдетіп отыр. Мәселен, «Алматы Су» мекемесі қала әкімдігінің  қолдауымен «Сумен жабдықтаудың жиынтық баланс жүйесі», «Сорғы станция­ларының технологиялық процестерін автоматтандыру және диспетчерлеу», «Су есептейтін жалпыүйлік ақылды аспап­тарды орнату» секілді үш бірдей жобаны қолданысқа енгізген. Жүргізілген зерттеу нәтижесі аталған жоба су шығыны мен апатты жағдайлардың санын азайтуға айтарлықтай  оң септігін тигізгенін көрсеткен. Сондай-ақ бұл жұмыстар құбырлардың тозу деңгейін төмендететіні анықталған.

Жасыратыны жоқ, сала мамандары қаладағы құбырлардың 60 пайыздан астамын айырбастау қажеттігін айтып жүр. Тозығы жеткен құбырлар тұрғындардың өміріне қауіпті. Апатты жағдайлардың алдын-алу мақсатында кәсіпорын жылына шамамен 20 шақырым құбырды жөндеуден өткізеді.

Алматылықтарға ұсынылатын судың 30 пайызы тау өзендерінен, ал қалған 70 пайызы су тереңдігі 150 метрден 500 метрге дейінгі ұңғымалардан алынады. Тау суы күрделі тазалау кезеңінен өтеді. Су тұндырылып, сүзудің бірнеше сатысынан өтіп, одан әрі ол натрий гипохлоритімен, яғни қарапайым тұзбен зарарсыздан­дырылады. Химиялық құрамы бойынша Алматы қаласының ауызсуында адам ағзасына өте қажетті табиғи микро­элементтер жетерлік. Тиісінше ағзаға кері әсер ететін ауыр металдар, фенолдар және мұнай өнімдері жоқ.        

– Алматы қаласындағы судың сапасы кепілдендірілген. Бір сөзбен айтқанда, су бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз. Аттестациядан өткен өндірістік зертхана су сапасына тәулік бойы бақылау жүргізіп отырады. Алдымызға қойған басты мақсатымыз – халықты үздіксіз, сапалы ауызсумен, кәріз  жүйесі қызметімен қамтамасыз ету. Республика аумағындағы қалалардың ішінде ең төмен тарифтердің бірі біздің Алматы қаласында. Осы жылы техникалық шығынды оңтайландырып, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізудің арқасында тарифті 10 пайызға қысқарту мүмкін болды. Бірнеше тазарту сатысынан өткен 1000 литр сапалы ауызсудың бағасы 50 теңге тұрады, ал кәріз қызметі 25 теңгені құрайды. Соңғы жылдары қалалық бюджеттен 400 шақырымға жуық су құбыры салынды. «Қалқаман», «Достық», «Алты Алаш» секілді ықшамаудандарда суық су мәселелері толығымен шешілуде. Сондай-ақ «Ұлжан», «Таугүл», «Шаңырақ» ықшамаудан­дарында суық суға қосылу жұмыстары шешімін тапты. Биыл «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Құрылысшы», сонымен қатар, Алатау ауданындағы біршама ықшамаудан тұрғындары да сапалы суық суға қол жеткізеді. Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында да инженерлік желілер жүргізілуде. Қала әкімінің жеке қолдауымен, осы жылы Наурызбай ауданының 4 ықшамауданында ин­женерлік желілерді жүргізу жұмыстары басталды. Орта­лықтанды­рылған желілер дегеніміз – ең бастысы қолай­лылық пен сапа белгісі. Белсенді жұмыстардың нәтижесінде 70 мыңға жуық тұрғын сапалы суық суға қол жеткізеді, – дейді «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының баспасөз қызметі.  

Шаһарда суды заңсыз қосып алатындар мен құдықшалардың қақпағын қолды ету фактілері тыйылмай тұр. Кәріз жүйесінің шойын қақпақтарын ұрлау мәселесі жалпы қала үшін үлкен проблема деуге болады. Себебі темір қақпақтардың ұрлануы  жол апаты мен жазатайым оқиғаларды жиілетеді. Бұл жайтты нысанға алған мамандар техникалық мүмкіндігі бар аумақтарға композициялық материалдардан жасалған люк қақпақтарын орната бастаған. Қауіпсіздік мақсатында Еліміз бойынша алғашқы болып, тұрғын үй аулалары мен тротуарларға тор түріндегі қосымша қақпақтар да қойылуда.

Қазіргі таңда қала аумағын тұтастай дерлік ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтып отырған мекеме «Цифрлы  су арнасы» бағытын іске қосқан. Осының негізінде нысандар мен желілердің электронды картасы құрылып, барлық қызметкер  осы бірыңғай желіге қосылған. Олар нақты уақыт режимінде әр құбыр учаскесіне, әрбір нысанға сипаттама бере алады. Желінің қалай орналасқандығы, онда қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі, қандай жөндеулер қажет екендігі тұтастай электрондық картада көрсетілген. Яғни онда тек құбырлар ғана емес, оның толық сипаттамалары да қоса берілген. Сонымен қатар, ақпараттар да күн сайын жаңартылып, толықтырылып отырады.

Мемлекет басшысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деп атап өткен болатын. Осы бағыт бойынша «Алматы су» мекемесі тарапынан арнайы кабинет бөлініп, қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді. Сонымен қатар, тұтынушылардың ыңғайлылығы үшін мекемеде қаланың 4 ауданында тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бұл ретте іргелі ұжым эксперимент ретінде  жылу желілеріндегі серіктестерімен бірлесе отырып өздерінің кейбір абоненттік бөлімдерінде тұтынушыларға суық және ыстық су, жылыту және кәріз бойынша бірден 4 қызмет түрін  ұсына бастаған.

Тұрғындарға жедел қызмет көрсету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызмет, көп арналы колл-орталықтар жұмыс істейді.

Тұтынушыларда уақытша қаржылай қиындықтар болып, олар белгілі бір мерзімге кепілдік хат жазған жағдайда, оларды қызмет көрсетуден ажыратпай, барынша жеңілдік жасау қарыстырылып отыр. Ал, әдейі төлемеушілерге,  сотқа беру,  кәрізді бұғаттау және орталық судан ажырату секілді қатаң шаралар қолданылады.

Бұл ретте коммуналдық барлық төлемдерге қарағанда суық су мен кәріз жүйесінің қарыздық үлесі төлемнің жалпы сомасының 4-5 пайызынан аспайтынына да назар аудару қажет.