«Өндіріс» елді-мекенінің тұрғындары жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Елорда әкімі Алтай Көлгінов бұл елді-мекенде мектептің құрылысын 2021 жылы бастау жоспарлап отырғанын айтты.
«Біз жиналып отырған білім беру нысаны А. Құнанбаев атындағы №87 мектеп. Мектеп осы оқу жылының басында ашылды. Оқу орны 900 орынға есептелген. Мектеп №5 және №16 мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселесін шешуге мүмкіндік берді. 2020 жылы Байқоңыр ауданының С. Сейфуллин – Сырдария көшесінде бір мектеп және мектептердің аумағында 3 жаңа корпус салу жоспарланып отыр. Қалада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Оқу орындарының құрылысына жеке инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз», деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Байқоңыр ауданында барлығы 43 білім беру нысаны бар, оның ішінде: 2 жоғары оқу орны, 8 колледж, 19 мемлекеттік мектеп және 14 балабақша.
Тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігіне заң аясында түсініктеме берілсе, қалғандары жұмысқа алынды. Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті. Осындай ашық форматтағы халықпен кездесулер жүйелі түрде өткізілетін болады.