Астанада теннистен ерлер және әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы турнир аяқталды.
Бұл бәсекеде біздің спортшыларымыздың ішінен тек Михаил Кукушкин ғана финалға шығып, бас жүлде үшін израильдік Дуди Селамен күш сынасты. Басқалары турнир кезінде бірінен соң бірі ұтылып қалды. Ал Кукушкин ақтық сында жарақатына қарамай, лайықты деңгейде өнер көрсетті. Ол бірінші сетте қарсыласын 7:5 есебімен жеңіп, келесі сетте 2:6 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Кездесудің үшінші сеті Кукушкин үшін өте ауыр тиді. Ол бұрыннан бері өзін мазалап жүрген арқадағы жарақатын көрсету үшін дәрігердің көмегіне жүгінді. Медициналық көмек бергеннен кейін Кукушкин қайта күш жинап, өзіне келгенімен, кездесудің соңына қарай тізгінді қолдан шығарып алды. Сөйтіп, есеп 7:6 болып Селаның пайдасына шешілді.
Әйелдер жарысында украиналық Надя Кичено португалиялық Мария Жоао Кохлерді екі сетте 6:4 және 7:5 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Жұптасып кездесуде ерлер арасында итальяндар Риккардо Гедин мен Клаудио Грасси біздің Михаил Кукушкин мен Андрей Голубевтен 6:3, 3:6, 10:8 есебімен басым түсті. Әйелдер арасында апалы-сіңлілі украиналықтар Надя және Людмила Киченолар ресейлік дуэт Нина Братчикова мен Валерия Соловьеваны екі сетте 6:2,6:2 есебімен ұтты.