Руханият • 25 Желтоқсан, 2019

Бексұлтанның әні қалықтаған күн болды

702 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың ән өнерін байытқан композитор Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 70 жыл. Өзінің туып-өскен Жаңақорғанынан табан аудармаған өнер иесі шығармашылықты дамытудың мүмкіндігі мол мегаполистен шалғайда жүріп-ақ тыңдағанның жанын тербетер тамаша туындылар жазды.

Бексұлтанның әні қалықтаған күн болды

Осы жылдың қыркүйегінен бері аймақтың түкпір-түкпірінде Бексұлтан Байкенжеев шығармашылығына арналған кештер өтті. Соларды қорытындылаған шара – республикалық «Сырдария» әншілер конкурсы жуырда Жаңақорған кентінде ұйымдастырылды. Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шара алдында жиналғандар композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына құрмет танытты.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған байқауда еліміздің әр түкпірінен жиналған 15 әнші бақ сынады.  Елін әнмен әлдилеген дарынның рухын ұлықтауға арналған кешті аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі.   

Байқаудың шарты бойынша өнерпаздар әуелі Бексұлтан Байкенжеевтің туындысын, сосын халық әнін орындауы тиіс болды.    

Белгілі әнші, Бексұлтанның шәкірті Дүйсенхан Сыздықов бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен Мирас Ажиков (Батыс Қазақстан), Әльфараби Бекарысұлы (Шиелі), Әділхан Мақсатбаев (Қазалы), Ербол Райсов (Шиелі), Салжекен Бақытбек (Қазалы), Жандос Сансызбаев (Қызылорда), Жұлдыз Шүкірбаева (Шымкент) және Бағлан Шубаевқа (Жамбыл облысы) ынталандыру сыйлығы берілді. Үшінші орын жүлдесі Мұхтар Байжанов (Арал), Айбол Әбдірасыл (Қызылорда) және Айбек Шүкіровке (Қызылорда) бұйырды. Шараға Маңғыстау облысынан келіп қатысқан Марат Сафаров пен қызылордалық Ислам Нағызхан екінші орынға лайықты болды. Бірінші орынды Түркістан облысынан келген Асылбек Бейісов алса, бас жүлде иегері Алматы облысының өкілі Исахан Сүлейменовке бұйырды.

Кеште белгілі әншілер Жеңіс Ысқақова, Дүйсенхан Сыздықов, Сауран Елеуов, Ақмарал Ноғайбаева мен жергілікті өнерпаздар композитор туындыларын орындап, өнер иесінің ел руханиятындағы өрнекті жолы өшпейтіндігін көрсетті.

2