Кеше Қорғаныс министрлігі қару-жарақпен қамту басқармасының бастығы болған генерал Алмас Әсенов 11 жылға сотталды. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының шешімімен ол жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды.
Биылғы қаңтар айында құқық қорғау қызметкерлері А. Әсеновті 200 мың доллар пара алып жатқан жерінен қолға түсірген болатын. Ол параны әскери техникаларды жөндегені туралы «Укрспецэкспорт» компаниясы қызметкерлеріне жалған құжат ресімдеп бергені үшін алған көрінеді. Әскери соттың шешімімен А. Әсеновке пара берген Украина азаматтары Александр Школяренко мен Александр Хрулев кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленді.
Әскери техниканы жөндеу келісіміне байланысты жасалған құжаттар тізімінде былтыр Шымкент маңында апатқа ұшыраған АН-72 ұшағы да бар болып шықты.
Данияр ТҮЙМЕБАЙ.