Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2019

Әулиеатада «Әуендер әлемі» алаңы ашылды

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай, бүгін Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің маңынан «Әуендер әлемі» атты алаңның ашылу салтанаты өтті. Аталған аймақ осы уақытқа дейін қараусыз жатқан болатын. Бүгінде бұл аумақ қайта жаңғыртылып, 700 шаршы метрден асатын алаңға айналды.

Әулиеатада «Әуендер әлемі» алаңы ашылды

Аталған нысанның ашылу салтанатында Қазақстанның және Қырғызстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев сөз сөйлеп, жамбылдықтарды бүгінгі мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, кейінгі кезде Жамбыл облысының жаңа арнаға түскенін, мұнда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстардың бар екенін айтты. Сонымен қатар, «Әуендер әлемі» алаңының ашылуы Әулиеата өңірінен шыққан өнер адамдарына деген ерекше құрмет екенін жеткізді. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Әуендер әлемі» алаңына есімдері жазылған өнерпаздарға арнайы куәлік сертификатын табыстады. Олардың қатарында әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайынов, Халық артисі Алтынбек Қоразбаев, сонымен қатар Гүлмира Ақүрпекова, Әуезхан Салабеков, Гүлнұр Өмірбаева және тағы да басқа өнер адамдары бар.

Әулиеатада орналасқан «Әуендер әлемі» атты аллея қазақ өнері қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап, олардың өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ашылып отыр. Ал, алаңның ортасына биіктігі 6,5 метр болатын өнер иелерінің құрметіне арналған стелла қойылған. Стелланың айналасына 30 тас тұғыр қойылған. Оларға қойылған 60 жұлдыз белгісіне еліміздің өнеріне елеулі еңбек сіңірген тұлғалардың есімдері жазылған. Ал, стелланың тұғырына Жамбыл Жабаев, Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев сынды әйгілі тұлғалардың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылған. 

12