Руханият • 25 Желтоқсан, 2019

Ел Үкіметінің басшысы жамбылдықтарды құттықтады

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Ел Үкіметінің басшысы жамбылдықтарды құттықтады

Келушілерге өңір тарихы мен жеткен жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар өңір тарихын түгендеген «Тараз мұралары» атты тарихи-танымдық 80 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы мен тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков кітаптың лентасын қиды. Жиында сөз алған Талас Омарбеков Әулиеата өңірінен шыққан талай тұғырлы тұлғалардың бар екенін айта келіп, осындай рухани мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар ғалым 80 томдық кітапты Президент кітапханасына, Ғылыми кітапханаға тапсыратынын айтып, кітаптарды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға табыс етті.

Министр Ақтоты Райымқұлова Премьер-Министр Асқар Маминнің құттықтау хатын оқып беріп, оны Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке салтанатты түрде тапсырды. «Қадірменді облыс тұрғындары! Сіздерді Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ННұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бұл өлке – бір кездері құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы ірге көтеріп, туын тіккен жер. Жүз жасаған Жамбыл атамыздың атын иемденген ежелгі Әулиеата жері – «алтын құрсақты» өңір. Күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, білікті билер мен білекті батырлар өткен берекелі аймақ» деп ерекше атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жамбыл облысының дамуына үлкен мән береді. Қазіргі таңда еліміздің экономикасын дамытуға, мәдениеті мен руханиятын байытуға өңірдің қосып отырған үлесі айрықша. Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің флагманы, баламалы энергия көздерін өндіріске алғаш енгізген өңір болып табылады. Мұнда халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар, пилоттық жобалар іске асырылуда.

Облыс мерейтойы аясында бүгін осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұрпаққа үлгі болар терең тарихына куә болып отырмыз. Жаңадан ашылған «Тектұрмас» этнотарихи, «Шахристан» этномәдени кешендерінде Әулиеатаға, Кенен Әзірбаевқа, Асқар Тоқпановқа арналған ескерткіштер мен облыстық өлкетану музейі, «Руханият және тарихтану орталығы», «Шеберлер және туризм орталығы», «Көркемсурет галереясы», Амфитеатр, «Сағат» стелласы сияқты шығыс сәулет үлгісіндегі ғимараттар – тағылымы мол тарихты тануға, өңір мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға, туризмді дамытуға айтарлықтай үлес қосады деп сенемін. Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі өлкенің торқалы тойы құтты болсын! Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін» делінген Үкімет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар жиында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Анастасия Гусева да құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов бірқатар азаматтарды «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Мекемтас Мырзахметұлы, Мәмбет Қойгелдиев, Алтынбек Қоразбаев, Гүлжан Әспетова, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды әдебиет, өнер, ғылым саласының қайраткерлері және өзге де танымал тұлғалар бар.