Руханият • 26 Желтоқсан, 2019

Ой биігіндегі Отарбаев әлемі

883 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Біз ұшақтан түскенде Атырау аспаны әлдеқашан түнеріп алған екен. Күннің көзі сәл күлімдесе, жылап жіберуге дайын тұрғандай. Біздің де көңіл алай-дүлей... Кекіл шашын төбесіне көтере жинап, «Айналайын, келдің бе?» деп жүзіне мейірім тұнған мәрт қалпымен қашанда құшақ жая қарсы алар аяулы ағаның енді ешқашан алдымыздан аңқылдап шықпайтынына ақыл сенгенімен, жүрек сенбейтіндей... Талай мәрте фестиваль төрінде жүздесіп, аузынан айналайынын естіп үйреніп қалғандықтан болар, бұл жолғы өзі атындағы фестивальдың қаламгердің өзінсіз өтетіндігін ойлағаннан-ақ Атырау аспанының күйі бізге тым-тым таныс болып бара жатқандай...

Ой биігіндегі Отарбаев әлемі

Аузынан айналайыны түспейтін адам

Жазушы Рахымжан Отарбаев шы­ғар­машылығын тану бір бөлек те, жазу­шының адами, тұлғалық қалыбына үңіліп, «Айналайын» деп тіл қатар ағалық мейіріміне бөлену – қолына қа­лам ұстаған кез келген жас талапкер үшін үлкен өнеге мектебі болғаны анық. Соның әсері болса керек, ағаның «Ай­налайыны» Атыраудың екінші атындай болып көңілге сі­ңіп кеткені. Жайықтың жағасын жай­лаған қонақжай қалаға асыға жетуіміздің де сыры осында жатса керек.

Ұшақтан түсе сала уақыт оздырмай бірден театр жақты бетке алдық. Бұл жақта қазақтың аяу­лы жазушысы, драматург Рахым­жан Отарбаев атын­дағы ІІІ республикалық театр фес­ти­валіне дайындық қызу жүріп жатыр екен. Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының алды қарақұрым халық. Аты­рау арда ұлын сағыныпты. Қызыл кілем бойымен театр есігіне бет алған республиканың түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен театрлар көші сұңғыла суреткердің екінші мәңгілік өмірінің басталғанын әйгілеп тұр. Жаны қалмай жай­раңдай қарсы алып жатқан Жайық жұртының ағеділ пейілі де осыған сендіреді. Көңіл орнына түсейін деді.

Рас, бізде драматург көп емес. Алыс-жақынға сауын айтып, жеке фестивалін өткізу бы­лай тұрсын, жазған еңбегін лайықты режиссеріне табыс­тап, көңі­ліндегідей қойылымға айналдыруға әлеуеті жетіп жүргені де тым сирек. Әлем клас­сикасына жиі иек артып, аударма пьесаларға жалтақтауды әлімсақтан қа­лып­ты жағдайға айналдырған қазақ театрларының өнер тудыру дағдысына әбден үйреніп қалған халық үшін  жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың асқан жанкештілікпен жыл сайын туған жері Атырауды былай қойғанда, Шымкент пен Қыр­ғызстан астанасында жеке театр­ фес­тивалін өткізуі кезінде үлкен жа­­ңа­лық болғаны анық. Сондай сәт­те жазып қана қоймай, әр туын­дысының тағдыры үшін алаңдап, бәйек болған жазушы жанының сергектігіне һәм жан­кештілігіне тәнті болатынбыз. Дра­ма­тургтің өзінің шақыруымен сондай тамаша өнер оқиғасының бірнеше мәрте куәсі болу бақыты бұйырғаны жас театр зерт­теушісі ретінде бүгінде көңілге үл­кен медеу.

 «Батыстың Оралханы»

Жалпы, Рахымжан Отарбаев­тың әсіресе жастар көңіліне ерек­ше жақын болуына жақсы ма­ғынасында жазушының өзі «кінәлі». Біріншіден, сұлу сөздің қай­мағын сүзіп жазған та­маша туын­дылары болса, екін­шіден – қалам ұстап, жазу әле­мін енді аттаған жас талапкер­лерге ай­рықша мейірімін төгіп, қамқорлығын ая­мауы. «Айналайын!» деп маң­дайдан сүйер ағалық ағеділ пейілі де қаламгердің алақан жылуын сезінген әр жастың жүрегінде жатталғаны анық. 

Әлі есте, Рахымжан ағаны сырт­тай кө­ріп жүргенімізбен, жа­қынырақ танысу, тілдесу мүм­кіндігі ақын Ұлықбек Ес­дәулеттің 60 жасқа толған мерейтойы­на орай ұйымдастырылған салтанат­ты жиында шырайлы Шығыс жерінде ту­ған еді. Сырттай сұсты көрінгенімен, сах­наға шықса ай­рықша шабыттанып, адуындап сөйлеп кетер жазушының ерек болмысы сонда жас журналист үшін дәл кітаптарындай тым-тым қызық көрінген. Жиын аяқталған соң пікір сұрай барып, соңында: «Осы топырақтың тумасы, тамаша жазушы Оралхан Бөкейді көрмей қалуымыз – біздің буын­ның үлкен бір өкініші болса, бү­гін сіздің кербұғыдай сахнаға керіле шығып, иығыңызға түскен шаш­ты кері қайырып тастап, екпін­деп сөйлеуіңіз естеліктен оқып таныған Мұзтаудың мұз­ба­лағы – Оралханды көз ал­ды­­мызға әкелгендей болды. Мұ­­ның әсіресе Шығыс топы­ра­­ғын­дағы әсері тіпті ерекше екен» дегенімізде, суреткер жар­қы­рай, арқырай бір күліп алып: «Ай­налайын, Оралхан Шығыс­тың шайыры болса, мен сен үшін Батыс­­тың Оралханы болайын. Аты­рауда да бір жазушы ағам бар деп біл» деп, маңдайдан сүйіп, ағалық ақ тілегімен «Біз­дің ауылдың амазонкалары» кіта­бын ұсынып еді сонда. Міне, содан бастап Отарбаев әле­мі­нің сұлулық тұнған сырлы әлемі қол бұлғап шақыра бер­ген. Әдебиеттен басталған әдемі әсер драматургиясындағы ойлы сюжет, шым-шытырық қайшы­лықтар қызығына ұласып, енді кітабы ғана емес, театр сахнасын­дағы қойылымдарын да бірінші болып көруге асығатын болдық.

 Тұлғаларды тірілткен талант

«Ол шығармашылыққа бір­ден өз биігін алып келді де содан төмен­деген жоқ. Қазақ про­засында жазушылар көп, талант­­ты жазушылар да аз емес. Бірақ юмор, сарказм арқылы қоғам­ның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол сирек суреткердің бірі – Ра­хаң болатын» дейді жазушы шы­ғар­машылығы жөнінде әде­биет сыншысы Амангелді Кең­шілікұлы. Бұл анық­тама қалам­гердің драматургия­сына да тән даралық. Көркем тілмен кестеленген сұлу сюжет, қызықты оқиға һәм өткір ойлар негізінен тұлғалар табиғатын, батырлар бол­мысын тірілтуге бағытталған талантты туындылар десек, титтей де артық айтқандық емес. Өйткені Рахымжан драматургиясы – Сұлтан Бейбарыс, өр Махам­бет, хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Әміре Қашаубаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сынды аяулы тұл­ғаларды тірілткен ұлттық дра­матургия. Отарбаевтың театр­ әлеміндегі орны сонысымен  де бағалы. Оның дәлелі ре­­тін­де Рахымжан Отарбаев атын­­дағы театр фестивалінің биыл­ғы бағдарламасына енген спек­такльдерді санамалап берсек те жеткілікті деп ойлаймыз. Спек­такль шымылдығын ашып берген елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Әміре» драмасы (режиссері – Н.Жұманиязов), одан әрі реті­мен тізбеленіп кете беретін – Р.Сейт­метов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының «Мұстафа Шоқай» (режиссері – А.Наурызбаев), Қ.Жандарбеков атын­дағы Жетісай драма театры­ның «Түнек торы» (режис­сері – Е.Қабдыл), Т.Ахтанов атын­дағы Ақтөбе облыстық дра­ма театрының «Темір – Нар­ком» (Мейрам Хабибуллин), Ж.Ша­нин атындағы Шымкент қала­лық академиялық қазақ драма театрының «Бас»  (режис­сері – Қ.Қасымов), Ақмола облыс­тық орыс драма театрының «Сұл­тан Бейбарыс» (Ольга Луцие­ва), С.Сейфуллин атын­дағы Қа­рағанды облыстық акаде­мия­лық қазақ драма театры мен Н.Жан­төрин атындағы Маң­ғыс­тау облыстық музыкалық драма театры қатар додаға қосқан режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Мұқағали мен Фариза» және фестивальды түйіндеген Махам­бет атындағы Атырау облыс­тық академиялық қазақ драма театрының «Жалғыздық» (режис­сері – М.Томанов) қойылымдары толықтай дәлел болады. 

Бәсі биік «Бас»

Бес күн бойы Атырау то­пы­ра­ғы ақжарма талантын еске алып, тұлға рухына бас иді. Шы­ғар­машылық мұрасына жан-жақ­ты қырынан баға беруге бір­қатар талпыныс жасалды.Әдеби туындыларын талдауды әдебиет сыншылары мен әдебиеттанушылардың құзырына қалдыра тұрып, біз өзіміз куә болған қойылымдардың көр­кем­дік әлемі туралы ой қорытып көр­сек.

Рахымжан Отарбаев – көр­кем­дік қуаты мықты тал­ғампаз қа­лам­гер. Әр сөзінің ас­тарында маз­­мұнға бай ма­ғына мен батпандай ауыр сал­мақ тұрады. Түйдек-түй­дек төгіліп кете беретін кес­­телі тілін былай қойғанда, су­рет­кер қаламына сәуле құй­ған шығармаларының қай-қай­сысында да психологиялық те­рең­дік, астарлы мағына, парасатты пайым жасырынып жа­­тады. Кейбір қаламгерлер сы­бырлап айтуға қорқатын ойлар ашық ай­тылады. Драматургтің су­рет­к­ер­лік сұңғылалығының сы­ры сол – адам жанын қозғай, айна­ласын қаузай жазуымен құнды. Қа­ламгер әлемі сұлулыққа, таза­лық­қа һәм сағынышқа толы. Жазушы тудырған бейнелер өзі­нің ойлылығымен, ұлттың үнін, қоғамның небір түйінді түйт­кілдерін тарқатуға, мән-мағы­насын ашуға ұмтылуымен де көрерменін бейжай қалдыр­майды. Кейіпкерлерінің қай-қайсысы да ұлттан, қазақ деген елден өзін бөлек алып көр­­ген емес, қазақы қалып, дағ­ды-дәс­түрімен бірге тыныс­тай­ды, бірге жасай­ды. Сах­надан көрер­мен өзін көреді, жо­ғалт­қанын табады. Бастысы – адамы азып, пи­ғылы тозған қоғамның тоз-тоз келбетіне өнер биігінен көз тігеді. Өзінше ойланып, өзінше толғанады.

Мәселен, тақырып өзектілігі тұрғысынан да, формалық ізденіс жағынан да  Рахымжан Отарбаев драматургиясының шыңы саналатын «Бас» драмасын алып қарайық. Бұл жолы бізге режиссер Қуандық Қасымовтың қолтаңбасында сахна көрген Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма теа­тры ұжымының «Басын» көру мүмкіндігі бұйырды. Оқиға­ның барлығы сахнаның ортасы­нан ойып орын алған жарық жар­ты бастың айналасында өрби­ді. Керексіз күй кешкен Махам­беттің басы... Ә дегенде таңырқай һәм үрейлене оқиға ішіне енгеніңізбен, сюжет дами келе жаныңыз тіпті түршігеді. Бұл жердегі бас – символ. Яғни, Махамбет қазақтың өзі болса, бас – сол ұлттың болмысы, тегі мен тамыры. Махамбеттің басына деген немқұрайлылық ұлттық болмысқа, қазақы қасиетке, мыз­ғымас құндылықтарға, жалпы тамырлы тарихымызға деген немқұрайлылық деп түйесіз іштей. Енді ойлап көріңіз, басынан айырылған ұлттың күйі нешік? Спектакль бойы осы бір сұмдық ойдың шырмауынан босай алмай, іштей өз-өзіңізбен арпалысып, қара терге түсесіз. Иә, бұл – өнер. Сахна тілі арқылы басынан, болмыс-тамырынан айы­рылған қазақтың күйі дәл осылай болмақ деп ескерту жасайды автор. 

 Рахымжан реквиемі

Байқап, байыптап көргеніміз­дей, жалпы фестивальға қатысуға ниет білдірген қай театрдың да Рахым­жан Отарбаев драматургиясын барынша жүйелі игеруге деген талпынысы, құлшынысы қуантты. Әр театр шама-шар­қының жеткенінше желіп көрді. Режиссерлер жұмысынан да драматург шығармашылығына деген зор құрметтің лебі сезіледі. Со­нықтан болса керек, Әміренің әнін­дей әсерлі, әсем басталған өнер мейрамы жат елде жү­ріп туған жерінің жусанын аңсаған Бейбарыс сұлтанның сезім кү­йіндей мәңгілік са­ғынышқа ұлас­ты. Себебі жазушы атындағы фес­тивальға жи­налған әр қатысу­шының жүрегінде өзі танып, өзі құр­мет тұтқан төл Рахымжаны сай­рап тұрған еді. Сол сезімге елітіп олар сахнада сөз алды. Театр тілі арқылы сағыныштарын кестеледі. Әсіресе, Рахымжан Отар­баевтың өзі өмірінің со­ңына дейін қызмет еткен  Ма­хамбет атындағы Атырау театры­­ның «Жалғыздық» қо­йылымы көп көңі­лінде ерекше жатталды. Өйт­кені спектакльде жазушының да ішкі мұңы мен сыры, жан жалғыз­дығы жатқандай сезілді. Бұл ойымызды қойылым режиссері де қуаттай түсті:

– «Жалғыздық» әңгімесінің жа­зылу стилі өзгеше, терең дү­ние. Жалғыздықты жанына се­рік қылған шерлі адамның жал­ған дүниеден әбден жалығып, күй­зел­ген жан дағдарысын жұм­бақ құбылыс қалпында суреттеген. Барлық өнер тудырушы хас шеберлердің мұңын айтады, жоқтайды. Әңгімесінің басын Рахаң «Анам Шәменнің (Шәм­сия) рухына» деп бастайды. Ес­туім бойынша қаламгердің анасы жастау кезінде суға кетіп қайтыс болған екен... «Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!» деп жанталаса тірі жан иесін іздеуі  Рахаңның өз ғұмыр ке­шу кезеңінің де аз қалғанын аң­ғар­тып, тіпті өзі жақындатып тұрғандай сезілді маған, –  дейді ре­жис­сер Мұқанғали Томанов.

Расымен де «Жалғыздық» фес­тивальдың жаңалығы болды. Тақырыбымен де, тереңдігімен де. Фестивальға қатысқан қойы­лым­ның ешбіріне ұқсамады. Атал­ған қойылымды тіпті «Ра­хым­жан реквиемі» десе де бол­ғандай... Осы ерекшелікті ес­керіп, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның ха­лық әртісі, Мемлекеттік сый­­лық­тың лауреаты Асанәлі Әші­мов, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Есмұхан Обаев бас­таған театр өнері мамандарынан құралған қазылар алқасы фестивальдың бас жүлдесін  бірауыз­­дан М.Өтемісұлы атын­дағы Атырау облыстық қазақ драма театры ұжымы ұсынған «Жалғыздық» қойылымының қанжығасына байлап берді.

– Әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан Рахымжандай пер­зентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекет­тер­ді мойын­датқан санау­лы сурет­кер­дің бірі. Оның шы­ғармашы­лығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен ша­раға ұласып жатыр. Бұл – жа­зушының екінші мәңгілік өмірінің басталғанының айғағы. Ақжарма талантын ұмытпай, іздей­тін қазақтай арда елі барда Отарбаев биігі аласармайды, – деді Асанәлі Әшімов.

Жазушы рухына бағышталған айтулы өнер думаны аясында, сондай-ақ, тағы да бірқатар тағы­лымды іс-шаралар өтті. Соның негізгісі –  «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» тұсауының кесілуі. Жазушының жары Сәу­ле Отарбаева атап өткендей, бұл қор қаламгер мұрасын көпке таныс­тырумен қатар, қолына қа­лам ұстаған талантты жас­тар шығармашылығын қолдап, на­сихат­тауға да кең жол ашпақ.  

 Түйін

...Шымылдық жабылды. Фес­тиваль мәресіне жетті. Бірақ ра­хым­жантану биігі әсте мұны­мен аяқталған жоқ. Тамаша те­а­­­тр­­ шеруімен бірге суреткердің дра­­­­ма­тургиядағы даңғыл жолы, су­рет­керлік сүрлеуі мәңгілікке ба­ғыт бұрды.

 «Адамзаттың Айтматовы» атан­ған талант Шыңғыс Айтма­тов кезінде  Рахымжан Отарбаев шығармашылығы турасында: «Рахымжан –  интеллектуалды қазақ прозасының ХХ ғасырдағы озық өкілі» деп жоғары баға беріпті. Бұдан асырып айту мүм­кін де емес. Өйткені Отарбаев әлемі – ойдың әлемі.

Атырау аспаны жылап тұр...