Түбі бір, тамыры ортақ қазақ пен түрік халықтарының қарым-қатынастары жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде Қазақстанда да, Түркияда да бауырлас мемлекеттердің өзара байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан түрлі ұйымдар мен орталықтар аз емес. Солардың бірі – Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы. Біз аталмыш орталықтың директоры Ибрагим Йылдырым мырзаға жолығып, қазақ-түрік қарым-қатынасындағы орталықтың атқаратын рөлі жайлы сұраған едік.
Түбі бір, тамыры ортақ қазақ пен түрік халықтарының қарым-қатынастары жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде Қазақстанда да, Түркияда да бауырлас мемлекеттердің өзара байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан түрлі ұйымдар мен орталықтар аз емес. Солардың бірі – Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы. Біз аталмыш орталықтың директоры Ибрагим Йылдырым мырзаға жолығып, қазақ-түрік қарым-қатынасындағы орталықтың атқаратын рөлі жайлы сұраған едік.
– Ибрагим Йылдырым мырза, әңгімемізді бастамас бұрын өзіңіз туралы біліп алсақ дейміз.
– Түркияның Юзгат деген қаласына жақын орналасқан Искеше деген ауылда дүниеге келдім. Биыл Искеше қаласы мәдени қала деген жоғарғы статус алды. Тарихи жер, Юнус Эмренің туған жері. Анкарадағы жоғары оқу орнында, түркі тілі және әдебиет бөлімінде оқыдым. Мұғалім болып жұмыс істегеніме он жыл болды. 1996 жылы өткен байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып Қазақстанға келдім. Мұнда Сарыағашта Қожа Ахмет Ясауи университетінде дәріс бердім. Бастапқыда қиындау болды. Қазір бәрі жақсы.
– Мәдени орталыққа қалай келдіңіз?
– Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы 2010 жылы ашылды. Біз елшіліктің қолдауымен жұмыс істейміз. Басты мақсатымыз – екі елдің халқын бұрынғыдан да жақындастыра түсу. Бұл орталық мемлекеттер арасындағы мәдени көпір болып табылады. Көрмелерді, конгрестер мен конференцияларды, концерттерді, түрлі мәдени және ғылыми шараларды ұйымдастыра отырып, түркиялық мәдениетті танытамыз. Сонымен қатар, түрлі симпозиумдарды өткізу арқылы Түркияда қазақ мәдениетін насихаттаймыз. Мәселен Анкара және Ыстамбұл қалаларында қазақ көрмесін ұйымдастырмақпыз. Біздің түбіміз бір десек те, көптеген жылдар бойы бір-бірімізді соншалықты жақсы танымай келдік. Түркиялық ғалымдар Қазақстан жайлы білгісі келгенде, ағылшын немесе орыс тіліндегі дереккөздерге жүгінеді. Ал біз олардың бұл мемлекет жайында қазақ тіліндегі әдебиеттерден, тікелей дерек көздерінен білгенін қалаймыз. Осыған орай біздің орталық қазақ әдебиетін, саяси және тарихи деректерді түрік тіліне тәржімалау ісіне көп көңіл бөліп келеді.
Біздің орталық түрікше үйренгісі келетіндерге көмек көрсетеді. Қызығушылық бар. Түрік тілін меңгеріп, Ыстамбұлға, Анкараға барып жатқан қазақ жастары аз емес. Еуразия Ұлттық университетінде «Түркі өркениетінің екі ойшылы: Қожа Ахмет Ясауи мен Юнус Эмре» атты дөңгелек үстел өткіздік. Оған ҚР Парламент Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің Түрік тілі мен әдебиеті бөлім басшысы Бахадыр Гүджүйетер, Сулейман Демирел университетінің өкілдері, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, профессор Айдар Әбуов, түркі академиясының директоры, профессор Шәкір Ыбыраев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков, сондай-ақ, ҚР Дін істері агенттігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қатысты. Сосын, Оқушылар сарайында түркі халықтарының «Дала баласыз, бала ойынсыз қалмасын» атты II халықаралық ұлттық балалар ойындары фестивалін өткіздік. Алты түрлі ойын сайыстарына негізделген фестиваль үш күнге созылды. Біз өзіміздің тарихымызды, тамырымызды білуіміз керек. Сондықтан балалар үшін осындай танымдық байқаулардың берері көп деп ойлаймын.
– Эмре орталығында тіл үйренгісі, түрік мәдениетін танығысы келетіндер көп пе?
– Аптасына бір рет біз осында жиналып, түрік киноларын көреміз. Сондай-ақ, түріктердің ұлттық билері үйретіледі. Орталықта қазақтардан құрылған би тобы да бар. Қыздар жиналып, түрік тағамдарын пісіріп, ұлттық асханасын танып жатады.
Сол сияқты біз өздерінің зерттеулерімен, еңбектерімен екі елдің арасын жақындастыруға үлес қосып жүрген ғалымдарға қолдау жасаймыз. Егер мемлекеттер достастығын нығайтатын, қарым-қатынасын одан әрі күшейтетін қызықты жобалар болса олар біздің назарымыздан тыс қалмайды. Мәселен, өткен жылы 8 курсантты біліктіліктерін жетілдіру үшін Түркияға жібердік, осы сияқты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Туризм» мамандығы бойынша оқып жатқан 20 студентті 3 айға тәжірибелік практикаға апарып келдік. Студенттерге жатын орындарын сайлап, тамақпен қамтамасыз еттік, жалақысын тағайындадық. Түркияда туризм өте жақсы дамыған. Келесі жылы біз 100 студентке осындай тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермекпіз.
Наурыз мейрамында біз 10 мың адамға арнап дастарқан жайдық, сонымен бірге, барлық дипломаттардың басын қостық. Біз қазақ жұртының Наурыз мейрамын қалай тойлайтынын көрсеттік. Дастарқан жайып, қазақтың тағамдарын қойдық. Біз осылайша шетелдік дипломаттарға қазақтың қонақжайлылығын, біздің түсінігіміздегі қазақ мәдениетін танытқымыз келді.
– Орталықтың алдағы жоспарларына да тоқтала кетсеңіз?
– Қазақстанның бай мәдениетін түріктерге көрсетпекпіз. Оған өте ірі ғалымдарды, өте танымал тұлғаларды шақырамыз. Бұл өте үлкен шара болады. Олардың қазақ халқы туралы танып-білуіне жағдай жасаймыз. Фотокөрме ұйымдастырамыз. Қайырымдылық мақсатында осында білікті дәрігерлер мен хирургтерді әкелмекпіз. Мүгедек адамдарға ота жасауды ұйымдастырып, аяғымен жүре алмайтындарға арнайы арбаларды сыйға тартпақпыз. Осындай басқа да жобаларды қолға алып жатырмыз.
– Тағы қандай елдермен байланыстарыңыз бар?
– Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы Орталық Азияда тек Астанада ашылған. Сол сияқты, Еуропа елдері мен АҚШ-та, Мысыр, Сирия мемлекеттерінде 15 филиалымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жанерке ТӨЛЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің студенті.