Президент • 26 Желтоқсан, 2019

Айтулы оқиғаларға толы тоғыз ай

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақорда резиденциясында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бергі атқарған жұмыстарына шолу жасады.

Айтулы оқиғаларға толы тоғыз ай

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли сөз басында журналистерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, 2019 жылдың айтулы оқиғаларға толы болғанын атап өтті.

– Шымылдығы жабылатын жыл ел жылнамасында айтулы оқиғаларымен есте қалды. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәттен бастау алады. Одан кейінгі еліміздің саяси өмірінде маңызы зор оқиға – Президент сайлауы. Биліктің ауысуы, сайлау науқаны Ата Заңымызға сәйкес жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Көптеген халықаралық кездесу өткізіп, шет- елдерге ресми, мемлекеттік сапарлар жасап, маңызды келіссөздер жүргізді, – деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қатысуы­мен 462 іс-шара өтті. Еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық іс-шаралар бойынша 12 елге сапармен барды, 9 халықаралық жиынға қатысты. Президент халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында әлемдік деңгейдегі саяси  тұлғалармен 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шетелдердегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дип­ломатиялық миссиялары елшілік ретінде қайта құрылды.

Жалпы, биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойылды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толты­рылған. Прездиент биылғы 9 айда 112 796 шақы­рым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.

Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мен Президенттің виртуалды қабылдауына азаматтардан 1 тамыздан бері 15 669 өтініш келіп түскен. Оның 4025-і Президенттің виртуалды қабылдауы арқылы қабылданған.

Сонымен қатар баспасөз хатшысы Мемлекет бас­шысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының орындалып жатқанын айтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды бастамалар қолға алынғанына назар аудар­ды. Осы ретте ол қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан аса азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілгенін, бұл жалпы алғанда 107 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді.

Бұған қоса Сириядағы отандастарымызды қақ­тығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды.

Мемлекет басшысының отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде атқарып жатқан жұмыстары туралы жалпы 26 деректі фильм түсіріліп, республикалық телеарналарда көрсетілді.

Сондай-ақ Берік Уәли Жастар жылы аясында ұйым­дастырылған іс-шараларға тоқталып, Мемлекет басшысы Волонтер жылының тұсауын кескенін айтты.