Парламент • 26 Желтоқсан, 2019

Салалық түйткілдерді тарқататын заңдарға мән берді

200 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығма­ту­линнің төра­ғалығымен 2019 жылды қорытындылаған жалпы отырыс өтті.

Салалық түйткілдерді тарқататын заңдарға мән берді

Сессия жұмысында 36 заң мақұлданды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин сессия басталғаннан бе­рі депутаттардың жұмысын қо­ры­тындылай келе, басымдық бе­ріл­ген бағыттар бойынша қа­был­данған заңнамаларға тоқталды.

– Жаңа жыл – ол әрқашанда өт­кенге есеп беріп, болашаққа зор үміт және сенім артатын ерекше кезең. Әрине, біздің кезекті сессия­мыз әлі аяқталған жоқ. Өткен төрт айда атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, біз 30-дан аса заң жобасын қарап, мақұлдадық. Онда ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын күшейтуге ерекше на­зар аударылды. Соның арқа­сында тікелей әлеуметтік-эко­номи­калық маңызы бар бірқатар заң қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жа­са­лынды. Осы жолда біз Тұң­ғыш Пре­зи­дентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев белгілеп бер­ген стра­тегиялық бастамалар­ды басшылыққа алдық. Соны­мен қатар сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақ­саттар біздің басым бағыттарымыз болды. Алдағы жылы да басталған жұмысты жалғастыратын боламыз деп сенім білдіремін, – деді Спикер.

Парламент Мәжілісі бұл сес­сия­сында жалпы 77 заң жобасы бойынша жұмыс істеді. Бүгін­де оның 36-сы қаралып, мақұл­данды. Атап айтқанда, бағыныш­тылардың сы­байлас жемқор­лықпен ұсталғаны үшін басшылардың жеке жауапкер­шілігі заңмен бекітілді.

Бұған қоса мұғалімдерден қосымша әлеуметтік кепілдіктерді, жүктемені төмендетуді және олардың есеп беруін қысқартуды көздейтін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды.

Сондай-ақ шағын және орта биз­нестен алынатын корпора­тивтік табыс салығы бойынша түсімдерді жергілікті бюджеттерге беруге заң жүзінде қолдау көрсетілді. Микро және шағын бизнес компаниялары үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, депутаттар мен Үкіметтің заңнаманы жетілдіру және оның сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жұмысы ақпараттық жағынан толық қамтылып, ашық жүргізіледі. Сессия жұмысы басталғаннан бері жаңа форматта 7 үкіметтік сағат өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мем­лекеттік органдардың қызметін жақсарту бойынша ұсыныстар жасалды. Бұған қоса Мәжіліс депутаттары Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс комитеттерінің 5 көшпелі отырысы және бірқатар халықаралық конференциялар өтті. Соның ішінде ең айтулысы және маңыздысы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақы­рыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі болды.

Ратификациялау туралы заң жобалары қолдау тапты

Мәжілістің бұл жалпы отырысында күн тәртібіндегі бірқатар келісімді ратификациялау туралы заң жобалары мақұлданды. Солардың қатарында депутаттар «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасына қолдау білдірді. Аталған заң жобасын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков таныстырды. Оның айтуынша, конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойды. Құ­жаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мү­ше елдердің экстремизмге қар­сы іс-қимыл саласында өзара әре­кеттестігінің тиімділігін арттыру.

– Конвенция экстремизм түсі­нігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді, оның маз­мұны мен экстремистік іс-әре­кеттің негізгі түрлерін анық­тайды. Құжат ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің экстремизмге қарсы күрес саласында өзара іс-қимы­лын қалыптастырады. Конвен­цияны іске асыру ШЫҰ ел­дерінің аумағында экстре­мистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынты­мақтастықты күшейтуге, экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға, экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге, экстремистік идеологияның таралуын уақтылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді Нұрғали Білісбеков.

Сонымен қатар ҰҚК өкі­лі Өңірлік терроризмге қар­сы құ­ры­лымның аясында тараптардың шекара қызметтері өзара байланыста әрекет ететінін мәлімдеді. Тұрақты түрде жыл сайын әр тоқсан сайын осы қызметтердің сарап­шылар тобы жиналып, қажет­ті шешімдер шығарады. Жыл­да ең кемі бір рет шекара ве­домстволарының басшылары бас қосып, отырыс өткізеді. Отырыста қажетті шешім қабылдап, ол шешімдер жүзеге асырылады. Бұл тәжірибе «Ынтымақтастық» деген бірлескен шекара операциясы арқылы атқарылады. Осы жылы Қазақстанның шекара қызметкерлері іздеуде жүрген 10 шетелдікті ұстап, өз елдеріне қайтарды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел іздеу жұмысын ұйымдастырады. Осы жұмыс барысында 2019 жылы терроризм мен экстремизмге қатысы бар 31 шетелдікті ұстап, олар елдеріне қайтарылды.

Жалпы отырыста депутаттар «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы (Женева, 1925 жылғы маусым) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев жаппай қырып-жою қа­руын пайдаланбау, барлық био­ло­гиялық зерттеулерді тек бей­біт мақсатта пайдалану, халық­аралық қауіпсіздікті нығайту бо­йынша өз ұстанымын әлемдік деңгейде көтеріп, нақты істермен дәлелдеді. Қазақстан бакте­риологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны бұрын ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталмыш хаттама ХХ ғасырдың басында қабылданса да бүгінге дейін ол осы химия­лық тұншықтыратын, улы бакте­риологиялық құралдарды қол­дануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификация­лау мәселесін назарға ұсынып отыр. Президент Әкімшілігінің және Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасы бойынша Женева хаттамасын ратификациялау мәсе­лесі біздің министрлікке жүктелген еді. Құжаттың ғылы­ми-құқықтық сараптамасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті жүргізді. Осы сарап­тамаға сәйкес Женева хаттама­сы Қазақстанның сыртқы саяса­ты­ның тұжырымдамасына, сондай-ақ еліміздің Халықаралық шарттар туралы заңға толық көлемде сәйкес келеді, – деді министр.

 Томиристің ерлігін кеңінен насихаттауды ұсынды

Жиын соңына қарай әдетте­гідей бірқатар депутат мемле­кеттік органдар басшыларына депу­таттық сауалдарын жолдады. Сауал жолдағандар қатарында Азат Перуашев, Владислав Коса­рев, Магеррам Магеррамов, Нари­нэ Ми­каелян, Сауытбек Абдрах­ма­нов және Тұрғын Сыздықов бар.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында әлемге әйгілі әмірші Кир мен массагеттер әскерінің арасындағы алапат шайқастың ел тарихындағы орны, оның ұлттық сана-сезімімізді қалыптастыруға, отаншылдық тәрбиесіне қоса алар үлесі туралы сөз қозғады.

– Біз бұл шайқасты әлем тарихын өзгерткен оқиғалар қатарына қоса аламыз. Неге? Себебі оған дейін Алдыңғы Азияны, Кіші Азияны, Мидияны, Лидия патшалығын, Вавилонияны, Месопотамияны, Сирияны, Палестинаны және Финикияны жаулап үлгерген Кир (дұрысы – Куруш) осы жорықтан кейін Египетті басып алу соғысын бастамақшы еді. Одан кейін Еуропа елдерін бірінен соң бірін басып алмақшы еді. Кирдің бұл жорыққа шыққандағы мақсаты сақ даласындағы аңызға айналған мол алтынға қол жеткізу болатын. Страбонның сақтар туралы «Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын көп» деп жазғаны белгілі. Егер Кир массагеттермен шайқаста ажал құшпағанда әлемнің сол замандағы саяси картасы басқаша қалыптасуы, көптеген халықтардың қанқұйлы қолбасшының құлдығына түсуі әбден мүмкін еді. Арғы ата-бабаларымыздың елдің азаттығы жолындағы осы ұлы ерлігі тарихымызда тиянақты таңбаланып, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізілуге, маман зерттеушілердің еңбектері арқылы әлем тілдерінде наси­хатталуға тиісті. Ұлы даламызда осы орасан оқиғаға арнал­ған еңселі монумент тұрғы­зыл­са да ешқандай артығы жоқ, – деді депутат.

Мәжілісмен өз сауалында Болат Жандарбековтің «Томи­рис» хикаясы мен жақында «Қазақ­фильм» студиясы ұсынған «Томи­рис» фильмін атап өтіп, Премьер-Министр Асқар Маминнен Ұлы қолбасшы Кирді жер қаптырған шайқастың өткен орнын шамамен болса да анықтау жөнінде тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы нақты тапсырма беруін сұрады.