Тағайындау • 26 Желтоқсан, 2019

Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды

667 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында жазды.

Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды

- Партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев Nur Otan-ның хатшысы болып тағайындалды. Оның партиядағы, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесі алдағы міндеттерді табысты іске асыруына мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деп жазды Бауыржан Байбек.

Арман Қырықбаев – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, сондай-ақ ҚР СІМ дипломатиялық академиясының түлегі. Әр жылдары Nur Otan партиясында, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді.

Сондай-ақ ол қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық басылымдары, «Қазақфильм» АҚ, «Nur Media» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы және т.б. бірқатар қызметте жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, онда ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларды қадағалады.

Партия хатшысы ретінде Арман Қырықбаев қоғамдық-саяси бағытқа, Қоғамдық саясат институты, «Жас Отан» ЖҚ, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеу сияқты бағыттарға жауапты болады.  

Төрағаның бірінші орынбасары оның партиядағы, сонымен қатар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесінің арқасында, ол алға қойған барлық мақсаттар мен тапсырмаларды табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Ал осыған дейін партия хатшысы қызметін атқарған Ғабидулла Оспанқұлов Үкімет қаулысымен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Ол жастарды қолдау және азаматтық қоғаммен өзара байланыс салаларын қадағалайды.

Бауыржан Байбек оған атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, табыс тіледі. Оның айтуынша, соңғы алты айда партия алаңдарында мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениетті дамыту, балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша көптеген жұмыс атқарылып, өңірлердегі жастарымен жұмыс күшейтілді.