АШМ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне автоматтандырылған жүйелерді енгізуде. Қазіргі заманғы сандық технологиялар есебінен министрлік еңбек өнімділігін, сондай-ақ аграрлық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жоспарлап отыр.
2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі аграриялар мен ІТ-қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырды. Жыл қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығында қосымша 16 «сандық» шаруашылық, ал мал шаруашылығында 6 smart-ферма пайда болды.
Айта кетсек, 2018 жылы 12 шаруа қожалығы мен 3 құс фабрикасы «сандық» және мал шаруашылығына бейімделген 12 қожалық «smart-ферма» мәртебесіне ие болды. Бүгінгі таңда елімізде компьютерлік жүйелер арқылы автоматтандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жалпы саны 49-ға жетті.