Технология • 27 Желтоқсан, 2019

Блокчейн ашықтықты қамтамасыз ете ала ма?

502 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Әлемді сандар билейді» деген Пифагордың сөзі өзекті екенін өмірдің өзі көрсетті. Бүгінгі жаһандану дәуірінде айналамызды түгел цифрлы технологиялар қоршап тұр. Ғасыр игілігі ғаламтор цифрлардың өрнегімен өрілген. Тұрмыс-тіршілігімізге дендеп еніп, уақыт үнемдеуге, шығын азайтуға септескен интернет иін тірескен қоғамдық мәселелерді де реттеуге қауқарлы екені жиі айтылып жүр. Осы орайда интернеттің дамыған жаңа сатысына баланатын блокчейн технологиясы бюрократия, сыбайлас жемқорлық сияқты «кеселдердің» жолын кесе ала ма?

Блокчейн ашықтықты қамтамасыз ете ала ма?

Болашақты «блоктар тізбегі» айқындайды

Заман көшінен қалмай, озық елдерге ілесу үшін цифрлы тех­но­ло­гияларды қолданудың маңы­зы артты. Бұл ретте елі­мізде «Цифрлы Қазақ­стан» бағдар­ламасы қолға алынып, 3D-прин­тинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету сияқты тетік­тер түрлі салалардың ісін ілгері­летудің тиімді құралы ретінде қарастырылуда. Бұған қоса, мұндай инновациялық бас­тамалардың көлеңкелі істердің көзін көлегейлеуге көмегі көп екенін алға тартатын сарапшылар да жеткілікті.

Қазіргі таңда азаматтық қо­ғам құрудың алғышарты ре­тін­де әділеттілік, ашықтық сияқ­­ты құндылықтарға баса мән бе­ріліп жатыр. Ал осы ашықтықты қамтамасыз етуде цифрландырудың рөлі күшейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Біздің міндетіміз – ақпа­раттық коммуникациялық инфрақұ­ры­лымның даму дең­гейі бойынша өңір­дегі көш­бас­шылықты нығайту. Үкімет заң­наманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үл­кен деректер», блокчейн, цифрлы активтер, жаңа цифрлы қаржы құралдары сияқты тың тех­нологиялық құбылыстарға бе­йімдеу қажет. Қазақстан тех­но­­логиялық серіктестік орна­ту, мәлімет орталықтарын құру жә­не орналастыру, мәлі­мет­тер транзитін дамыту, цифрлы қыз­меттердің жаһандық нары­ғына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс» деп айтты.

Президент атап өткен бұл ин­новациялық бетбұрыстың бәрін интернеттің дамыған жаңа сатысы – блокчейн технологиясымен байланыстыруға болады. Өйткені блокчейн күнделікті өмірімізбен біте қайнасып кеткен интернеттің келешектегі, тіпті қазіргі кескіні ретінде біраз жүйенің ескіргенін көрсетіп, бірқатар қызмет түр­лерін ығыстыруы әбден мүмкін. Тақырыпты кеңінен тарқату үшін алдымен осы блокчейн ұғымына қысқаша тоқталып өтейік.

Аты айтып тұрғандай, блокчейн ағылшын тілінен аударған­да «блоктар тізбегі» дегенді білдіреді. Бұл – мәліметтерді желі­де тізбектеп сақтау техноло­гиясы. Яғни, деректер көзі белгілі бір ақпарат қоймасында емес, көптеген компьютер базаларында бірдей сақталады. Сондықтан бірнеше жерге бірдей таратылған, шынжыр іспеттес бір-бірімен берік бекіген мәліметтер жиын­тығын өзгерту немесе жою мүм­кін емес. Блокчейннің барлық қол­дану­шысы ақпараттарға кез кел­ген уа­қытта еркін қол жеткізе алады.

Блокчейнде мәліметтердің ортақ базасы жоқ болғандықтан, бірыңғай басқару органы да бол­майды. Сондықтан бұл технология арқылы адамдар өзара ақпарат, тауар, қызмет түрлерін алмасу процесін үшінші бір тараптың, делдал­дардың қаты­суынсыз жүргізе алады. Мұ­ның айқын дәлелі ретінде банктерге бағы­нышты болмай, қолданысқа ене бастаған криптовалюталарды айтуға болады.

 Бюрократияға бөгет болады

Блокчейннің негізгі басымды­ғының бірі арада делдалдардың болмауы дедік. Ал бүгінде құ­жат, ақша және тағы басқа түрлі мәліметтер алмасу арқылы жүр­гізілетін операциялар міндетті түрде делдалдардың араласуымен жүргізіледі. Мұндай опе­ра­циялардың барысын, шы­на­йылығын қашанда атқарушы мемлекеттік органдар, банктер және осы тектес ұйымдар бақы­лап отырады. Адамдар мен мем­лекеттік аппараттың ара­сын­дағы өзара іс-қимылдың қиындық­тары, жалпы жүйенің ашықтығы қамта­масыз етілмеуі өз кезегінде бюро­кра­тияның белең алуына әкеліп соқтырады. Соның салдарынан тіркеуге, кезек жыл­жытуға, айыппұлдан жалтаруға «көмек­тесетін» делдалдардың та­ғы бір толқыны пайда бола­ды. Бұл жерде жең ұшынан жал­­­ғасқан жемқорлық та қылаң бере­ді. Делдалдардың неғұрлым көп болғаны соғұрлым қызметті күр­­делендіре түседі және айтар­лықтай шығын келтіреді.

Сондықтан осындай делдалдардың қызметін ығыстыратын, кез келген мәліметтің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ететін блокчейн техноло­гия­сына басымдық беретін уақыт жеткен сияқты. Блокчейн мемлекеттік қыз­метшілердің жұмысына қажетті бар­лық ақпаратты сақтауға мүмкіндік бе­ре­ді. Мысалы анықтамалар, есептер, актілер және баяндамаларды блок­­чейнге енгізеді және кез келген уа­қытта оларға қол жеткізе алады. Бар­лық құжаттар папкаларда қат­та­лып, сө­­релерде сіресіп тұрмайды, цифр­лы түрде сақталады. Блокчейн арқы­лы сақталған құжаттар басқа да желі­лер­де қолжетімді болғандықтан, оны қайтадан жасау немесе жойып жіберу мүмкін емес.

Блокчейн жаңа технология болған­дық­тан, Қазақстан түгілі басқа әлем ел­де­рінде де кеңінен қанат жайған жоқ. Бірақ оны жаңашылдыққа біртіндеп бет бұрып жатқан елдердің мысалын кел­тіруге болады. Айталық, Эстония – мем­лекеттік органдарда блокчейнге негіз­делген жобаларды табысты жүзеге асырып жатқан елдердің бірі. Бұл мемлекетте инфрақұрылым орталық жүйеге бағынбайтын ашық жүйеге құрылды. Бір ғана «Bitnation» жобасы неке тіркеу, туу туралы куәлік алу, коммерциялық шарттар жасасу сияқты нотариаттық кеңселер қызметін блокчейнге көшірді. Бұл де­рек­терді сақтау сенімділігіне кепілдік беріп, қағазға басуға қажеттілікті жойды. Жалпы Эстонияда 2016 жылы аза­мат­тардың 94%-ы блокчейн жүйесін қол­дана алатын электронды куәлікті алған екен. Сондай-ақ бұл елде қағазсыз жұ­мыстың нәтижесінде ІЖӨ-нің 2%-ы үнем­делген, 4 мыңнан аса қызмет электрон­ды түрде ұсынылған. Соның нәтижесінде Эстония салық жинау және элек­тронды экономика индексі бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет атанды.

Қазір Қазақстан да блокчейнді ба­рынша дамытуға пейіл танытып отыр. Бұл тың технологияны қаржы, ден­сау­лық сақтау, білім беру, логистика, жер кадастры, мемлекеттік және кор­по­ра­тив­тік құжат айналымы салаларында қолданысқа енгізу ерекше­лік­те­рі жан-жақты қарастыруда.

«Ақылды қала» жобасы бойынша іргелі бастамалар қолға алынып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында блокчейн жобалары біршама жұмыстың бойына қан жүгіртті. Мәселен, балабақша кезегін автоматтандыру, «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасында орындарды ашық түрде бөлу сияқты рәсімдерде блокчейн оң ықпал етті. Бұған қоса жақында ғана қорытындысы шыққан «Жұмыс істейтін жастарға арналған са­тып алу құқығынсыз жалға берілетін тұр­ғын үй» бағдарламасын тиімді ұйым­дас­тыруға осы технологияның септігі тиді. Тың үрдісті тез үйренуге қабілетті жас­тар құжаттарды қолмен толтырып қо­бы­ратпай, бұл конкурсқа қағілездік танытып, электронды форматта өтінім берді. Жалпы, осындай жобалар адами факторды барынша қысқартуға, рәсім­дер­дің ашық өтуіне мүмкіндік береді.

«Eurasia Blockchain Fintech Group Limited» компаниясының басқарма тө­ра­­ғасы Тілектес Адамбековтің пікі­рін­­ше, Қазақстанда блокчейнді басқа мем­лекеттермен қатар дамытуға болады. Өйткені бұл технология дүние жүзінде әлі кең қолданысқа еніп кеткен жоқ.

– Мемлекеттік органдарда барлық бұйрықтар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ нормативтік құжаттарды блокчейнге аударуға болады. Бұл жазбаларды сақтау жұмысын едәуір жеңілдетеді. Мемле­кет­тік аппараттың құрылымы көп, олар есеп беруші ретінде қызмет етуі керек. Сондықтан блокчейн технология­сын есеп беру үшін, кері байланыс жа­сай алатындай етіп қолдануға болады. Қазақстанда бірнеше жобаны сәтті жү­зеге асырудың мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, қосымша құн салығын (ҚҚС) есептеу, салық мөлшерін анықтау және мем­­лекеттік базаларды блокчейнге ауыс­­­тыру жобалары жоспарланып отыр. Қазақ­станның қазба және табиғи ресурс­та­ры мол. Олардың әлемдік нарыққа шығуын жеңілдету үшін де блокчейнді пайдалану керек, – деді ол.

Жемқорлықтың жолын кеседі

Жоғарыда блокчейннің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте айтар­лық­тай көмектесетінін атап өттік. Жем­қорлықтың тырнағына жиі ілінетін мемлекеттік сатып алу саласында блокчейн қолданылса, жалған компания тіркеп, төмен баға белгілеп, тендер ұтып алатындардың жолына тұсау болар еді. Келісімшарттардың ашықтығы, мәлі­меттердің бірнеше жерде қатар сақ­­талуы түрлі қитұрқы әрекеттерді жа­­сауға жол бермейді. Сонымен қатар блок­чейн құлашын кеңге сермесе, өткен күннің есебінен куәлік ететін нота­риус­тар­дың, айыппұлыңызды база­дан өші­ре­тіндердің, несие тарихын жаңар­та­тындардың күні келмеске кетеді.

Қазақстандағы блокчейн және дата орталықтар индустриясы қауымдас­ты­ғы­ның Заң шығару жұмысы жөніндегі аға үйлестірушісі Мәди Сәкен цифр­лан­дырумен қатар блокчейн технологиясын енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды қадам болатынын айтады.

– Мемлекеттік сектордың кез келген сала­с­­­ы деректерді ашық және қауіпсіз ес­еп­­ке алуды қажет етеді. Бухгалтерлік есеп­­ті таза жүргізбеу, деректердің бұр­ма­лану салдарынан сыбайлас жем­қор­лық қаупі мемлекеттік сатып алу, жер кадастры, кеден, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді есепке алу сияқты жүйелерде күшеюі мүмкін. Блокчейн осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алады. Алайда блокчейн ашықтыққа то­лық­қанды кепілдік береді деуге болмайды. Бұл тек ақпараттың өзгермейтіндігін қам­тамасыз ететінін түсіну керек. Ашық­тық барлық процесті автоматтанды­ру және цифрландыру нәтижесінде және деректердің түгел қолжетімділігі ар­қы­лы салтанат құрады. Сондықтан блок­чейн­ді барлық қоғамдық «дерттің» дауасы ретінде қабылдауға болмайды. Мемлекет пен бизнес үшін басты міндет – алдымен цифрландыру, яғни барлық процесті сандық форматқа көшіру, – деді Мәди Сәкен.

Сондай-ақ оның айтуынша, соңғы 3 жылда мемлекеттік органдар тара­пы­нан блокчейн технологиясына қызы­ғушылық артқан. Қазіргі таңда мем­ле­кеттік секторда блокчейн технологиялар негізіндегі шешімдер белсенді түрде сынақтан өткізуде. Ұлттық банк мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция енгізу үшін «Invest Online» блокчейн қосымшасын әзірледі. «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ «Qazchain.kz» жобасы аясында астық қолхаттарымен бухгалтерлік операцияларды жүргізуге арналған блокчейнді іске қосты. Соны­мен қатар Қаржы министрлігі ҚҚС-ті басқару жүйесін құру бойынша қа­нат­қақты жобаны жүзеге асырып жатыр.

Қорыта айтқанда, елімізде блокчейн индус­триясының қадамы енді басталып келеді. «Astana Hub» Халықаралық тех­нопаркінде Қазақстандағы блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қа­уымдастығы жұмыс істейді. Бұл – қа­уым­дастық қазір «Қазақстан Рес­публи­ка­сының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. Әзірленіп жатқан құжат тың технологияларды қол­да­нудың бірқатар мәселесі бо­йынша заң­дылықтарды айқындап және блокчейнді Қазақстан нарығында қолдануды тездетеді деп ойлаймыз.

2