– Жандар Даниярбекұлы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырда қор қандай жетістіктерге жетті?
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2005 жылдан бері ауыл кәсіпкерлеріне шағын несие берумен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде қор ауыл тұрғындары, қаржы институттары мен жергілікті атқарушы органдар сияқты серіктестері үшін сенімді компания ретінде танылды. Қор құрылғаннан бергі 25 жылда жалпы сомасы 322 млрд теңге болатын 155 мың кәсіпкерге несие берілді.
Соңғы жеті жылда компания «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне несие беруде. Соның нәтижесінде мыңдаған ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ қор «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша жас мамандарды бюджеттік несиелеудің қаржы операторы ретінде жұмыс істеп келеді. Он жылда ауылға жұмыс істеуге барған 32 мың маманға 85,8 млрд теңге несие берілді. Бүгінгі таңда қордың несиелік портфелінде 46 мың жоба бар. Соңғы бес жылда оның көлемі екі есеге артты.
– Кәсіпкерлер үшін қор беретін несиенің қандай артықшылығы бар?
– Бұл орайда қордың несие беру шарттарын ескеру қажет. Мысалы, банктер несиені жылдық 16-20%-дық мөлшерлеме бойынша беретін болса, қор бағдарламаларының жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Несие өнімдеріміздің тағы бір артықшылығы – несиені 7 жылға дейінгі ұзақ мерзімге беруімізде және қосымша комиссиялар мен алымдар жоқ.
Несиені өтеудің қолайлы кестесі бекітіледі және екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған. Яғни, несие алушы жеңілдік мерзімі аяқталғанша төлем жасамайды. Кәсіпкерге өзінің алғашқы өнімін немесе фермерге алғашқы төлін алып, табыс табуына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қор ауылдардағы жер учаскелерін және қай жылы қандай материалмен салынғанына қарамастан үйлерді кепілдеме ретінде қабылдай береді.
– Қор беретін шағын несиенің ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы үлесі қандай?
– Біз несие қаражаты есебінен жұмысын жаңадан бастағандарды, шаруашылықтарын кеңейтіп, мал басын көбейтіп, жұмыс орындарын ашып жатқан көптеген кәсіпкерді мысалға келтіре аламыз.
2013 жылдан бері «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 55 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие қаржысының 70%-дан астамы стартап-жобаларды қолдауға бағытталды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша екі жылда 530 шаруашылық 40 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуға несие алды. 123 отбасылық тауарлы сүт фермасы 9,4 мың бас сүтті сиыр сатып алу үшін қаржыландырылды. Жалпы, әр жобаның өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы бар. Соның есебінен жұмыс орындары ашылып, шаруашылықтар кеңейіп, шағын қалалар мен ауылдар дамуда. Бұл тұрғыда қордың ел дамуына қосып келе жатқан үлесі үлкен деп есептеймін.
– Ауыл шаруашылығымен айналысуға жастардың қызығушылығы қаншалықты деңгейде?
– Жұмыспен қамту бағдарламасы жастарға, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан соңғы уақытта бізден несие алғандардың арасында жастар көп. Биыл 29 жасқа дейінгі мыңға жуық кәсіпкерге 2,5 млрд теңгенің несиесі берілді.
Сондай-ақ әйел кәсіпкерлерге де осындай қолдау көрсетіледі. Бізден несие алатын азаматтардың әрбір үшіншісі әйелдер деуге болады. Айта кету керек, әйелдердің қаржылық жауапкершілігі жоғары болады. Олар азаматтарға жұмыс беріп, отбасыларының табысын арттырып отыр. Бұған да нақты мысалдар жетерлік.
– Несие алушылардың тарапынан қордың қай бағдарламасына сұраныс көп және нақты қанша несие берілді?
– Қор жүзеге асыратын негізгі кредиттік өнімдер екі мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылады. Олар: агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында етті және сүтті мал шаруашылығын, сервистік-дайындау қызметін және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуды несиелеу басымдыққа ие.
Егер биыл қаржы берілген жобаларды сараласақ, «Игілік» (27,3 млрд теңгенің 8 914 несиесі берілді), «Сыбаға» (14,7 млрд теңгенің 753 несиесі берілді) сияқты мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары үлкен сұранысқа ие. Бұдан бөлек, кәсіпкерліктің барлық түрін қаржыландыруға бағытталған «Кәсіпкер» бағдарламасына сұраныс үлкен (14,3 млрд теңгенің 2 880 несиесі берілді).
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несие беру қалай жүзеге асырылады және кімдерге беріледі?
«Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін шағын несие ауылды жерлерде өз кәсібін ашатын жеке тұлғаларға арналған. Олардың көбі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, шағын шаруашылықтар және ауыл кәсіпкерлері.
Биыл «Еңбек» бағдарламасының аясында шағын несиеге деген сұраныстың көптігі ескеріле отырып, қор 27,5 млрд теңгенің орнына 47,8 млрд теңгенің несиесін беріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті несиелендіруге қосымша 20 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесі қалаларда іске асырылатын жобаларды қолдауға бағытталды.
– Келер жылғы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Алда қандай міндеттер тұр?
– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламаларында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – негізгі жоспарымыз. Бұл салалар қор қызметінің басым бағыттары болып қала береді.
Сонымен қатар несие алушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеу үшін бизнес-процестерді оңтайландыру жұмыстары жалғасатын болады.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»