Парламент • 27 Желтоқсан, 2019

Президент мән берген маңызды мәселелер заңмен реттеледі

181 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Президент мән берген маңызды  мәселелер заңмен реттеледі

 

Шетін мәселелерге қарсы «иммунитет»

Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібінде алдымен Жоғарғы соттың судьяларын босату және сайлау туралы мәселелер қаралды. Президенттің ұсынысы негі­зінде және Конституцияға сәй­кес Төлебай Қожан мен Бағ­лан Мақұлбеков Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды. Ал Жоғары сот Кеңесінің ұсы­нымына негізделген Пре­зидент ұсынысы бойынша Вячеслав Салий, Арыстанбек Стыбаев, Сембек Баймаханов, Есенбай Боранбаев, Ботагөз Ералиева Жоғарғы сот судьялары болып сайланды.

Бұдан кейін Сенат депутат­тарының қолдауымен Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мемлекет­тер тобы өкілдерінің және баға­лау­­шы топтар мүшелерінің (ГРЕКО) артық­шылықтары мен имму­нитет­­теріне қатысты келісім рати­фи­кацияланды. Аталған келісім­ге Страсбург қаласында 2019 жыл­ғы 15 қазанда қол қойылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бек­тенов енгізіліп отырған заң жобасын дайындау барысында ГРЕКО мүшелерінің өкілдері мен бағалау топтарының мүшелері қандай артықшылықтар мен им­му­ни­теттерді пайдаланғанын айтты.

– Біріншіден, жеке басын қа­мауға немесе ұстауға қарсы, сондай-ақ айтқандары мен жаз­ған­дарына және ресми түр­де өзі жасаған барлық әрекет­ке қа­тыс­ты қылмыстық, азамат­тық, әкімшілік құзыретіне имму­ни­тетті пайдаланады. Екіншіден, егер бұл мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында кіруге тыйым салы­натын немесе реттелетін ай­мақ­тар туралы қағидаларға қай­шы келмеген жағдайда олардың функцияларын орындау үшін мемлекеттің аумағында жүріп-тұру еркіндігін, оның аумағына кіруі және мемлекеттен шығуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ ай­та кететін жайт, көрсетілген тұл­ғалар қылмыс жасаған кезінде немесе бірден жасалғаннан кейін ұсталған жағдайда ол қамауға алудан және сот қудалауынан боса­тылмайды. Тағы бір маңыз­ды мәселе – аталған иммунитет­тер тек ресми тұлға, яғни Еуропа Ке­ңесінің ресми өкілі ретін­де жасаған әрекеттерді көз­дей­ді. Егер ГРЕКО-ның өкілі Қазақ­­­станда жүріп жеке тұлға ре­­тінде кез келген қылмыс жа­­са­ған жағдайда ешқандай им­му­­ни­теттер қолданылмайды. Кінәлі тұлға жауапқа тартылады. Сонымен қатар егер берілген иммуниттер сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін болса, аталған иммунитеттерден бас тарту процедурасы көзделген, – деді агенттік өкілі.

ГРЕКО-ға қосылу Еуропа Ке­ңе­сінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратифика­ция­лауға жол ашады. Бұл өз ке­зегінде қылмыскерлерді экст­ра­дициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәсе­лелері бойынша Еуропа ел­дері­мен ынтымақтастықты кү­шей­туге мүмкіндік береді. Сена­тор Нұржан Нұрсипатов атал­ған келісімді ратификация­лау сыбайлас жемқорлыққа қар­сы заңнаманы жетілдіруге, сон­дай-ақ әлемдік рейтингтерде Қа­зақ­станның сыбайлас жем­қор­лық көрсеткіштерінің ин­дексін төмен­детуге ықпал ететі­нін атап өтті.

 Экономикаға оң ықпалын тигізеді

Пленарлық отырыста Премьер-Министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов депутаттар назарына «Қазақстан Үкіметі мен Кипр Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау ту­ралы» заң жобасын ұсынды. Министр мұндай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құ­қығын екі мемлекет арасында әді­летті бөлісуге жағдай жасайтынын айтты. Конвенция біріншіден, алдағы уақытта са­лықтың барлық түрі бойынша ақ­парат алмасуды жолға қойып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтса, екіншіден, рези­денттікті дәлелдейтін екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәр­тіпті белгілеуді көздейді.

Қазақстан мен Кипр арасын­дағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 440 млн долларға же­тіпті. 2016 жылы жалпы сауда айналымы 7 млн долларды ғана құраған екен. 2019 жылдың 9 айын­да Қазақстан мен Кипр ара­сындағы өзара сауда көлемі едәуір ұлғайып, 30 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт – 28 млн, импорт – 2 млн доллар деңгейінде.

Сенатор Ольга Перепечина салық конвенцияларын немесе келісімдерді қабылдау транс­шекаралық сауданы жеңілдетіп, инвестициялар тартуды қамта­масыз ететінін атап өтті. Соңғы 10 жылда салықтық конвенциялар қолданылатын елдерден біздің елімізге келген шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 391 млрд АҚШ долларын құрады немесе бұл шетелдік инвестициялардың барлық көлемінің шамамен 90 пайызы болды.

Сонымен қатар Әлихан Сма­йылов таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір консти­туциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қабыл­данды. Бұл құжаттың мақсаты – АХҚО-ны жылдам қалыптастыру мен еліміздің негізгі қаржы тұ­ғыр­­намасы ретінде дамуын қам­­тамасыз ету және инвестиция тарту үшін оның юрисдик­циясын пайдалану. Заң жоба­сы «инвестициялық резидент» ұғымын енгізуді көздейді, сон­дай-ақ инвестициялық резиденттерге берілетін талаптар мен жеңілдіктерді реттейді.

Сенатор Бақтыбай Шелпеков бюджеттен АХҚО-ны қаржы­ландыруға бағытталған мақсат­ты аударымдарды қосымша құн салығынан босатуда ұсынылып отырған ерекшеліктерді түсін­дірді. Сондай-ақ резидент емес­тердің АХҚО-ға көрсетілген жұ­мыс­тары мен АХҚО-ға қатысу­шылардың қызметтерін қосымша құн салығын салуға жататын айналым деп есептемеу ұсынылады.

Заң жобасына қолдау білдіріп сөз алған сенатор Ерболат Мұ­қаев Қазақстанға келу визасын алу құқығын қамтамасыз ету, АХҚО аумағында әрекет ететін ағылшын құқығымен қамтама­сыз етілген инвестициялардың сақталу кепілдіктерімен қоса салық преференцияларын беру шетелдік инвесторларды тартуға ықпал ететінін атап өтті.

Мұғалім мәртебесін көтеретін заң мақұлданды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қыл­мыс­тарға қолданылатын жазаны шұ­ғыл түрде қатайту қажет еке­нін тапсырған еді. Осы мақ­сатта әзірленген «Қазақ­стан Рес­­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне қыл­мыс­тық, қылмыстық-процестік заң­на­маны жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын кү­шей­ту мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов заң жобасында бірқатар қасақана қылмыс үшін жауаптылықты күшейту ескерілгенін айтты. Ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшеді. Мал ұрлығы да ерекше назарға алынбақ. Заң жобасында жай құрам үшін 5 жыл, егер топ болып алдын ала сөз байласумен ірі мөлшерде ұрлық жасаса 7 жылға дейін жаза ескерілген. Сон­дай-ақ жеке меншіктегі нысанға бірнеше рет бұзып кіргені үшін 10 жыл, аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.

Бұған қоса аталған заң жо­басының шеңберінде зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді, заңсыз аңшылық, балық, су жануарларын аулауға, өсімдіктерге қарсы жасалған теріс әрекеттер ауырлығы орта қылмыстар санатына кіреді, заңсыз есірткі насихаты мен жарнама үшін жаңа бап енгізілді және мас күйінде көлік жүргізгендердің жазасы күшейтіледі.

Сонымен қатар жалпы оты­рыс­та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында берген тапсырмалары «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескерілді.

Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетов жарты миллионнан аса мұғалімнің жұмысына қатысты «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 21 баптан тұратынын айтты. Жалпы төрт бағытты қамтитын құ­жатта бірінші – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші – мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту; үшінші – материалдық емес ынталандыру тетіктері және төртінші материалдық ынталандыру мәсе­лелері қарастырылған.

Оның сөзіне қарағанда, пе­дагогтардың құқықтары бо­йынша бірнеше норма қарас­тырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүм­кіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің қызметіне кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағаз­бастылыққа, негізсіз тексеру жүр­гізуге тыйым салу арқылы жүк­темені азайту бойынша жеке нормалар көзделген.

Бұған қоса жиында Мә­жілісте мақұлданған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы, мемлекеттік бас­қару жүйесін, бюджетаралық қа­тынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенат депутаттары тарапынан да қолдау тапты.