«ҚазАгро» көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру ауқымын кеңейтті. Сонымен қатар, оның еншілес құрылымы 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы сатып алуды қаржыландырады. Жалпы, осы екі тетік 5,7 млн. гектардан астам алқапта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.
Қазақстандық диқандардың биылғы межесі – 15 млн. тонна астық. Бұл туралы кеше «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Махажанов мәлім етті.
Ақмола облысында ел қазынасына жарты жылда 6 млрд. 19 млн. 200 мың теңге кедендік төлемдер аударылды. Осылайша өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, кедендік төлемдер мен салық көлемі 18 пайызға артып отыр.
Биыл Астанада 3500 орындық үш мектептің құрылысы аяқталады. Олар – Железнодорожный кентіндегі 1100 орындық, №19 көшенің бойындағы 1200 орындық және «Батығай» тұрғын үй кешеніндегі 1200 орындық білім ордалары. Бұдан бөлек, биыл 6 мың орындық жаңа 5 мектептің құрылысы басталды.
Шымкенттегі «Ордабасы құс» ЖШС күркетауық фабрикасы жылына 4828 тонна ет дайындауға жетті. Осында арнайы болған облыс әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде өнімін республикадан тыс Ресейдің бірқатар қалаларына жеткізіп отырған кәсіпорынға жоғары баға берді. Енді фабрика индустрияландырудың екінші кезеңінде қуаттылықты 8110 тоннаға жеткізгелі отыр.
Өскемен тұрғындарын экологиялық таза аудандарға көшіру бағдарламасы қолға алынады. Енді осы мақсатқа бюджеттен ақша бөлініп, негізгі жұмыстар жүре бастайды.
Қызылорда қаласында биылғы алты айда 611 млрд. 999 млн. теңгенің өнеркәсіп тауарлары өндірілді. Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық мәслихат сессиясына берген есебі кезінде мәлімдеді.
Қарағанды облысында 800 мың теңге пара алған тергеуші ұсталды. Абай аудандық ІІБ Топар полиция бөлімінде қызмет еткен тәртіп сақшысы жақын туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен арашалап қалу үшін екі азаматтан ақша бопсалаған.
«ҚазАқпарат», «Қазақстан жаңалықтары», Bnews.kz, TengriNews, EgemenNews хабарлары бойынша дайындалды.