Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2019

Қызылордада қайырымдылық телемарафоны өтті

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мейірімділік шапағаты» атты қайырымдылық телемарафонына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған шаралар жайлы айтып өтті.

Қызылордада қайырымдылық телемарафоны өтті

Телемарафон Алматы қаласы маңында ұшақ апатынан қаза тапқандар рухына арналған бір минуттық үнсіздік рәсімінен басталды.

Жыл басында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасы қабылданған. Онда табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, сондай-ақ, өңірлерді кешенді дамыту бағытындағы ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру шаралары көзделіп отыр. Ол үшін бюджеттен 42 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері ұлғайтылып, барлығы 31 мыңнан астам отбасына 20 млрд теңгеге жуық көмек көрсетілді.

Осы бағыттағы басқа да бастамаларды айтып өткен аймақ басшысы осы  қайырымдылық шарасының маңыздылығына айрықша тоқталды.

– Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Риясыз жасалған жақсылық – биік адамгершіліктің белгісі. Бүгінгі шара аясында жомарт жүрек азаматтардың тікелей қолдауымен қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, асыраушысынан айрылған жандарға, қарттар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Мемлекеттік қызметкерлер мен жекелеген азаматтар өздерінің бір күндік жалақысын аударып, 4 млн теңгеден аса қаржылай көмек берді. 2013 жылдан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты түлектерді оқытуға облыс әкімінің арнайы грантын тағайындап келеміз, бүгінгі күні мыңнан аса мектеп түлегі грант иегері атанды. Апатты жағдайдағы үйлер мен жатақханаларда тұрып келген отбасыларды жаңадан салған үйлерге қоныстандыру үрдісімізге айналды. Қызылорда облысы әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұр,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Айта кету керек, осындай қайырымдылық шаралары жыл көлемінде үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сонын ішінде  осы желтоқсан айында атаулы мерекелерге орай әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек көрсетілді.