Әдебиет • 30 Желтоқсан, 2019

Жыр-күйі жанры жандана ма?

1893 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақта жыр-күйі деген жанр – ежелден бар дәстүр. Яғни, әуелде жырланып, сосын күйге бергісіз толғау ретінде ел арасына кең тараған. Жыр-күйі – жыраулар мен жыршылар, термешілер қолданатын мақам, әуен. Әр дәуірдің, әр өңірдің бүгінде жыр, толғау, терме, дастан, қисса айтатын өзіне лайық мақам-сазы, әуені сақталған.

Жыр-күйі жанры жандана ма?

Тыңдаушыға ерекше әсер ететін бұл жанр композициялық құрылысы жағынан бір-бірін қайталамай, түрленіп орындалады. Оның бас­ты ерекшелігі – дәстүрлі 7-8 буынды жыр жолдарының аспаптық музыка тіліне түсіріліп, күй сарынымен орындалуында. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыздың идеясымен кезінде Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп...» толғауы  Сүгірдің «Ыңғайтөкпе» күйінің әуеніне салынып, алғаш Жәнібек Кәрменов орындауында халыққа жеткені мәлім. Кейін ұстаз өнегесін шәкірті Бекболат Тілеухан жалғастырып, заманауи тілмен айтқанда, хит әнге айналдырды.

Ал әнші орындайтын, Қарға бойлы Қазтуғанның: «Алаң да алаң, алаң жұрт», деп мұңмен өрілетін жыры Қазанғаптың «Көкіл» күйінің сазымен асқақтады. Осы тұрғыдан келгенде, жыр-күйі (күй-жыры) – жанрлық синкретизм, фольклорлық синтездің нәтижесі екені сезіледі. Яғни, бір жағы – жыр, екінші жағы – күйдің жүгін көтеретін өнер. Ғалым-мамандар жыр-күйі Қазақстанның батыс өңіріне тән болып келеді, ал Қаратау шертпелері шағын жыр-толғаулардан туған деп топшылайды. Сондай-ақ «жыр-күйі жеке жанр ретінде домбырада, қобызда орындалып жүргенін, Маңғыстау, Жамбыл облыс­тарына қоса Қарақалпақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан қазақтары арасында Қалнияз, Сүгір, Қожай, Мұрын, Қарабай, Ақтан, Теңелдік, Дүйсенбай, Шәдіман, Айтқұл жыраулардың жыр-күйлері сақталғанын,  Қобылаш жыршы толғау, терме, ерлік дастандарын өзінен бұрынғы жыраулардың 10-12 түрлі жыр-сазымен, Қарақалпақстанда тұратын Ұзақ Мыңбаев 20 шақты жыр-күйін, маңғыстаулық күйші Сержан Шәкіратов оннан аса жыр-күйін орындайтынын» алға тартады.

Белгілі фольклортанушы ғалым Қабибол­ла Сыдиықов «Маңғыстау жыршыларының саз-сарындары» еңбегінде Маңғыстаудың сарын­дарына тоқтала келіп, Маңғыстау мен Орталық Азия қазақтары арасында Ақтан сазы, Мұсаның сазы, Мұрын жыраудың сарыны, Дүйсенбай әуені, Сүгір сазы сияқты кең тараған біраз саз-әуендер сақталғанын жазыпты. Әр жырау-жыршының өзіндік саз-әуендері, жыр-әуені, жыр-сазы, жыр-мақамы, жыр-күйі бар деп ғылыми тұжырым жасаған екен. Ал Сержан Шәкіратов адайдың 20-ға жуық сазы белгілі болып отыр. Олар – қоңыр (2 нұсқасы), тайпалма, қомпылдақ, төмпек, желпіме, лекіме, қыздырма, тол­қыма, ырғама, мұңлық, сылқым, тыныс, сар­нама, шерлі, жайма, жыр-күйі, майпаз, иірме деп жазды. Мұнан бөлек Түмен сазы, Қалнияздың жыр-күйі, Нұрымның жыр-күйі, Ұзақбайдың жыр-сазы нотаға түсіріліп, Адайдың ырғамасы атты топтамаға енген көрінеді.

Айтайын дегеніміз, қазақтың телегей-теңіз терме-жырларының, осыншама қыруар мол халықтық қазынаның рухани байлық ретінде бағаланып, кеңінен насихатталмай отырғаны қынжылтады. Бұларды інжу-маржан күйлердің әуенімен әрлеп, сазымен сайратсақ, кім қолымыздан қағып отыр? Мән берсек, сирек кездесетін дәстүрлі өнер жанрының түбіне толық жарық түспей, зерттелмей, әлі қараңғы күйінде жатқан тұстары көпке ұқсайды.

Мысалы, ұлы музыкалық шығармаларды жаңғырту, бойына қан жүгірту – әлемдік тәжірибеде кең сипат алған үрдіс.  Беларусь­тың «Песняры» ансамблі жақында «Поло­нездің» вокалдық нұсқасын ұсынды. Музы­калық аспапқа жазылған шығармаға мәтін жазып, таратты. Бұл әнді әлеуметтік желідегі тыңдаушылардың саны миллионнан асып жығылыпты. Мәселе «Полонездің» жан тебірентерлік керемет туынды болып саналатынында емес, беларустардың оны түр­лентіп, екінші тынысын аша алуында болып отыр. Полякша «полонез» деген сөз біздің «туған жерге деген аңсар-сағыныш» деген ұғымға жақын екен. Поляк композиторы граф М.Огинский Т.Костюшко басқарған көтеріліске қатысқаны, патшалық Ресей өкіметі бұл қозғалысты аяусыз басқаны тарихтан мәлім. Қорлыққа шыдамаған композитор М.Огинский Италияға көшіп кетуге мәжбүр болады. Туған жерімен қош айтысар тұста бүкіл халықтың руханиятына ортақ мұра – «Огинскийдің полонезі», яғни «туған елімен қоштасу» полонезі дүниеге келеді. «Қайран, Еділ» мен «Полонездің» жанайқайы, мұңы неткен ұқсас еді! Екеуі де – еркіндік, азаттық аңсаған екі халықтың мұң-шерін шерткен музыкалық ірі туынды. Мұндай байтақ байлыққа өнердің қай жанрында жан бітірсек те артықтық етпейді.