Руханият • 30 Желтоқсан, 2019

Ормандағы ой

1006 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ормандағы ой

– Қыстыгүні орманға барайық­шы дегенім, сізге біртүрлі қызық болып көрінген шығар, – деді ол ангор ешкісінің жүнінен то­қыл­ған жып-жылы ақ бөкебай орамалының ұшын сүйріктей саусақтарымен шиыр­шық­тап, бір қайырып, бір жазып тұрып. – Қараңызшы, қандай тамаша. Аппақ қар, ашық кеңістік, айналадағының бәрі ап-анық көрінеді. Ауа қандай тап-таза.

Көк пен жердің арасына ті­реу бол­ғандай қасқайып тұрған ағаш­тарға қа­рап, демімді ішіме тартып, терең тыныс алдым. Шыңылтыр аяз араласқан саф таза ауа, расында да, сарайымды ашып, кеудемді тазартып өткендей болды.

– Жазда келсек, шыбын-шір­кей­лермен таласып жүріп же­міс-жидек терер едік. Бірақ, өз басым, қыстағы орманның ты­ныш­тығын ұнатамын. Жаңа жыл­ды қарсы алмақ болып жан­та­ласып, біреуі шырша арқалап, енді біреуі ойын­шық тасып, әуре-сар­саң боп жатқан ана-а-ау қаладағы бәсе­кешіл жұрттың қызғанышы мен екіжүзділігінен әбден шар­шадым-м... Біле білсеңіз бар ғой, осында келген сайын менің құс болып ұшып, не болмаса, аң болып жортып кеткім келеді.

Мен басымды шайқадым. «Ақымақ қыз!..»

– Неге? – деді ол менің ойым­ды оқып қойғандай жүзіме қадала қарап. – Құстар мен аңдардың арасында бәсеке де, қызғаныш та жоқ қой.

– Бірақ, олар бірін бірі өлтіріп, қу тамағына азық етіп жатады емес пе?!

Ол менен мұндай ащы шын­дықты алғаш рет естігендей таң­дана қарап, көзі бақырайып, үн қата алмай қалды.

Аздан соң, ақырын ғана:

– Мынау дүние неге бұлай болып жаратылған, а? – деді күбірлеп.

Мен иығымды қозғадым. Қайдан білейін...