Қоғам • 30 Желтоқсан, 2019

Ахқо-ның негізгі бағыттары туралы Қазақстанда жасыл бондтар қашан шығарылады?

365 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2019 жыл АХҚО-ның негізгі бағыттары бойынша да табысты жыл болды. Капитал нарығын дамыту, активтерді басқару, қар­жылық технологиялар, исламдық қаржыландыру және жеке тұл­ға­лардың дәулетін басқару, жасыл қаржы нарығын дамыту сын­ды бес басты бағытты дамытуды қолға алған орталық, бүгін­де өңір­дің исламдық және жасыл қаржы хабына айналуды көз­деп отыр.

Ахқо-ның негізгі бағыттары туралы Қазақстанда жасыл бондтар қашан шығарылады?

Қазіргі таңда АХҚО-да ал­ғаш­қы жасыл бондтарды шы­ғару алаңы дайын. Өйткені АХҚО Бир­жасы іске қосылып, рет­теу­ші база әзірленді, жасыл об­ли­­га­циялардың шығару ере­же­­лері бекітілді, ресми сайтта мүд­делі эми­тенттерге арналған тиісті ны­сандар да жарияланып, қол­жетім­ді болды. Қазіргі таңда жасыл облигациялардың мүдделі эми­тенттері қатарында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкім­­діктері, ірі энергетикалық, сон­дай-ақ жасыл жобалары бар, алайда қаржыландыруды қа­жет ететін компаниялар табылуы мүм­кін. Қазірдің өзінде Азия инф­­ра­құрылымдық даму банкі сын­ды дүниежүзілік даму банк­тері жасыл облигацияларға инвес­тиция құюға қызығушылық таны­тып отыр. Сондай-ақ АХҚО Жа­сыл қаржы орталығы жасыл обли­гациялардың мүдделі эми­тент­­терімен үнемі кездесіп, кон­суль­тациялық қолдау көрсетіп тұрады.

 Исламдық қаржыландыру

АХҚО исламдық қаржы­лан­дыру саласын дамытуға көңіл бө­лу­де. АХҚО былтыр ислам қар­жы­сы саласындағы ірі беделді сый­лық – Global Islamic Finance Awards-ты марапаттау барысында бірден үш марапатты жеңіп алғаны бұған дәлел бола алады. Осылайша, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов исламдық қар­жыландыруға институционал­ды қолдау көрсеткені үшін арнайы жүлденің иегері атанса, Ис­лам­дық қаржыландыру де­пар­та­ментінің директоры Әлібек Нұрбеков исламдық қаржы­лан­дыру саласындағы саясатты қа­лып­тастырғаны үшін арнайы жеке сыйлықпен марапатталды. Ал АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бю­росы исламдық қаржы сала­сын­дағы адами капиталды дамыту бастамасы үшін үздік деп та­ныл­ды. Үш бірдей халықаралық дең­гейдегі марапатты жеңіп алу GIFA тарапынан берілген жоғары баға деп есептелінеді әрі АХҚО-ның исламдық қаржыландырудың ірі өңірлік қаржылық хабы ұс­танымын нығайтады. Ең бастысы, ол Қазақстанда аталған бағытты да­мытуға зор серпін беретіні анық. 2017 жылы GIFA марапатын беру рәсімі елордада өткенін атап өт­кен орынды.

Қазіргі таңда АХҚО-да ислам­дық қаржыландырудың толық­қанды нарығы қалыптасуда. Сон­дай-ақ орталықта АХҚО Азия даму банкі, Исламдық даму банкі, Islamic Financial Services Board (IFSB), Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions (AAOIFI) және General Council for Islamic Banks and Financial Institutions (CIBAFI) халықаралық ұйымдарының қол­дауымен, үздік исламдық қар­жылық тәжірибе мен стандарт­тарға сәйкес қолайлы нормативті және құқықтық база қалыптасқан.

Финтех хабында қолға алмақ?

АХҚО Fintech хабы – Қазақ­стан мен Орталық Азиядағы қаржы­­лық технологиялар нарығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, жоғары сапалы инфрақұры­лым­ды қалыптастырады. Бұл ретте орталық қаржы технологияларына баса назар аударып, түрлі салаға цифрлы технологиялар ен­­гізу жұмысын жолға қойған. Атал­­­ған хаб іске қосылғалы бері, аз жұмыс атқарылған жоқ. М­ә­се­лен, Қазақстан Премьер-Ми­нистрі Асқар Маминнің Сан-Фран­­цискоға сапары барысында Ор­талық Азиядағы және елдегі ин­но­вациялық технологиялардың көш­б­асшы холдингі саналатын Darmen Holding пен штаб-пәтері Крем­ний алқабында орналасқан аме­р­икалық Plug and Play Tech Center стартап-платформасы ара­сын­да келісімге қол жеткізілді. Аталғ­ан компания венчурлық ин­вес­­ти­­циялық қор, стартап-аксе­лера­­торлар және корпоративтік ин­но­­вациялармен айналысады. Ал­­дағы уақытта компания АХҚО ала­­ңын­да тіркелуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар биыл АХҚО Fintech хабы Сингапурде өткен FinTech Festival 2019 шарасына қатысты. Әлемнің 130-дан ас­­там елінен 60 мыңнан ас­там адам қатысқан шара бары­сында АХҚО Fintech хабы өкіл­дері Monetary Authority of Singapore ұйым­дас­тырушылары, Синга­пурлік финтех қауымдастығы, AI Singapore, DIFC Fintech Hive сынды әлемдік ірі компания өкілдерімен кездесті.

Орталық қолға алған тағы бір ірі істердің бірі – Орталық Азия­да алғаш рет өткізілген «Visa Ever­y­w­­here Initiative» бастамасы бол­­­ды. Осы іс-шара нәтижесінде өңір­дің үздік стартапшылары өз­дерінің жобаларын ұсынып, бай­қау жеңімпаздары анықталды.

Бұдан бөлек Fintech хаб мен­торлық платформаны іске қосқан. Ол бойынша әлемнің финтех, IТ, маркетинг және өзге де салалары бойынша білікті мамандары стартапшыларға қолдау көр­се­тіп, өздерінің білімі мен тәжі­ри­­белерін ортаға салады. Яғни, бұл бастама стартапшыларға АХҚО қаржылық хабы арқылы білік­ті мамандардан кеңес алуға мүм­кіндік береді. Ал үстіміздегі жыл­дың 31 қаңтарында АХҚО Global Financial Innovation Network бастамасына қосылды. Бұл бірлестікке әлемнің 29 қаржы реттеушісі мен мекемесі енеді. Аталған ұйымға мүше болу арқылы стартапшылар өздерінің инновациялық өнімдерін, қыз­меттер мен бизнес-үлгілерді Ұлы­британия, АҚШ және Сингапур сынды әлемнің бірнеше елінде бір уақытта сынақтан өткізу мүм­кіндігіне ие болады. Жалпы АХҚО Финтех хабының өз реттеуші «құм алаңы» бар. Бүгінде онда банк қызметтері, блокчейн және өзге де қаржы технологиялары са­ла­сындағы 16 компанияның жо­ба­лары қабылданған.

 Адами капиталды дамыту жолында не істеуде?

АХҚО-да барлық қажетті органдар құрылғанымен, олардың табысты қызмет етуі үшін адами капиталды дамыту қажеттілігі туын­дады. Оның үстіне халықтың қаржылық сауаттылығын көтеріп, елде халықаралық деңгейдегі қар­жы мамандарының легін қа­лыптастыру мәселесінің де мәні зор екені анық. Осы орайда бұл мәселелерді шешуге сеп болатын АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы іске қосылды.

АХҚО бюросы жергілікті ма­­­ман­дардың кәсіби дамуы мен бі­лік­­тілігін арттырып, өңір­дегі жо­ғары білікті, білімді маман­дар­дың жеткілікті құрамын қалып­тас­тыруға мүмкіндік беретін ең­бек капиталын жақсарту мақса­тында жаңадан құрылған кәсіби даму орталығына айналды.

Бүгінде бюрода кәсіби даму бағытында 16 сала бойынша бағ­дарлама іске қосылған. Маман­дардың біліктілігін халықаралық стандарттарға дейін көтеру мақ­сатында бюро мемлекеттің қол­дауымен шартты гранттар бағдар­ламасын жүзеге асыруда. Оның аясында CFA және ACCA сынды халықаралық сертификаттарға ие болуға кең жол ашады. Мәселен, еліміздің кез келген тұрғыны халықаралық сертификатқа барынша дайындалып, оны сәтті тапсырған болса, емтиханға кеткен барлық шығындарды шартты грант ұту арқылы кері қайтару мүмкіндігіне ие болады.

Бюро құрылған күннен бастап 3 мыңға жуық отандық маман халықаралық деңгейде білімін шыңдап үлгерді.

Әлем тарапынан мойындалу

АХҚО әлемдік қаржы орта­лық­тары қатарынан көрініп, ха­лық­аралық деңгейде беделге ие болу жолында айтарлықтай же­тіс­­­тіктерге қол жеткізді. Мәсе­лен, АХҚО GFCI қаржы орталық­та­ры­­ның жаһандық индексінде 102-ден 51-ші орынға көтерілді. Бұл 2018 жылдың наурыз айымен салыс­тырғанда 37 позицияға жо­ғары. Сондай-ақ АХҚО «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» өңі­рінің рей­тингінде 1-орын­ға ие болды.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт То­қаев: «Нұр-Сұлтан қаласы Шы­ғыс Еуропа мен Орталық Азия өңі­ріндегі қаржы орталықтары арасында көш бастады. АХҚО-ның сәтті жұмыс істеуі үшін бүгінде барлық жағдай жасалып, қажетті инфрақұрылым қалыптасты дей аламыз. Енді бізге тек тәжірибелік тұрғыда нәтижелер күту қалды», деп атап өтті.