30 Желтоқсан, 2019

Әсия Ермұхамбетова: Бізде ғалымдардың еңбек құқықтары ешқандай ескерілмеген

1325 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Журналистік жолда күн сайын сан түрлі шаралар мен жиындарға қатысасың. Соның бірінен шыққанда электронды «күнделікке»: «Қазақ ғылымының екінші тынысы ашылып келеді екен. Бүгін көздерінен жалын көрген жас ғалымдар осы ойға бекінтті. Олар өздерін-өздері қалыптастырып жүр», деп жазған ек. Сол сөзге, қоғам ішіндегі «Бізде өзі ғылым бар ма?» деген күмәнді сейілтуге себепкер болған, ғылым түгілі жаңа әрі жалынды ғылыми ортаның негізі қаланғанына көзімізді жеткізген жандардың бірі, Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхамбетовамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Әсия Ермұхамбетова: Бізде ғалымдардың еңбек құқықтары ешқандай ескерілмеген

Ғалымдардың бейресми алаңын қалыптастыруды көздедік

– Альянс қалай құрылды? Әңгімені осыдан бастасақ... Бұл бірлестіктің негізі мақсаты қандай?

– YRA (Young researchers alliance) 2018 жылы сәуірде ресми тіркеліп, таныстырылымы өтті. Жастардың альянс құру идеясы алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын шағын ұжым арасында айтыла бастады. Мен «Болашақ» бағдарламасымен Англияның UCL-дегі (Лондон университет колледжі) оқуымды аяқтап, туған жерге оралған кезде шетелдің үздік университеттерін бітірген достарым мен таныстарым да елге келе бастаған еді. Біз білім алған елдерде ықпалы жоғары, түрлі идеяларды іс жүзіне асырумен айналысатын докторанттардың қауымдастықтары жемісті қызмет етеді.  Елге оралған соң осыған ұқсас қауымдастықты алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында ғана емес, тіпті өзіміз еңбек етіп, оқып жүрген тәуелсіз Назарбаев университетінде де кездестіре алмадық. Содан «Бұл бізде неге жоқ?» деген сұрақ туындап, нәтижесінде достармен бірге оны Назарбаев университетінің ішінен құруды ұйғардық. Кішігірім қауымдастығымыз университеттегі студенттердің өзекті проблемаларын, тың ойлары мен жаңа идеяларын жеткізетін, басшылық санасатын докторанттардың «дауысына» айналды. Кейін біздің бұл үнімізді өзге де жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың ғылыми қызметкерлері ести бастады. Қауымдастықтың кеңістігі өздігінен кеңейді. Түрлі университеттердегі студенттердің сұрауымен семинар-тренинг секілді шағын шаралар ұйымдастыруды қолға алдық. Жарқын жобалар ойға келгенде ресми тіркелмесек, ауқымды жұмыстарды істей алмайтынымызды біліп, арнайы альянс құрдық. Бастамамызды Назарбаев университетіндегі Әлеуметтік даму қоры қолдап, іске кірісіп кеттік. Альянстың мақсатына келсек, еліміздегі жас ғалымдардың ортасын, жинақтаған құнды тәжірибелерімен бөлісетін бейресми алаңын қалыптастыруды көздедік.

Бас фото

– Әр жобаның лайықты жүзеге асуы қаржылық қолдауға тікелей тәуелді. YRA-ның таныстырылымында Назарбаев университетінің (НУ) «Әлеуметтік даму қоры» 5 млн теңге бөлген екен. Бұл қаражат қалай жұмсалды?

– YRA-ның құрылтайшылары болып өз бастамамыз туралы қордың басшылығымен кездесіп, жобаларымыз бен жоспарларымызды ұсындық. Қор басшылығы қолдаудан бұрын бізге сенім білдірді. Өйткені олар жаңа бірлестіктің құрылтайшыларын бұған дейін студент және қызметкер ретінде жақсы танитын. Қор тарапынан бізге сенім артылуы үлкен демеу болды. Қор бөліп берген қаржыға біз YRA-ның алғашқы нетуоркингін және І ғылыми форумын ұйымдастырдық. Екі шара да оған қатысқан жас ғалымдарға тың серпіліс беріп, қорытындысында қорға тек есеп беріп қана қоймай, жұмысымыздың нәтижелі бола алатынын көрсеттік. Қор өз тарапынан бізді қолдауды одан әрі жалғастырды. Жақында өткен «YRA kezdesu» нетуоркинг-кешінде НУ-дың магистранттары мен докторанттары арасында болған байқаудың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттадық. Оның қорытындысы бойынша 27 студенттің ғылыми-зерттеу жұмыстарына 1 миллион теңгеге жуық грант бөлінді. Болашақта байқаудың ауқымы мен географиясын кеңейтіп, республика көлемінде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Жас ғалымдар Жастар жылының ерекшелігін сезінген де жоқ

– Сіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда еліміздің жас ғалымдары бас қосатын шараның ғалымдар арасындағы түрлі кертартпа көзқарастарды жоюға бағытталатынын жаздыңыз. Бұл қандай көзқарастар?

– Былтыр НУ және Халықаралық ғылыми-техникалық орталығы бірлесіп мені Жапонияда өткен конференцияға жіберді. Оған 4 мыңға жуық делегат қатысты. Аталған конференцияда әлемнің әр қиырынан келген 100 жас ғалымға арнап бөлек бағдарлама болды. Сол шарада қатысушылардың бейджінде (badge – белгі, таңба) аты-жөні мен мемлекеті ғана жазылған, яғни ешқандай лауазымы мен қызметі көрсетілмеген. Бұл көп адам үшін ешнәрсе аңғартпағанымен, конференцияға қатысушылардың шарадан өзіне керегін алуға жағдай жасалды. Осы идея көңілімнен шыққандықтан, оны әріптестермен келісіп YRA-ның алғашқы нетуоркинг жобасында қолдандық. Шараға жас ғалымдармен қатар салалық министрліктер мен мемлекеттік билік органдарының жоғары лауазым иелері, инвесторлар мен бизнесмендер, ғылымға қатысы және қызығушылығы бар адамдар шақырылды. Барлығы бір деңгейде ортақ тақырыптарды талқыға салды. Көрдіңіз бе? Қатардағы қарапайым ғылыми қызметкер ғылым саласын басқарып отырған жоғары лауазым иесімен теңдей дәрежеде тілдеседі. Бұл бастамалар бізді дамуға бастайды, санамыздың өзгеруіне ықпал етіп, түрлі проблемаларды шешудің ең тиімді және қолайлы жолдарын табуға көмектеседі. Демек, біз көпке ортақ түйткілдің түйінін тарқатуда атақ, мансап, қызметке қатысты қатып қалған стереотиптерді жойып, еркін қарым-қатынасқа келіп, күш біріктіргенде ғана нәтиже болатынын көрсетуге ұмтылдық. Бұдан бөлек біздің қоғамда ғалымдарды шашы ағарған, көзілдірік таққан қарт адам ретінде елестетеді және ғалымдар да өздерін кейде қоғамнан тыс, оқшау және жабық әлемде өмір сүретін қауым секілді сезінеді. Бұл аздай, ғылым мен ізденіске құлшынған жасөспірімдерді ата-аналары аяқтан тартып, «ғылым сені асыра алмайды» деп айнытады. Түрлі жобаларды сәтті орындап, үлкен жетістіктерге жеткен, ғылыми зерттеулерге халықаралық және отандық гранттарды жеңіп алып, ғылымға өз үлесін қосып, артынан еріп келе жатқан ұрпаққа үлгі болып, қоғамға өз пайдасын тигізіп жүрген дарынды жас ғалымдар арқылы осындай сыңаржақ пікірлерді түбегейлі өзгерткіміз келеді.

– Форматы бөлек болған «Yra kezdesu» нетуоркинг-кешін өткізуге атсалысқан ұйымдастырушылардың тегін қызмет еткенін айттыңыз. Ғылымның қарқынды дамуына волонтерлік қызмет керек пе? Жастар жылының қорытынды жиынында 2020 жыл Волонтерлер жылы болып жарияланды. Жастар жылы жас ғалымдарға не берді және Волонтерлер жылынан не күтесіз?

– Шындығында, ғалымдарымыздың қоғамдағы қатып қалған көзқарастарға қарамастан болмашы айлыққа жұмыс істеуінің өзін қоғамдық қызметке жатқызуға болады. Көп ғалымдар журналдарға, ғылыми еңбектерге сын-пікір беру, өзінен кейінгі буынға уақыт бөліп тренингтер мен менторлықты ұйымдастыру, халықты ағарту жұмыстарын тегін істейді. Иә, біз де осы қызметімізге ешқандай еңбекақы алмаймыз. Мұның бәрі – ғылым, ғылыми орта дамып кеңейсе деген ниеттен туындаған белсенділік. YRA-ға қатысты барлық жұмыстарды оның құрылтайшылары мен мүшелері негізгі қызметіне қосымша алып жүр.

Ғылымға волонтерлік қызметтен гөрі қоғамнан, мемлекеттік органдардан, инвесторлардан, ықпалды тұлғалардан және сіз сияқты журналистерден жанашырлық пен қолдау, кейде тіпті қайырымдылық қажет. Бірақ әріптестерімнің ғылымда волонтерлікпен айналысқанын құптамаймын. Себебі ғалымның жұмысы онсыз да ауыр, ал егер күш-жігерін қосымша волонтерлікке жұмсаса,  ғылыми өнімділігі күрт төмендейді. Дегенмен, әлемді әлеуметтік желілер «жаулаған» заманда өзінің уақытын бөліп, ғылымды дәріптеуге, көпшілік оқырман арасында ғылыми білім таратуға күш салып жүрген ғалымдардың еңбегіндей, волонтерлік, анығы қоғамдық қызмет керек-ақ.

Волонтерлер жылынан көп жаңалық күтпеймін. Жастар жылына келсек, жас ғалымдар өзге жылдармен салыстырғанда ауыз толтырып айтатындай айырмашылықты көрген де жоқ. Өйткені жас ғалымдардың ғылыми жобаларына арналып 3 млрд. теңге бөлінген байқаудың нәтижесі әлі де жарияланбай, тым ұзаққа созылып кетті. Десе де, осы Жастар жылында тиісті министрліктің жас ғалымдардың үніне құлақ асып, бет бұрғаны біршама байқалды. Білім және ғылым министрлігі жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Ғалымдардың жобаларына арналған гранттық байқауларды бұдан былай 3 жылда бір емес, жыл сайын өткізу шешімі де қабылданды.

Альянстың мүшелігіне қабылдау кодексі бар

– Қазір YRA-ның мүшелері 250-ге жуықтапты. Альянстың мүшелігіне өтудің қандай талаптары бар? YRA өзінің мүшелеріне не береді?

– Бүгінде альянс мүшелерінің арасында елде ғана емес, шетелдерде тұратын, оқып немесе жұмыс істеп жүрген жас ғалымдар да бар. Сонымен қатар ғалымдар ғана емес, ғылымға қатысы бар қызметтегі адамдар да қатарымызға қосылып жатыр. Бастапқыда альянсқа қабылдау кезінде ғылыммен тұрақты түрде айналысу, нақты жоба мен болашақ жоспардың болуы сынды қарапайым талаптар қойылды. Көп жағдайда Альянсқа мүше болып кіргендер оған білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген өз әріптестері мен таныстарын тартты. Бірақ уақыт өте келе бұл талаптар бірқатар өзгерістерге ұшырады, себебі альянсқа мүше болғысы келетіндердің саны артып, олардың арасында біз мүлде танымайтын адамдар да кездесті. Сондықтан YRA мүшелері сақтауға міндетті арнайы кодекс қабылданды, оған академиялық адалдық негіз болды. Кодексте ғылымда еңбектеніп жүрген өз әріптестеріне үлгі болу, адал еңбектерімен және табысты жұмыстарымен танылу сынды талаптар бар. Ал YRA өз мүшелеріне үлкен ғылыми қауымдастық пен жанұяның ажырамас бөлігі болу, ғылыми ортаға тартылу,  ниеттес әріптес пен серіктес табуға мүмкіндік сыйлайды.

yyyy

– YRA айына 2 рет өткізетін «Ғылымтану» жобасының қазан айындағы алғашқы отырысында болдым. Еркін талқылауға 10-нан аса адам қатысты. Ал желтоқсан айындағы жылдың қорытындысын жасаған «Ғылымтануға» 40-қа жуық адам тіркеліпті. Небәрі екі ай ішінде аудиторияның 3-4 есе өсуіне не себеп? Жас ғалымдардың ғылыми ортаны іздеп, аңсағанын айғақтай ма?

– Біз бастапқыда «Ғылымтануды» айына 2 рет өткізетінбіз. Бірақ бертін келе бұл көп күш-жігерді және уақытты талап ететінін түсініп, 1 мәрте ұйымдастыруды жөн көрдік. Өйткені YRA құрылтайшылары мен шараны ұйымдастырушылардың негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі керек. Алғашында YRA негізін қалаушылардың бірі, жас ғалым Бейбіт Әбдікенов түрлі тақырыптарға арналған осындай жиындарды өткізу туралы ұсынысын білдіргенде оған күмәнмен қарадық. «Тыңдаушылар бола ма? Қызықтыра аламыз ба?» деген ойлар да болды. Содан Бейбіт бұл істі өз қолына алып, алғашқы «Ғылымтануда» өзі спикер ретінде баяндама жасады. Ал 2019 жылдың соңғы «Ғылымтануын» ұйымдастыру кезінде қатысуға ерік білдірген адамдар санының екі есе артуына байланысты алдын ала белгіленген өту орнын өзгертуге тура келді. Аз ғана уақыттың ішінде экономика мен экология, саясаттану мен жасанды интеллект, биомедицина мен энергетика салаларындағы тақырыптарды жан-жақты талқылау өткіздік. Ғалымдар сөзсіз ғылыми ортаның болғанын, нық қалыптасқанын және сол арқылы ортақ мәселенің шешу жолын бірге іздеп, замандастарының немен айналысып жатқанын білуді қалайды. Бұдан да бұрын білгенімен бөлісіп, бір-бірімен ақпарат алмасуға, белгілі бір бағытқа түсу үшін сол жолды жүріп өткен адамдардан ақыл-кеңес пен тәжірибе алуға, танымын кеңейтуге зәру.

Ғалымдарымыз үміт пен күдіктің ортасында өмір сүреді

– Еліміздегі ғылымның дамуын не тежеп тұр?

– Бұл түйткілдің тереңінде әбден қордаланған мәселелер жатыр. Оның ең басында сонау тоқырау жылдарындағы ғылыми ортаның жоғалуы, ғалымдардың елден немесе ғылымнан кетуі, ғылыми институттардың жаппай жабылуы тұр. Одан ғалымдар мен ғылыми институттар қоғамнан тыс, оқшау өмір сүрді. Бұл кезең адамдардың ғылымға келмейтін немесе өте сирек бет бұратын дағдарыс кезеңіне айналды. Қазір ғылымның көптеген салаларында орта буын жоқ, яғни ғылымда жастар мен жасы келген ғалымдар жүр. Аға буын өкілдері кеңестік негіздегі ғылымнан шығып, тәуелсіздікті баянды етуге күш салды, бірақ ғылым дағдарысқа ұшыраған кезде тұтас бір буыннан айырылып қалдық. Бұл жағдайдан отандық ғылым әлі де зардап шегіп жатыр. Кеңес билігі тұсында қазақстандық ғалымдар Кеңес Одағының ең басты ғылыми орталығы міндетін атқарған Мәскеуге тәуелді болып, КСРО-ның шеңберінен шыға алмады. Ал кейін ғалымдар жаңа жүйе мен жаңа заман талаптарына дайын болмай шықты, өзгерген жағдайда отандық ғалымдар үшін мықты шетелдік журналдарға өз зерттеулерін жариялау күрделі әрі басты мәселелердің біріне айналды. Бұған қоса қарыштап дамыған интернет кеңістігіндегі ашық қорлар да плагиатқа жол ашты. Ал бүгінгі өзекті мәселелерге келсек, грант негізінде қаржыландырылатын ғылыми жобаларды орындаумен айналысып жүрген ғалымдарымыз, өкінішке қарай, 1 жылдан кейін жағдайдың қандай болатынын білмейді. «Жоба алдағы байқауда грант ұта ма, жүзеге аса ма, қолдау бола ма, қажетті қаржы бөліне ме?» деген үміт пен күдіктің ортасында өмір сүреді. Мысалы, ғалым сырқаттанып қалса немесе декреттік демалысқа шықса, оған бұл үшін ақша төленбейді және жоба оның ауырып яки сәбиін өсіріп алғанын күтіп тұрмайды. Керісінше нәтиже қатаң талап етіледі. Ғалымдардың жағдайы, мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік қамсыздандырылуы, конституциялық және еңбек құқықтары ешқандай ескерілмеген.

– Мүмкін грантты ғылыми институттарға бөліп, ғалымдарды жұмысқа тарту керек шығар?

– Ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар немесе лабораториялардағы қызметкерлер де жоба аясында жұмыс істейді. Сондықтан бұл қосылғыштардың орнын ғана ауыстырып қойғанмен бірдей болады. Өйткені гранттық жоба болмаса, жалақы да, зерттеу де, ғылыми жаңалық та жоқ. Ғылыми бағыттар да дамымайды және бәсекеге қабілетті жас ғалымдар да пісіп жетілмейді.

mmm

Ең үлкен қолдау – үнімізді есту, санасу

– «Мидың сыртқа ағуы» туралы сөз соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Жас ғалымдардың да шетелге кеткісі келетінін ашық айтатыны байқалады. Неге шекара асуды қалайды?

– Өйткені біз әлі күнге тұрпайы бюрократизмнен толық арылған жоқпыз. Оның үстіне ХХІ ғасырда өмір сүрсек те мәнсіз, ақылға сыймайтын таптаурын талаптар қажытып жібереді. Қарапайым бір жобаны гранттық байқауға тапсыру үшін отандық ғалым жобаның өтінімін де, оны орындау туралы есепті де үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) қатар жазып, өткізуі тиіс. Бір қағазды үш тілде толтырады(!) Мұндай талаптың қажеті қанша? Былтыр ғана байқауға құжат тапсырушылар өтінімді онлайн тапсырды. Оған дейін бір бума қағазын арқалап, есептерді қабылдайтын сараптама орталығы орналасқан Алматыға шапқылайтын. Грантты ұтып алып, оны жүзеге асырғаннан кейінгі аралық және қорытынды есептер де Ғылым комитетінің талабы бойынша тек қағаз түрінде ғана қабылданды. Бұдан қала берді ғылым және білім саласы жемқорлықтан арылатын емес. Озық ғылымы бар  алдыңғы қатарлы елдерде ғалымдар мұндай түкке тұрғысыз ұсақ-түйекке бас қатырмайды. Біздегі жүйе адамға, ғалымға, оның зерттеуіне еш сенбейді, нәтижең, жаңалығың болса да, оны растайтын құжаттардың түр-түрін талап етеді. Бізде ғалымдар бюрократиялық қиындықтар мен кедергілерді жеңе жүріп, ғылыми жобасымен бірге менеджерлік, хатшылық сынды сан түрлі қызметті қатар орындауға мәжбүр. Ғылымға деген қасаң көзқарас, ғалымдарды алдыңғы қатарға қоспау, елемеу де шетелге кетуге итермелейді.

– Мүмкін жас ғалымдарды қолдау үлкендер тарапынан жетіспей жатқан болар...

– 2018 жылдың басында мені «Жас ғалымдарды қалай қолдау керек?» деген тақырыпты талқылайтын шараға шақырды. Екі замандас-әріптесіммен бірге бардым. Үлкен үстелді айнала бірыңғай жасы үлкен ғалымдар, институттардың директорлары отыр екен. Сонда Ғылым комитетінің бұрынғы өкілі ірі академиктер мен құрметті қарт кісілерден кішкентай бала секілді есеп алды. Сол көрініс жаныма қатты батты, осыдан кейін қайдағы қолдау деген ойға келдім. Ал жас ғалымдарды қалай қолдау керектігін, неге мұқтаж екенін сол жас буынның өзінен де сұрамайды. Көп ой сөз күйінде қалып қояды, іске жүзінде көрмейміз. Олардың ең үлкен қолдауы – өзінен кейінгіні елеп-ескеру, жоққа шығармау, үнімізді есту, санасу. Адам сонда ғана өзін өзгеге, қоғамға керек сезінеді. Мұндай сезім санаңа ұялағанда ғана еліңе аянбай еңбек ету жолын таңдай аласың!

Жалпы, аға буын мен жас ғалымдар арасында үлкен бір қайшылық бар деген де айтылады, келіспеймін. Қарт ғалымдардың ішінде ерекше, еркін ойлайтындары аз да болса бар. Ғалымдар арасындағы екі айрық жол физиологиялық емес, жаңаша бағытты, заманауи жүйені қабылдау мен қабылдамаудан пайда болып отыр. Түсініспеушілік пен қасақана қабылдамау жас ерекшелікке емес, адамның ішкі әлеуетіне, оның түйсігі мен санасына, мәдениеті мен біліміне байланысты.

«Тоқтай тұрыңдар...»

– YRA-ның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз.

– Жоспар да, табысты бола алатын жобалар да өте көп. Көптігі сонша, кейде достарға «Тоқтай тұрыңдар, осы айтқандарымызды алдымен жүзеге асырып алайық» деп басу айтамын. Қарапайым мысал, соңғы өткен «Ғылымтануға» сонау Семейден арнайы келіп қатысқан қонағымыз болды. Университет ректоры қызметкерін біздің шараға арнайы іссапармен жіберіпті. Сол қонағымыз бізді еліміздің шығысына шақырып кетті. Алдағы уақытта облыстардағы ғалымдармен жұмысымыздың қарқын алғанын қалаймыз. 

– Сұхбатыңызға рақмет! Сізге және YRA-ға жаңа жылда жаңа табыстар тілейміз!  

– Биыл ғасырлық мерейтойын атап өткен «Егемен Қазақстанның» ғұмыры мыңжылдықтарға ұласып, оқырмандары көбейе берсін! 

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»