Экономика • 31 Желтоқсан, 2019

Атқарылған істе айтарлықтай нәтиже бар

213 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл соңында әр саладағы атқарылған жұмыстарды, қол жеткізілген көрсеткіштерді саралап, қорытындылайтын дәстүр бар. Желтоқсанның орта шенінде негізгі әлеуметтік-экономикалық нәтижелер белгілі бола бастаған-ды. Соның бірқатарына көз жүгіртіп көрейік.

Атқарылған істе айтарлықтай нәтиже бар

ІЖӨ өсімі – 4,4 пайыз

Ресми дерекке сүйенсек, көрсет­кішке көңіл толғандай. ІЖӨ өсімі 11 айда 4,4 пайызға жетті. Халықтың та­бысы 6,4 пайызға жоғарылады. Құ­рылыс секторындағы өсім 12,1 па­йыздан, сауда – 7,5 пайыз, көлік сала­сындағы өсім көрсеткіші 5,6 пайыз, өңдеу секторы, оның ішінде машина жасаудағы өсім 19 пайыздан асты.

Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордың активі 60,5 млрд-қа жеткенін хабарлады. 11 айда рес­­публикалық бюджетке 9595,7 млрд теңге кіріс кіріп, Премьер-Ми­­нистр Асқар Мамин оны «Бюд­жет­тің кіріс бөлігі бойынша биыл­ғы жоспар асыра орындалды» деп бағалады. Желтоқсан айын қоса ал­ғандағы көрсеткіштер әлі тол­ық қорытындылана қойған жоқ. Деген­мен өсім қарқыны жыл бойы бәсең­демегенін ескерген Үкімет былтыр­ғыдан асып түсетініне сенімді.

Доңыз жылы әлеуметтік салаға бұрын-соңды болып көрмеген мол қаражат жұмсалғанын айта кетейік. Былтыр оған 2,6 трлн теңге бөлінсе, биыл 2,9 трлн-ға жетті. Бекітілген 3 жылдық бюджет жоспары бойынша келер жылы 3 триллионнан асып түсетіні тағы бар.

2010 жылы басталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бесжылдығы биыл мәреге жеткен болатын. Осы бағдарлама аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 25-орынға, яғни 2015 жылмен салыс­тырғанда 16 позицияға көтерілді.

«Нұрлы жол» не берді?

Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында «Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек. Бұл стратегиялық жоба. Соның арқасында көлік инф­ра­құрылымы жаңғыртылады. Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашы­ғын айтсақ, шенеуніктердің қал­та­сында кетті, ал таза су жоқ және басқа да инфрақұрылымдардың жағ­дайы әлі сол күйінде» деген болатын.

Президент Жолдауынан кейін 3 айға жуық уақыт өткенде «Нұрлы жолдың» 5 жылы қорытындыланды. 5 жылда көлік саласына шамамен 5,8 трлн теңге жұмсалды. Оның 2 трлн 540 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған 3 трлн 274 млрд-ы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің үлесінде. Қаржының негізгі бөлігі автомобиль жолдары мен темір жол жобаларына бағытталып, нәтижесінде, 3 мың ша­қырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы салынды, реконструкцияланды. Соның ішінде 15 мың шақырым облыстық және аудан­дық маңызы бар автомобиль жолы жөнделіп, 1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді. 5 жыл­да 400 мыңнан астам жұмыс ор­­ны құ­ры­лып, ІЖӨ-дегі көлік сала­сы­ның үлесі 8,3 пайыз болды. Кон­тей­­нер­лер­дің жалпы транзиті – 3 есе, тран­­зиттен түсетін кіріс – 4,3 есе, жүк тасы­малы транзитінің көлемі – 1,5 есе, тран­зиттік авиажолаушылар саны 4 есе өсті.

Бұған қоса Қытаймен шекарадағы терминалдардың өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайды. Ақтау порты кеңейтіліп, Құрық порты салынды, сөйтіп Каспийдегі порт инфрақұрылымының қуаты жылына 27 млн тоннаға дейін артты.

Ақылы жолдар деген түсінік қара­пайым жүргізушілердің де, автота­сымалдаушылардың да санасына біршама берік орныққан сыңайлы. Биыл жолдан жинала­тын қаржы 4 млрд теңгеден асқа­нын айта кету керек. Қазақстан­дағы ақылы жолдардың ұзақтығы 700 ша­қырымға жуықтайды. Олар: «Нұр-Сұлтан – Щучъе» – 211 км; «Нұр-Сұлтан – Теміртау» – 134 км; «Алматы – Қапшағай» – 42 км; «Ал­маты – Қорғас» – 295 км. Келер жылы «Нұр­лы жолдың» 2020-2025 жылдарға ар­нал­ған жаңа кезеңі «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының екінші кезеңі басталады. 

Биыл «Бизнестің жол картасы­ның» алғашқы кезеңі мәреге жет­кенін жоғарыда айтып өттік. Осы ба­ғ­дар­ламаның негізгі мақсаты және және орта бизнестің рөлін арттыру екені мәлім. 5 жыл ішінде ІЖӨ-дегі ша­ғын және орта бизнестің үлесі 28 пайыздан артық ұлғайды. Бүгінде ШОБ субъектілерінің саны – 1,3 млн. Бұл бағдарлама басталған 2015 жылғы көрсеткіштен 400 мыңға көп.

«Бизнестің жол картасы-2020» ая­сында бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 16 мың­нан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылды, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды, 15,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді.

Үкімет бағдарламаның 2025 жыл­ға дейінгі жаңа жобасын әзір­легенін айта кетейік. Ресми дерек бойынша оны жүзеге асыруға 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бесжылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаяды. 2025 жылға дейін ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу көзделген.

Сыртқы сауда серпіні

Қаңтар-қыркүйек айларында жалпы сыртқы сауда айналымының көлемі 70,3 млрд долларға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,9 па­йыз­ға жоғары көрсеткіш. Экспорт көле­мі импортпен салыстырғанда бір жарым еседей жоғары – 42,7 млрд және 27,6 млрд. Есесіне биыл елге сырттан келген импорт көлемі былтырғыдан ұлғайғаны байқалады. Сарапшылар оны бірінші кезекте шикі мұнай экспорттау көлемінің төмен­дегенімен байланыстырады. Сыртқы сауданың жартысынан көбі – 57,1 пайызы «қара алтынның» үле­сінде. Дегенмен мұнай экспорты был­­тыр­ғымен салыстырғанда (61,9 па­йыз) тө­мендегенін де айта кету керек.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда айналымының үлесі бір жылда 21 пайызға жетіп, қаңтар-қыркүйек айларында 70 млрд доллардан асты. Алайда, одақтас елдердің арасында Қазақстанның импорттаушы ретіндегі рөлі басымдау. ЕАЭО елдерінен импорттайтын тауар экспорттан 2,3 есе көп. 11 айда одақтас ел­дерден 10,3 млрд доллардың тауарын алып, 4,4 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарыппыз.

Жалпы, Қазақстанның ең ауқым­ды тауар айналымын орнатқан 10 мемлекеттің бесеуі Еуропа мемле­кеті, үшеуі – Азиялық ел, қалған екеуі ТМД-дағы көршілеріміз (2019 жыл­дың 11 айы). Оған жекелей тоқта­лар болсақ, алғашқы орын Ресейге тиесілі: экспорт – 12 млрд 245 млн доллар. Қазақстаннан экспортталатын тауар көлемі бойынша одан кейінгі орындарда: Қытай 9,205 млрд; Италия – 6,774 млрд доллар; Оңтүстік Корея – 4,397 млрд; Фран­ция – 3,02, млрд; Нидерланды – 2,9 млрд; Түркия – 2,1 млрд доллар; Өзбекстан – 1,9 млрд; Испания – 1,8 млрд; Швейцария – 1,5 млрд доллар. Биыл Қазақстанның экспорт нарығындағы елдердің саны 119-ға көбейіп, тауар номенклатурасы 800-ге жуықтады.

Сауда және интеграция министр­лігі таратқан ресми дерекке жүгінсек, биылғы 11 айда еліміз жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 61 экспорттық келісімге қол жеткізіпті. Министр Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта Қытай, АҚШ, Еуроодақ елдерінің нарығына басым көңіл бөлінбек.

 «Астана» ХҚО-ның адымы

Ел экономикасының өсімін қам­та­ма­сыз ететін басты құралдар­дың бірі болуға тиіс делінген «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңы арқылы биыл 130 млн доллар инвес­тиция тартылды. Әлемнің 35 елі­нің 350 компаниясы елордадағы қар­жы орталығына тіркеліп, жос­­пар­­ланған меже артығымен орын­дал­ды. Ыстанбұл, Варшава, Буда­пешт, Мәскеу және Баку қала­ларын артта қалдырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орта­лықтарының арасында алғаш­қы орынға көтерілді. Қаржы орта­лық­тарының Жаһандық индексінде (GEFI`26) 104 орталықтың арасынан 51-орынға көтерілді. Нарық капиталы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, қаржы технологиясы, ислам қаржысы, «жасыл» қаржы сынды 6 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін «Астана» ХҚО «Белдеу және жол» бастамасы аясында халықаралық ASIAMONEY журналы тарапынан «Жыл жобасы» деп танылды.

7,7 миллион адамды қамтитын жоба

Биыл бастау алған «Ауыл – ел бесігі» жобасын айтпай кете алмаймыз. Бүгінде ел халқының 7,7 миллионы, яғни 42 пайызы ауылдық жерде тұрады. Жаңа жобаның аясында 6443 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3 477-сі іріктеліп алынды. Спутниктік ауылдарды дамытуға алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд теңге керек. Үкімет бұл соманың 70 пайызын, яғни 630 млрд теңгені республикалық бюджеттен, қалған 270 млрд-ты жергілікті бюджеттен бөлуді жоспарлап отыр.

«Ауыл – ел бесігінің» аясында 7 жылда 7 миллион адамның тұр­­мы­сын жақсарту көзделген. 7 мың ша­қырымнан астам кентішілік кө­ше салынып, барлығына ауызсу жет­кізіледі, әлеуметтік нысан­дар жаңғыртылады. 17 мың маманға ауыл­дық жерден тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Қазір 700 мыңдай адам тұратын 53 ауыл­да 30 млрд теңгенің инфрақұ­ры­лымдық жұмысы басталып та кетті.