Қоғам • 31 Желтоқсан, 2019

Әлеуметтің әлеуеті артқан жыл

461 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл қазақстандық әлеуметтің әлеуеті артқан жыл болды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы бетбұрысты шешімдері де аталған салаға қан жүгірте түсті. Әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған азаматтарға берілер көмек көлемі артты. Бұл іс қоғам тарапынан да қызу қолдауға ие болды.

Әлеуметтің әлеуеті артқан жыл

АӘК елдің еңсесін көтерді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әлеу­меттік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамытуды тапсырған еді. «Мемлекет мұқтаж жандарға кө­мек көрсету үшін барлық қа­жетті шараларды қабылдауда. Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақ­ты сарапталмай қабылданды. Нәти­жесінде бұл патерналистік пи­ғыл­ды­ң айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақ­станда атаулы әлеуметтік кө­мек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға арт­қан. Әлеуметтік көмекке бюджет­тен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айт­қан­да, жұмыс істегісі келмейтін адам­дар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жа­сы­­р­а­тындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік кө­мек алатыны туралы деректер бұ­ған дейін бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рын­да жарияланған болатын. Тағы да атап өтемін.

Конституция бойынша біз­дің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз аза­­мат­тар алдындағы міндет­те­рін орындауы тиіс. Үкімет өз жұ­­­мы­сында осы қағидатты бас­шы­лық­қа алуға міндетті», деді. Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға төленеді. Алай­да, АӘК тағайындаудың жаңа те­тік­тері әр отбасына жеке тәсілді ұсы­­нады. Негізгі қағида – шынымен кө­мек­ке мұқтаж адамдарға кө­мек­тесу. Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрде­ма­қы емес, табы­сы аз отбасылардың қар­жы­лық жағдайын жақсартуға және дағ­дарысты еңсеру үшін олардың ре­сурстарын ынталандыруға ба­ғыт­талған қиын жағдайға тап бол­ған азаматтарға мемлекет тара­пы­на­н қолдау көрсету. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қор­ғау минис­трл­ігі Мемлекет бас­шы­сының Қа­зақстан халқына Жол­да­уында ай­тылған тапсырмасына сәйкес АӘК ұсынудың жаңа тетіктерін әзірлеген болатын. Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов «Биылғы 1 сәуірден бас­тап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді», деген болатын. Сонымен қатар шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі – 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған. Осы жылдың тоғыз айында атау­лы әлеуметтік көмек 417 мың отба­­сыға немесе 2,1 млн адамға таға­­йындалған. АӘК орташа мөл­шері 2,5 есеге ұлғайтылған. Енгізілген АӘК тетігінің оң және теріс фактілері бар. Өкінішке қарай, жекелеген азаматтар атау­лы әлеуметтік көмектің кеңей­тіл­ген мүмкіндіктерін теріс пайда­лан­ған деректер де кездесті. Мы­салы, атаулы әлеуметтік кө­мек тағайындау кезінде 73 мыңнан астам отбасы табысын жа­сы­рып, атаулы әлеуметтік кө­мек­тің заң­сыз тағайындалғаны анық­тал­ған. Жақында Үкіметтің бас­па­­сөз орталығында Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Бердібек Сапар­баев Мемлекет басшы­сы­­ның тапсыр­маларын іске асыру барысы және 2020 жылға қойылған басым мін­деттер туралы айтып, 2019 жылы атау­лы əлеуметтік көмекпен 1,6 млн қазақстандық қамтылғанын, оның ішінде
1,1 млн-ы балалар екенін атап өтті. Сонымен қатар Үкімет берген тапсырманы жергі­лік­ті билік органдары пысықтады, олар қосымша қолдау шараларын көрсететін болды. «Соның нəтижесінде, 2,2 млн-ға жуық қазақстандық 128 млрд теңге сомасына қосымша əлеуметтік қол­дау­мен қамтылды» деді вице-премьер. Бұдан басқа, табысын жасырумен, масылдықтың артуымен, т.б. байланысты АƏК қате есептеу мəселелері шешілді. Үкімет заң жобасын əзірледі, оны Парламент мақұлдады. «Бұл жер­дегі ең басты мəселе – көп бала­лы отбасыларға мемлекеттік жəр­де­мақылар төленеді, бұл ретте мұндай отбасылардың та­быс­тары ескерілмейді. АƏК бұ­рын қалай төленсе, солай сақта­лады. Жаңа көмек түрі – кепіл­ден­ді­ріл­ген əлеуметтік пакет» деді Б.Сапарбаев.

 Жастарға арналған жалдамалы пәтер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 23 қаңтарда өткен Жастар жылы­ның ашылу салтанатында: «Жас отба­сыларға арналған баспана мәсе­лесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет. Бұл пәтерлер жалда­­малы баспана санатына жатқы­зыл­уы тиіс» деген болатын. Жас­­­тарды жалдамалы пәтермен қамту мәселесі Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лық­қа Жолдауында да баса айтылды. Тапсырманы орындау мақса­тын­да мемлекет бюджетінен 21 млрд теңге қаржы бөлініп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жеке-жеке 1050 пәтер, Шымкент қаласында 900 пәтер жалға берілді. Статистика бойынша елімізде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 4 млн-ға жуықтайды. Оның 245 мыңы елордада тұрса, 700 мыңы Алматы қаласында, ал 260 мыңы Шымкент шаһарында қоныстанған. Жаңа бағдарлама бойынша 5 жыл мерзімге жалға берілетін баспанаға ай сайын 10-12 мың теңге төлейді. Ол үшін тұрақты жұмыс орныңыз және 40 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 110 мың теңге) кем емес еңбекақыңыз болуы шарт. Соның ішінде жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек етіп жүрген 29 жасқа толмаған азаматтар үміт­кер бола алады. Әсіресе жас отба­сыларға, нарықта неғұрлым сұ­ра­ныс­қа ие 100 мамандықтың бірін мең­гергендер, жас кәсіп­кер­лер және бюджеттік ұйымдардың қыз­мет­­керлеріне басымдық беріл­ген.

 Қарызы кешірілгендердің қатары қалың

Белгілі болғандай 26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, оларға уақтылы көмек көрсету мақсатында №34 Жар­лық­­қа қол қойып, борышы ке­ші­ріл­етін кісілердің алты сана­тын айқындаған болатын. Соған сай 15 шілдеде Үкіметтің №520 қаулысы жарияланып, 2 қыркүйекке дейін бұл шараны аяқтау айтылған еді. Президент Жарлығында көр­се­тіл­гендей, борышкер ең алдымен мынадай әлсіз топтың біріне жатуы керек: 1) көп балалы отбасылар, 2) асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, 3) мүгедек бала­лары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, 4) атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар, 5) жетім балалар, 6) ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Екінші шарт – олардың қары­зы кепілсіз болуы тиіс. Үшін­ші­ден, қарыз алған кісінің 1 мау­сым­ға дейінгі қайтарылмаған бере­шегі 3 миллион теңгеден аспа­уы шарт. Төртіншіден, бо­рыш­кердің негізгі борышы мен оған есептелген сыйақысы 300 мың теңгеден аспауы керек делінген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Еркінбек Әмірғалиевтің айтуынша, көп балалы отбасылар саны – 345 475, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар саны – 169 855, атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар саны – 282 615, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар саны 98 580 екені анықталыпты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов кредиттері кешірілетін отбасылардың несиелерін өтеуге жұмсалатын ақшаны қайдан алатындарын түсіндіріп берген еді. Ә.Смайыловтың айтуынша, мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. «Кепілсіз тұтынушылық несиелерді, па­­йыздарды және біз осыған дейін атап өткен белгілі бір санаттағы тұлғалардың қарызын өтеу үшін мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. Оның 88,5 миллиардын республикалық бюджеттен аламыз. Ал 17 миллиард теңгеге жуық ақшаны біз Проблемалық кредиттер қорын­да­ғы арнайы облигациялардан аламыз. Сондай-ақ несие бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелерінің өз шотынан өтелетінін есте сақ­тау қажет», деген еді министр. Пре­зи­де­нт Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ­стан­дықтардың банк алдын­дағы берешегіне қатысты Жар­лы­ғы, қиын жағдайға тап бол­ған азаматтарға көмектесу, олар­ға өздерінің отбасыларының қар­жылық ахуалын айтарлықтай жақ­сартуға мүмкіндік беруге ба­ғыт­талған бір жолғы теңдессіз әлеу­меттік көмек көрсету акциясы деу­ге болады.

 Табыс артты

Биыл 1,5 млн мемлекеттік жəне азаматтық қызметшілердің еңбек­­ақысы көтерілді. Елба­сы­ның тап­сырмасы бойынша кəсіпо­рын­дардың басшылары да өзде­рінің төмен жалақы алатын жұ­мыс­кер­лерінің еңбекақысын 32%-ға көтерді. Осылайша 2019 жылы төмен жалақы алатын 1,2 млн қазақстандықтың еңбекақылары өсті. Алдағы жылы 500 мың мұғалімнің жалақысы 25%-ға арта­ды, 215 мың дəрігер мен мейір­бикенің жалақысы тиісінше 30% жəне 20%-ға көбейеді. 34 мың мəдениет, өнер жəне мұрағат қызметкерлерінің, сондай-ақ 25 мың əлеуметтік қызметкердің жала­қысы 30%-ға артады. «Еңбек» және «Серпін» бағдарламаларын іске асыруда елдің еңсесін көте­ріп, алға ұмтылуға көмек берді. Мини­с­т­р­­ліктің мәліметінше «Еңбек» бағ­­дарламасы аясында 1,5 млн адам жұмыспен қамтылған. Оны жү­зеге асыру қорытындысы бо­­йынша 1 млн жұмыс орны ашыл­ған, оның 800 мыңы тұрақты жұ­мыс орындары. Теңгерімді сақтау мақ­сатында бағдарлама 2025 жыл­ға дейін әзірленген. Осы­лай­ша, жұмыссыздық дең­ге­йін 4,8 па­йыздан 4,5 пайызға төмен­дету көзделген.

 Көп балалы аналарға көмек

Еліміз бойынша көп балалы отбасыларды баспанамен қамта­ма­сыз етуге Үкімет айрықша көңіл бөліп отырғаны белгілі. Жалпы, елімізде тұрғындардың әлеу­меттік тұрғыда аз қорғалған топ­тарына, көп балалы отбасылар мен аналарға қолдау көрсету шара­ла­ры жүйелі жүргізіліп келеді. Қазақ­станда ағымдағы жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін барлық қаржыландыру көздерінен 2743 көп балалы отбасы жалға берілетін тұрғын үйдің кілтін алды. Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша, ең көп жалға берілетін пәтерлер Шығыс Қазақстан облысында (366) берілсе, екінші орында көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Павлодар облысы (323), үшінші орында Алматы қаласы (322) тұр. Айта кететін тағы бір жайт, «Сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер» бағдарламасы бойынша көп балалы санатымен 251 азаматтың аты белгілі болды. Мемлекет көмек бере отырып, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуына да мүдделі. Бұл өз кезегінде əлеуметтік көмекке зəру жəне тұрмысы төмен көп балалы отбасыларды қоғамдағы əлеуметтік əлсіз топтар қатарынан шығуға септігін тигізді.