Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2019

Цукерберг оқыған мектепте оқып жүр

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстаннан шыққан оқушы-кәсіпкер Смайыл Мақышов биыл Phillips Exeter Academy мектебін бітіреді. Бұл – Niche рейтингісінің басында #1 болып тұрған АҚШ-тағы әйгілі оқу орны. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг те осы мектептің мақтанышы.

Цукерберг оқыған мектепте оқып жүр

Ал Смайыл Мақышев New Hampshire штатындағы аталған мектептің Қазақстаннан шыққан тұңғыш түлегі. Екінің біріне бұйырмайтын мұндай мектепке қазақ баласы қайдан тап болды десек, соңғы жылдары Смайыл үш стартап ашып, оның бірі әлем оқушылары қатысқан стартаптар конкурсында үздік деп танылған 20 стартаптың санатына іліккен. Сондай-ақ Смайыл АҚШ-тағы компьютерлік ғылым олимпиадасына  (USA Computing Olympiad) да қатысады. Бұл АҚШ-тағы компьютерлік бағдарламалар бойынша ең беделді жарыс болса, Смайыл осы олимпиаданың Алтын дивизиясына дейін жетіп (Gold Division), 2019 жылы New Hampshire Science and Engineering Expo олимпиадасында сандар теориясы жобасы бойынша математикадан 1 орынды иеленген.

Мұнан да бөлек, қазақ баласы аталған мектептің белсенді көшбасшысының бірі. Студенттік кеңес, Халықаралық студенттер альянсы,  Жас кәсіпкерлер клубы, Exeter LaunchX Club сияқты көптеген клубқа жетекшілік етеді.

– Мен кішкентай кезімнен алдыма жоғары мақсат қойдым. 10 жасымнан бас­тап ата-анамнан жырақтамын. Өз қызы­ғушылығыма сәйкес мектептер ауыстыра отырып, компьютерлік ғылым мен математикадан күрделі, жетілдірілген курстары бар және біріккен жобалар мен идеяларды бірге жүзеге асыра алатын қатарластарым бар мектеп табуға ше­шім қабылдадым. Осындай мектептердің қата­рында және тізімде бірінші болып, негізі 1781 жылы қаланған Phillips Exeter Academy тұр­ды. Жекеменшік мектептің студенттер қалашығына 11 жасымда келдім. Зерттей келе, іздеп жүргенім осы мектеп екенін түсіндім. Бұл мектепке барлық мемлекеттерден халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, ғылыми жобалардың жүлдегерлері, халықаралық деңгейдегі спортшылар мен талантты музыканттар, қысқасы, өз мектептерінің көшбасшылары бола алған оқушылары қабылданады екен. Алдағы күндері Phillips Exeter Academy мектебін аяқтайтын Мақышов қазір Халық­аралық студенттер кеңесін басқарады. Сон­дай-ақ ол мектеп қорынан бүкіл әлем бо­йынша шағын бизнесті қаржыландыра алатын Жас кәсіпкерлер клубына да жетекшілік етіп отыр. Бұл клуб 14 елдегі 28 шағын кәсіп­керге бастапқы несие берген. Өз мек­тебінен бөлек, өткен жылы жазда АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы 35-тен астам мектептің кәсіпкерлер клубының  аймақтық директоры болып тағайындалыпты. Ал LaunchX Сlubs – мектеп оқушыларына арналған кәсіпкерлік бойынша әлемдегі ең ірі бағдарлама.

 

АЛМАТЫ