Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2019

Аудан әкімінің жүлдесі сарапқа салынды

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сандықтау ауданы әкімінінің жүлдесі үшін волейболдан ерлер арасындағы дәстүрлі турнир өтті. Бұл жолы облысымыздың бірнеше аудандарынан келген командалар күш сынасты.  

Аудан әкімінің жүлдесі сарапқа салынды

Осыдан бірнеше жыл бұрын Балкашино селосында бой көтерген спорттық сауықтыру кешені әртүрлі жарыстар өткізіп, жаттығулар жасауға мол мүмкіндік туғызып отыр.

–Аудан әкімінің жүлдесі іргелес аудандардағы волейболшыларды да қызықтырады. Сондықтан жарысқа қатысушылардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Әсіресе, жастармен қатар спорт ардагерлері де волейбол алаңында әдемі ойын көрсетуде, дейді жарыстың төрешісі Виктор Карпов. 

Жарыс барысында жігер жанитын сәттер аз болған жоқ. Әрине, қайрат пен қажыр таразы басын тең тартқан сәттер де көрініс тапты. Қалай болғанда да спорт десе ішер асын жерге қоятын көпшіліктің басын қосқан думанды оқиға болды.

–Биыл командалар саны көбейді. Сондықтан жарыс өте қызықты өтуде. Мен ардагерлер командасына жетекшілік етемін. Арамызда волейбол ойнауды жеттік меңгерген замандастарым аз емес. Мақсат жеңіс емес, бұқаралық спортты дамыту деп ойлаймын, дейді спорт ардагері Берік Қанафин. 

Тартысты өткен турнир барысында тамаша ойын көрсеткен Бурабай  ауданының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Сандықтау ауданы әкімі аппаратының жігіттері еншіледі. Үшінші жүлдені Сандықтау селосынан келген волейболшылар алды.