Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2019

Ақмолада өзекті мәселелер аз емес

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте өңірдің өзекті мәселелері талқыланған жиын өтті. Отырыста сумен қамтамасыз ету мәселесі, желілер құрылысы, соның ішінде су тазалығы жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар аймақтағы автокөлік жолдарын күтіп ұстау мәселесі де қаралды. Жоспарланған жобаларға қажетті сомалар есептелінді. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев жауапты тұлғаларға аталған мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақмолада  өзекті мәселелер аз емес

Ақмола өңірі тұрғындарының 81 проценті ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Сумен жабдықтау желілерін жаңғырту аясында жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын 170 жоба жүзеге асырылған. Аймақ басшысы жаңа жобаны жүзеге асырмас бұрын, алдымен геологиялық зерттеу жасау қажеттігін ескертті.   

–Үкіметтің бақылауындағы мақсатты индикаторлар көрсеткіші бар, солармен байыпты жұмыс істеу қажет, деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Айта кетерлігі, 2019 жылы 59 елді мекенге жүргізілген геологиялық зерттеуге 450 миллион теңге қаржы бөлінген.

–Ақмола облысы бойынша 616 елді мекеннің 272-сі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 224-інде су орталықтандырылмаған, ал 20 елдімекенге су сырттан тасымалданады. Сумен қамтамасыз ету бағытында аймақта 357 су құбыры тартылған, дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Иван Юрченко.

Судың да сұрауы бар. Отырыста ауыз суға қатысты барлық мәселе ашық талқыланды. Өз елдімекендеріндегі су мәселесі бойынша аудан әкімдеріне сұрақтар қойылып, ауыз судың сапасы кеңінен сарапталды. 

–Сапасыз судан жұғатын ауру өңірімізде тіркелген жоқ. Бұл жерде алдын-алу шаралары, яғни вакцина егу өз нәтижесін беріп отыр. Жыл сайын 10 мыңға жуық адам егіледі. Сондықтан да гепатит вирусын жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Өткен жылы 22 адам тіркелсе, биылғы көрсеткіш 11, дейді облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Вакцина қоры жеткілікті. Су құрамының санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштеріне сынама жиі жасалып отырады. Қысқы мерзімдегі автокөлік жолдарын күтіп ұстау – әкімшілік отырысының күн тәртібінде екінші мәселе ретінде талқыланды. Қыста 5 мың жарымнан астам шақырым жол күтімді қажет етеді. 106 қар тазалайтын техникамен жабдықталған 12 мердігерлік компаниямен келісім-шарт жасалған.