Руханият • 31 Желтоқсан, 2019

«Қазақконцерт» әртістері қарияларға мерекелік тарту жасады

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» әртістері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарына арнап мерекелік қайырымдылық концерт өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.  

«Қазақконцерт» әртістері қарияларға мерекелік тарту жасады

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қамқорлықсыз қалған қарттардың күнделікті өміріне мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Қазақконцерт» ұйымы 2019 жылды осылайша қайырымдылық шарасымен аяқтады. «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, еліміздің басты өнер ошағы көптеген қайырымдылық іс-шараларын өткізген.

- Қазақконцерт үлкен мерекелерге орай қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған. Халқымызға тән мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерін негізге алып, біз әрдайым жүрек жылуына мұқтаж жандарға өнеріміз арқылы қолдау көрсетіп келеміз. Жақында ғана өткен «Жаңа жылдық кездесу-2» концертінде 1500 жуық билетті қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттарға табыстадық. Осы жақсы үрдістен алшақтамай, біз жылдың соңын да осындай ерекше концерттік бағдарламамен қорытындыладық. Мемлекет басшысы айтқандай, біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан келер жылы да «Қазақконцерт» ұйымы әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға қамқорлық жасауды жалғастырады, - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.

«Қазақконцерт» әртістері қариялар үшін баршаға танымал кеңес заманындағы әндер мен қазақ композиторларының туындыларынан құрылған ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік концертте Жеңіс Сейдуллаұлы, Азамат Желтыркөзов, Құрмаш Маханов, Нұрлытаң Ермек, Жанна Сандыбаева сынды белгілі опера және эстрада әншілері өнер көрсетті.

Ризашылық танытқан көрермен әртістерге қошемет көрсетіп, оларға алғыстарын жеткізді. Концерт соңында қариялар жүректеріне жылу мен қуаныш сезімдерін ұялатқан «Қазақконцерт» әртістеріне ақ баталарын беріп, жақсы тілектерін білдірді.