Руханият • 01 Қаңтар, 2020

Кітаптағы күншуақ

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кітаптағы күншуақ

Әуежайда уақыт қысқартпақ болып, өзімен бірге ала шыққан бір қызық кітаптың бетін ашқаны сол еді, кенет жарнама агенттігінің бір қызметкері жанына келіп: «Сәламатсыз ба, – деді оны көптен танитын кісі сияқты күлімсіреп. – Кешіріңіз, сіз жиі ұшасыз ба? Олай болса, біз осындағы ресторандарға, кафелерге, сондай-ақ, әртүрлі ақылы қызметтерге жиырма пайызға дейін жеңілдік жасай аламыз».

«Рахмет, – деді ол ойы бөлініп, көңіліне кірбің түскенін сездіргендей салқын қабақ танытып. – Білемін».

«Тыңдаңызшы, бұл сізге...».

«Жо-жоқ. Қажет емес».

Жарнама агентінің жүзіндегі жылы шуақ бұлтқа жасырынған күн секілді лезде күңгірт тартты да жар­намаға еріп, әп-сәтте тұтынушыға ай­нала салмаған жанға өкпелегендей жалт бұрылып кетті.

Ол кітапқа қайта үңіліп, ондағы қызық оқиға желісіне енді-енді ене бастағанда нақ төбесінен төне қараған тағы бір кісінің: «Әй, бауырым, қайда барып темекі тартып алсақ болады екен, а?!» деген даусы жетті құлағына.

«Тү-уһ!» деді іштей кейіп. «Біл­меймін».

Арада және бірнеше минут өткен­де етжеңділеу келген бір апай аяғын балпаң-балпаң басып бара жа­тып ұшаққа отырғызу дәлізінің қай­­да екенін сұрады. Одан кейін қолын­да сәбиі бар жас келіншекке «Ана мен бала» бөлмесінің қайда екенін көрсетіп, жөн сілтеп жіберуге тура келді.

Ол тіпті, қолындағы кітаптың келесі бетін ашып та үлгерген жоқ. Өйт­кені қасындағы орындықта отыр­ған төртпақ денелі, қарасұр кісі қол жүктерін қарай тұруын өтініп, әжет­ханаға қарай беттеді.

Осы сәтте: «Япыр-ау, осы жұрт мені неге мазалай береді? – деген ой келді оған. – Басқалардан сұраса болмай ма?».

Кітаптан басын көтеріп, жан-жағы­на қарап еді, қаз-қатар тізілген орын­дықта отырған жолаушылардың барлығы дерлік қалта телефондарына үңіліп, қыбыр етпей қалыпты.

Кенет ол өзінің көптен бөлініп, бөтен соқпаққа түсіп кеткенін түсінді. Расында да бүгінгі ел бір-бірімен интернет арқылы жалғасып, интернет арқылы танысып, ой бөлісіп, жұмыс істеп жатқанда, олардың қатарындағы жай ғана кітап оқып отырған кісі не істерін білмей, ерігіп отырған біреу болып көрінбей ме!..

Тап осы сәтте әуежайдағы хабарландыру бюросы олар билет ал­ған ұшаққа отырғызу сегізінші дәлізде басталғанын хабарлады. Бір қы­зығы, ол қолындағы кітаптың бетін жауып, орнынан тұруы мұң екен, көңіл күйіне кірбің ұялатқан әлгі бір жағымсыз ой сол жерде төгіліп қал­ғандай бойы-басы жеңілдеп, еркін тыныс алды.

Әне, сол кезде барып оның ішкі дүниесінде: «Бәлкім, кітап оқып отырған кісі өзгелерге қарағанда әлдеқайда қайырымды, жүрегінің жылуы бар, иі жұмсақ жан болып көрінетін шығар,» деген ой шуақ шашты.