Қоғам • 01 Қаңтар, 2020

Жақсылық күткен жыл келді

1182 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жақсылық күткен жыл келді

Жалақы мен зейнетақы өсетін жыл

2020 жылы елімізде әлеуметтік салаға көңіл бөлу одан әрі жалғаса бермек. Мемлекет биыл бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысын, қариялардың зейнетақысын өсіруге бекінген-ді. Мәселен, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмалардың жүзеге аса бастағанының көрінісі. Президент 2019 жылы Тамыз конференциясында алдағы төрт жылда мұғалімдер жалақысы екі есе өсетінін айтқан болатын. Осылайша ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп отырмақ. Сол уәденің орындала бастайтын уақыты да келіп жеткен жайы бар. Ал еліміздегі мұғалімдердің 500 мыңға жуық екенін ескерсек, мемлекеттің аталған бастамасы талай отбасының табысын арттырары сөзсіз. Одан бөлек білім беру саласында қызмет етіп жүрген, магистр дәрежесі бар мамандардың жалақысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстеме қосылады. Бұл дегеніңіз шамамен 26 мыңнан астам теңге. Өйткені 2020 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2651 теңге болып бекітілді.

Сонымен қатар мәдениет саласының қызметкерлері 2020 жылдан бастап бұ­рын­­ғыға қарағанда 35-тен 50 пайыз артық жалақы алады. Бұл саланың қызметкерлері шамамен 35 мыңға жуық. Ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30-дан 60 пайызға дейін көтеріледі. Бұл дегеніңіз – шамамен 25 мың адам. 2020 жылы дәрігерлер мен мейірбикелердің де жалақысы өседі. Есеп-қисап жасаған мамандар олар­дың алғашқыларының жалақысы 30, соң­ғы­ла­рының еңбекақысы 20 пайызға өсетінін алға тартып отыр.

Айтпақшы, 2020 жылы зейнетақы да өседі. Мемлекеттік базалық зейнетақы 5 пайызға көбейіп, 16 мың 839 теңгеге жетеді де ең төменгі зейнетақы мөлшері 38 мың 636 теңге болмақ. Сөйтіп еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 мың теңгеге жақындайды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен біршама көп әрі ең төменгі жалақы мөлшеріне де жақындайды. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылы 31 мың 183 теңге болып белгіленсе, ең аз жалақы 42 мың 500 теңге болады.

Сонымен қатар 2020 жылдан бастап студенттердің шәкіртақылары да өседі. Өскенде де бірден 25 пайызға көтерілейін деп тұр. Осылайша бакалаврда оқып жүрген студенттің шәкіртақысы 26 мың 186 теңгеге жетсе, магистратурада оқитындар 66 мың 913, докторанттар 102 мың 498 теңге шәкіртақы алатын болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кірген жыл біраз азаматтың табысын көбейтетін түрі бар.

 Жәрдемақы берудің жаңа үлгісі ме

2019 жылдың ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партия­сының XVIII съезінде еліміздегі әлеу­мет­тік мәселелерге айрықша назар аударып, атаулы әлеуметтік көмек көлемін арттыруды тапсырған болатын. Сөйтіп бұқара «21 мың» деп атап кеткен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісін ұсыну ісі басталған. Енді көп балалы отбасылар мен аналарға қолдау көрсетудің жаңа тәртібі енгізіліп отыр. Сөйтіп 2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленетін болды. Бұл жәрдемақы отбасы табысына қарамастан беріледі. Ереже бойынша кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көп балалы отбасыларға әлгі жәрдемақы беріледі. Төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 42 мың 496, бес балалы отбасыға 53 мың 127, алты балалы отбасыға 63 мың 757 теңге беріледі. Жеті және одан да көп баласы бар отбасылар ай сайын мемлекеттен 74 мың 388 теңге жәрдемақы алып тұратын болды. Ал атаулы әлеуметтік көмек биылдан бастап алты немесе он екі айға емес, әр тоқсан үшін тағайындалады. Әрі бұл ереже жалқаулардың өзін жұмыс істеуге мәжбүр етуі бек мүмкін. Өйткені отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек әлгі отбасыға берілмейтін болды. Одан бөлек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына арнайы әлеуметтік пакет беріледі. «Кепілдендірілген әлеуметтік пакет» деп аталатын осынау жиынтыққа мектеп жасына дейінгі балалардың азық-түлігі мен гигиеналық құралдары, мектепте оқитындарға тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен құрал-жабдықтар беру, мектепке барып-келу үшін жол шығындарын өтеу тәрізді жеңілдіктер енген. Яғни мемлекет бұқараның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барын салып жатыр. «Балық та, қармақ та беріп» отырған жайы бар.

Бәрі қаңтардан басталады...

Елімізде ең төменгі күнкөріс дең­ге­йінің өзгеруіне байланысты мүгедек жандар үшін берілетін жәрдемақы көлемі де артты. Сөйтіп түрлі топтарға кіретін ерекше қажеттілігі бар азаматтарға 32 мың 431 теңгеден 59 мың 872 теңгеге дейін жәрдемақы төленеді. Ал асыраушысынан айырылған жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 26 мың 818 теңгеден 65 мың 797 теңге аралығындағы соманы құрайды. Ал тұл жетім қалған азаматтардың әрқайсысына төленетін жәрдемақы 36 мың 796 теңгеге жетті. Алайда мұндай жәрдемақыны есептеудің де өзіндік тәртібі бар. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрінде де «алма піс, аузыма түс» принципі жүрмейді.

АЕК көлемінің өсуіне байланысты биыл дүниеге келген әр сәби үшін берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері де өзгерді. Сөйтіп 2020 жылдан бастап тұңғыш бала мен екінші, үшінші сәбилер үшін берілетін төлем көлемі 38 АЕК-ке жетіп, шамамен 100 мың теңгеден асты. Ал төртінші бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы 167 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Әрине бұл қаржы «ана капиталы» болып саналмайды, бірақ мемлекеттің аналар мен сәбилерді қолдауының бір тәсілі. Одан бөлек мемлекет жұмыс істемейтін аналардың бала қарағаны үшін беретін қаржысын да есептеп қойыпты. Тұңғыш баласын бағып-қағып отырған анаға бір жылға дейін 15 мыңнан астам, екінші баласын дүниеге әкелген анаға 18 мың, үшінші сәби үшін 20 мың, төртінші және одан да көп баланы өмірге әкелген аналар үшін 23 мың теңге ай сайын беріледі. Бұл қаржыны жұмыс істемейтін аналарға тек бір жыл бойы беру ғана көзделген.

Қысқасы, мемлекет бала күтіміне, бала санына байланысты отбасыларға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Сондай-ақ биыл еңбек қатынастарына, соның ішінде жұмысқа қабілетсіз болып қалғандарға берілетін жәрдемақы көлемі де өзгерді.

 Сақтандыру медицинаға да жетті

Ендігі әңгіменің бұқараның қалтасы мен қоржынына тікелей қатысы жоқ. Бірақ бәрібір әлеуметтік саланың дамуына тікелей қатысы бар ақпараттар. Айталық, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе халықтың 94 пайызын қамтитыны туралы болжам бар. Бұл жүйеге қатысушы азамат қорға үнемі қаржы аударып отыруы тиіс. Бұл қаржының 1 пайызы жұмысшының еңбекақысынан, 2 пайызы жұмыс берушінің еңбекақы қорынан аударылады. Ал шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және өзге де жеке еңбек етіп жүргендер төменгі жалақы мөлшерінің 1,4 еселенген мөлшерінен 5 пайыз көлемінде қаржы аударуы керек. Азаматтық құқықтық келісімшарт арқылы жұмыс істеп жүргендер табысының 1 пайызын қорға аударуға міндетті. Ал мемлекет 15 санатқа кіретін азаматтар үшін қорға қаржыны өзі аударады. Сөйтіп міндетті медициналық сақтандыру қорына жиналған қаржыны кейін басы ауырып, балтыры сыздағанда қолданудың, тіпті қымбат емханалар мен ауруханалардың қызметін пайдаланудың мүмкіндігі туады. Әрине тегін медициналық көмектің кепілдік берілген белгілі бір мөлшері сақталады, бірақ бәрібір 2020 жылдан бастап «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» меңгеретін түріміз бар. 

Тағы біраз жаңалық білім беру саласында болмақ. Атап айтқанда жан басына шаққандағы қаржыландыру жү­йе­сі салаға енгізіледі. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының білім беруді және ғы­лым­ды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы жұмысын бастады. Сол бағдарламаға сәйкес әр мектепті жан басына шаққанда қаржыландыру енгізілмек. Сонымен қатар 2020 жылы еліміздегі барлық мектепті бейнебақылаумен қамтамасыз ету көзделген. Әрі 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде бірде-бір мектептің оқушысы даладағы дәрет­ха­на­ны қолданбайтын болады. Оған дейін дәретханасы сыртта орна­ласқан 2514 мектептің мәселесі шешілмек. Мұны Вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтқан еді. Әрине білім беру саласының мазмұнына қатысты түрлі жаңалықтар болуы мүмкін. Президент жоғары оқу орындарының сапасын көтеруді тапсырғанын ескерсек, биыл да біраз университет жабылып, тағы біразының басқару үлгісі өзгеруі мүмкін. Бірақ мектептерге қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін енгізу 2020 жылы жүзеге аса қоймайды. Жаңа әліпбиді пысықтап, әлі де жетілдіре түсу қажет. Мұны салаға жауапты министрліктегілер жақсы біледі.