Аймақтар • 01 Қаңтар, 2020

Маңғыстауда бір тәулікте «жедел жәрдемге» 827 шақырту түскен

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылдың 31 желтоқсанынан 2020 жылдың 1 қаңтарына қараған түні, яғни тәулік ішінде Маңғыстау облысының  шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясына 827 шақырту түскен. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулықсақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда бір тәулікте «жедел жәрдемге» 827 шақырту түскен

Оның ішінде Ақтау қаласы бойынша - 316, ал аудандар бойынша - 511. Ауруханаларға барлығы 76 адам жеткізілген. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығына 12, Ақтау қалалық перинаталдық орталығына 6, облыстық психикалық денсаулық орталығы 1, инфекциялық бөлімшеге 4, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 25 және т.б.

Екі жағдайда адам өлімі тіркелген.

Біріншісі - 1942 жылы туған кісі, өзі ауырып үйінде төсекте көз жұмған. Екінші жағдай - теңіз порты аумағында ер адам суицид жасаған, яғни дарға асылып қалған. Оның себебін қазіргі таңда полиция анықтау үстінде.

4 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жеңіл түрде жарақат алған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды.

Сонымен қатар, «103» қызметіне телефон шақырту жасап, соңынан бас бас тартқан 13 жағдай болды және 5 жағдайда қайта шақырту берілген. Жүктілікпен байланысты 27 шақырту болды, оның 24 бойынша аяғы ауыр әйелдер перинаталдық орталықтарға жеткізілді. Ал 13 әйел орталыққа жатқызылды.

«Жедел жәрдем» қызметі Маңғыстау облыстық ауруханаға 20 адам жеткізген.

Атап айтқанда, 1 адам миокард инфартімен кардиореанимацияға жеткізілді. Неврология бөлімшесіне 1 пациент, тағы 1 азамат пульмонологияға жатқызылған. Сондай-ақ, травмотологияға түрлі жарақатпен түскендер де болды, оның ішінде жол-көлік оқиғасына түскен 2 адам бар.

Ақтау қаласы бойынша сприттік ішімдік ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезіну бойынша жедел жәрдем станциясына 8 рет телефон шалғандар болды. Оның ішінде суррогаттық алкогольмен уланған 2 тұрғын Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Сонымен бірге 1978 жылы туған тағы бір қала тұрғыны 2019 жылы желтоқсанның 31 күні түнгі сағат 23:00 шамасында пиротехникалық бұйымды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамай, қолынан жарақат алған. Ауруханада жатып ем алу қажеттігі жоқ болғандықтан, алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген.

Маңғыстау облысы