Елдіктің еңсесін биіктетер 2020 жылдың алғашқы Жарлығы 2 қаңтарда шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Қаулы етіп, бұл құжатта «Қостанай облысы Қостанай ауданының аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылсын; Затобол кенті Тобыл қаласы болып қайта аталсын» деп көрсетілді. Аталған Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Осылайша туған жерге ту тігіп, айдар тағу өңірді түлетуге түрткі болмақ. Тобыл болып түрленген қала Тобыл өзенінің оң жағалауынан орын тепкен. Бұрынғы Затобол кентін қайта атау бастамасы қашаннан бері көтеріліп, оған қала мәртебесін беру де назардан түскен жоқ. Кенттің қала мәртебесін алуы ондағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайға оң серпін беретініне, орталықта халыққа қолайлы ғимараттар бой көтеретініне сенімдіміз. Қазірдің өзінде жаңа шағын аудандар салынған елді мекен одан әрі өркендей түспек. Мұнымен Қостанай облысында алтыншы қала қанат жаяды.
Бұған дейін жергілікті деңгейде талай рет талқыланған бұл мәселеге келгенде тұрғындардың пікірі екіге бөлінген еді. 26 мыңнан аса халқы бар қалада түрлі этнос өкілдері шоғырланған. Олардың ішінде келмеске кеткен Кеңес Одағының кезінде таңылған Затобол атауын қалдыруды құптайтындар да болды. Дегенмен кентті қайта атау қала ретінде дамуға бастайтыны көпшіліктің көңіліне сенім ұялатты. Қалай болғанда да шаңыраққа қарап тіршілігін жасаған тұрғындардың ортақ мақсатқа жұмылуы бірлігімізді нығайтып, берекемізді кіргізері даусыз.
Сонымен қатар қаланың Тобыл аталуы өңірдегі мемлекеттік тілдің әлеуетін күшейтуге де септігін тигізеді. Бұл қаладағы үш балабақшаның біреуі ғана балдырғандарды қазақ тілінде тәрбиелесе, төрт мектептің тек біреуі мемлекеттік тілде білім береді екен.
Осының алдында Қостанай облысындағы Таран ауданы Бейімбет Майлин деп қайта аталған еді. Соңғы кездерді облыста ономастика саласындағы жұмыстар оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Өңірдегі 142 ауылдық округтің 42-сі, 556 ауылдың 63-і, 6138 көшенің 602-сі идеологиялық тұрғыдан ескірген. Өткен екі жыл ішінде 1 аудан, 7 ауылдық округ, 7 ауыл, 106 көше және 14 нысанның атаулары өзгертілген. Жалпы, Президент Әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде идеологиялық тұрғыда ескірген 5017 көше, 901 елді мекен және 940 нысан бар екен. Олардың негізгі бөлігі Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында орналасқан.
Жер атауларының тарихымыздан тамыр тартуы – тегімізден ажырамағанымыздың айғағы. Атамекеннің әр аймағы – елдің айнасы. Бұдан дәл бір жыл бұрын 3 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы және Зырян қаласының Алтай ауданы және Алтай қаласы болып аталғанына бар қазақ сүйінген еді. Осындай ақжолтай жаңалықпен биыл да жыл ашып отырмыз. Тобыл қаласы болып бойын тіктеген бұл мекеннің қойнауы құтқа тола берсін!