Қоғам • 05 Қаңтар, 2020

Игіліктер есіктен именбей енді

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат баласының игілігі үшін істеліп жатқан әлемдік деңгейдегі ауқымды шаруаның бірі – цифрландыру. Өмір сапасын арттырып, экономиканың тиімділігін көкке көтеретін ғаламат жобаны іске асырып, қажетке жаратудан біздің еліміз де тыс қалып отырған жоқ. Оған еліміздің индустриялық тірегі саналатын Қарағанды облысының өзіндік үлес қосып келе жатқаны да назар аударуға тұрарлық жайт.

Игіліктер есіктен именбей енді

Облыста цифрландыру бойынша жұмыстар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Жалпы, өңірде инновациялық экожүйе құру мақсатында былтырдан бері екі ірі халықаралық ІТ-форум ұйымдастырылғанын айта кету керек. Бұл жиындар аясында креативті идеяларға толы бағдарламалар әзірлеу үшін аса қызғылықты хакатондар, IT-бос орындар жәрмеңкесі, отандық және халықаралық спикерлер қатысқан дәрістер мен воркшоптар және цифр­лы технология көрмесі өткізілді.

Жоғарыда цифрландырудың облыста бірнеше бағыт бойынша сәтті жүзеге асып жатқанын айтып өттік. Мысалы, қазіргі таңда барлық медициналық ұйымдар өңірлік медициналық ақпараттық кешенді жүйе базасы негізінде бірыңғай ақпараттық өрісте жұмыс істейді. Бұл жерде «ДамуМед» мобильді қосымшасының әзірленгенін, қазір оны облыстағы 385 мың тұрғын белсенді түрде пайдаланып жүргенін ерекше атап айтуға болады.

Бұдан бөлек, 1,3 миллионнан астам электронды төлқұжат жасалғанын және оның облыс тұрғындарының 94%-ын қамтитынын цифрландыру ісіндегі жетістіктің бірі ретінде қарастыруға болады. Осы арқылы ұзын-сонар кезек азайып, емделушілер медициналық мекемелерге қайта-қайта келе бермейтін болды.

Елбасының экономиканың салаларын дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, облыста жасанды зердені енгізу бойынша жоба тұңғыш рет қолға алынды. Бұл – қызмет көрсету үлгісінің қағидасы бойынша медициналық кескінді сақтау және оны өңдеу жөніндегі PACS-жүйелер. Қазіргі таңда аталған жүйеге облыстың 27 медициналық ұйымы қосылған.

Білім беру саласында өңірдің мек­тептері толықтай қосылған «Білімал» деп аталатын бірыңғай ақпараттық кешенді жүйе жұмыс істейді. Кең­жо­лақты интернет желісіне қосылған мектептер саны да күннен-күнге артып келеді. Wi-Fi жүйесімен қамтылған мек­теп­тердің үлесі 49%-дан 65%-ға көбейді.

Қазіргі таңда орта мектептерде элек­тронды мектеп журнал бар. Мұ­ның өзі мұғалімдердің қағазбасты жұмыс­тардан арылып, ал­тын уақытын басқа да маңызды шаруаларға арнауына мүм­кін­дік берген. Сонымен қатар қазір ата-аналар push-хабарлама арқы­лы ба­лаларының оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуы жөніндегі ақпаратты күн сайын алып отырады. Яғни мектептердің барлық оқушылары мен мұғалімдері цифрлы білім беру ресурс­тарына қол жеткізген.

Тағы бір жағымды жаңалық, қазір облыстың мектепке дейінгі ұйым­дарының 59,6 пайызында балабақша кезегіне тұру және өтінім беру бо­йынша автоматты жүйе енгізілген. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау және тіркеу жүйесі де автоматтандырылған. Ал колледж­дерде «Электронды сессия», «Электронды қабылдау кампаниясы», «7-11-сынып оқушылары арасында электронды кәсіби бағдарлау кампаниясы» деп аталған жобалар іске асырылуда.

Облыс орталығындағы қоғам­дық көліктерге жеке тұлғалардың қар­жысы есебінен электронды билет қабылдау және электронды дис­петчерлендіру жүйелері енгізілуде. Бүгінге дейін Қарағандыдағы үш автопарктің 300 автобусында кабель тарту жұмыстары аяқталды. Енді көліктерге төлем терминалдары мен серверлер қойыла бас­тайды.

Облыстағы цифрландыру жұмыс­тарының ауыл шаруашылығы саласы бойынша да батыл жүргізіліп жатқаны қуантады. Мысалы, жергілікті «Шах­терское» және «Найдоровское» ЖШС-лерінде «Смарт ферма» және дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу бо­йынша екі сынақ жоба іске қосылды. Мамандардың есебі бойынша, дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу тұқым себілетін гектар көлемін 10-20%-ға ұлғайтып, тыңайтқыш шығынын 30-50%-ға, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жанар-жағармай шығынын 26-35%-ға азайтуға және астық өнімділігін 15-20%-ға көтеруге мүмкіндік береді. Бүгінде облыс бойын­ша жалпы көлемі 1 млн 435 мың гек­тар болатын 8,7 егістік алқап цифр­ланып, электронды картасы жасалған.

Елбасының облыстағы жер қоры туралы бірыңғай ақпараттық база құру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жер қатынастары са­ла­сындағы мемлекеттік қызмет көр­сетуді оңайлатуға мүмкіндік беретін өңір­лік геоақпараттық порталды әзір­леуге арналған жобаалды зерт­теу жүр­гізіліп жатқанын да айта кет­кен жөн.

Алдағы уақытта қауіпсіз қала бағ­дарламасы аясында Қарағанды қаласы бойынша «Цифрлы шағын аудан­дар» құру жоспарда бар. Бұл үшін екі мың кіреберіс пен аулаларға орна­тылған бейнекамералар түсірген көрі­ністер құрылғалы жатқан Бірың­ғай үйлестіру орталығына жеткізіліп отыра­тын болады. Ал қазір қала бойын­ша
6 мыңнан астам бейнебақылау каме­расы орнатылған. Осы жоба аясын­да тұр­ғындар 112 телефон нөмірі бо­­йынша өрт сөндіру, жедел жәр­дем, поли­ция сияқты шұғыл қызмет түр­­ле­ріне тікелей байланысқа шыға алады.

Қарағанды облыстық ақпарат­тан­дыру, мемлекеттік қызмет көрсе­ту және мұрағаттар басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Рустам Байжанов өңірді цифрлы медицина мен білім беру, электронды коммерция, хостинг, финтех, жүйелік интеграция салаларындағы аса ірі жобалардың отаны деп есептейді.

«Бұған осы іспен айналысқан адамдардың әлеуетінің арқасында қол жеткізілді. Цифрлы технология – жастар дамытып жатқан жас сала. Жаңа, жас сала болған соң айналасына жоғары талаптар қойып, екпінді түрде дамып келеді, оның кейде ырық бермей кететін тұстары да болып тұрады. Ал оны ырыққа көндіру үшін өзіңнің де күш-қуатың асып-тасқан, жаңаға құштар және қалыптастыруға қабілетті икемді зейін иесі болуың керек», дейді ол.

Қорыта айтқанда, Қарағанды облы­сында Ақпараттық технология­ларды дамыту қауымдастығы құры­лып, бүгінде қалыпты жұмыс істей бастаған. Осы ұйымның негізінде ІТ бі­ліктілігін көтеру, студенттер мен жас бағдарламашылар арасында нет­воркинг пен hard skills қабілетті­лігін арттыру жұмыстары ұдайы ұйым­дастырылып келеді.

 

Қарағанды облысы