Аймақтар • 05 Қаңтар, 2020

Ауған соғысының алуан сипаты

1575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамда Ауған соғысына, сол қанды қасапқа «Ин­тер­националдық борыш» деген желеумен жөнел­тіл­ген жауынгерлерге деген көзқарас уақыт өткен сайын құбыла түсіп, күр­деленіп келеді. Бір тарап бұл қантөгісті сол кез­дегі ортақ Отанның ал­дын­дағы қасиетті борыш­ты өтеу деп таныса, бәз­бі­реу­лер мұны бейбіт жат­қан мұсылман еліне жа­сал­ған басқыншылық деген біржақты баға бе­реді. Қа­лай дегенмен, тарих­та «Ауған соғысы» деген атпен қалған бұл қан­ды оқи­ғаның шындығы ег­жей-тегжейлі айтылуы тиіс және ол айтыла береді де...

Ауған соғысының алуан сипаты

Осы айтылғанның жарқын көрінісіндей, таяуда кеншілер астанасындағы облыстық тари­хи-өлкетану мұражайында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан же­­рі­не енуіне 40 жыл және шы­ға­­рыл­ғанына 30 жыл толуына арнал­ған көрме ұйымдас­тырылды.

«Ардагер» ауған соғысы ар­да­­герлері мен мүгедектерінің ода­ғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Ха­­сенов көрмеге қойылған жүзге тарта жәдігерді екі айға жуық уа­қыт жинағандарын айтады. Сө­ре­ге қойылған экспонаттар ара­­сында әскери киім-кешек, жарыл­ғыш заттар, оқ-дәрі сияқ­ты жәдігерлер, тіпті парашютке дейін қойылған.

– Бұл экспонаттардың бәрі шынайы, жауынгерлер қол­данған заттар. Осының бәрін біз бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақ өз батырларын біліп жүруі және ұмытпауы үшін облыстық мұражайға табыстадық, – дейді Т.Хасенов.

Көрме сөрелеріндегі Ауған соғысының алуан сипатынан сыр шертетін жәдігерлерді қаладағы Т.Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеле­ну­шілері, студенттер мен мектеп оқу­шылары қызыға тамашалады.

Аталған мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетовтің ай­туынша, атаулы даталар қар­­саңында музей қызмет­керлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­­гізген. Соның нәтижесінде көр­ме қоры Ауған соғысына қа­тыс­ты фотоматериалдармен, сирек кез­десетін құжаттармен және құнды экспонаттармен толыға түсіпті.

– Бүгінде көптеген адам «Бұл – біздің соғыс емес» де­ген­ді жиі айта бастады. Бірақ ол соғыста жігіттер өздерінің ин­тернационалдық боры­шын өтеді ғой. Олар өз жас­тығын тәрк етті, біреу өмірін қиды, олардың көбі қазір біздің батырларымыз. Мұны естен шығармауымыз керек, – дейді мұражай директоры.

Экспозиция барысында қара­ғандылық фотосуретші жә­не режиссер Дәулет Әбді­рах­манов­тың «Қызыл із» атты фо­тоальбомының таныс­ты­ры­лымы өтті. Сондай-ақ ауған жерінде оққа ұшқан жа­уын­герлердің аналарына ме­рей­тойлық медальдар табыс етілді.

Жалпы, Қарағанды облы­сынан үш мың жауынгер Ауған­станда өз­дерінің интер­на­ционалдық борышын өтеген. Олар­дың 81-і жат жерде қаза тапса, екеуі із-түзсіз жо­ға­лып ке­тіпті. Қазіргі таңда облыс­та 1502 ардагер бар, оның 690-ы Қарағанды қаласында тұра­ды.

 

ҚАРАҒАНДЫ