Қоғам • 05 Қаңтар, 2020

Мұғалжар мен Көшім жылқыларын өсіруге көңіл бөлсек...

2038 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде асыл тұқымды мал түрлерін өсіруге қатысты қабылданған бағдарламалардың алғашқы нәтижелері тәп-тәуір. Бұл істе ең алдымен мүйізді ірі қара және ұсақ мал санатындағы қой-ешкіні асылдандыру жұмыстары ойға бірінші оралады. Жөн-ақ.

Мұғалжар мен Көшім жылқыларын өсіруге көңіл бөлсек...

Әйтсе де төрт түліктің төресі іспеттес жылқы тұқымының жай-күйін жақсарту мәселесі алдыңғы аталған түліктердің тасасында қалып келеді десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Осы орайда нақты деректерге сүйенсек, биыл республикамызда асыл тұқымды жылқының үлесі оның жалпы санының небәрі 7,5 пайызын құраған екен. Қанағат тұтар көрсеткіш емес, әрине. Рас, республикамыздың кей өңірінде, соның ішінде Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 18-20 пайыздың аралығында болып отыр. Мұның өзі аталған облыс­тарда асыл тұқымды жылқы санын арттыру ісінде әжептәуір жұмыс қолға алынғанын көрсетсе керек. Сондықтан да «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, аталған облыстардың мысалында жылқы түлігін асылдандыру ісіне қатысты ізденістер мен іркілістер жөнінде әңгіме қозғағанды жөн көрдік.

Жылқы еті мен сүті, яғни аталған түліктен алынатын қымыз – ұлт ден­сау­лығына оң әсер ете алатын емдік тағам мен сусын екендігі белгілі. Бұл бүгінде ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Тіпті әлемде жылқы еті мен сүтіне деген сұраныс өсіп келеді. Өнімді мол беретін жылқы шаруашылығын өркендетудің қажеттілігі де осы тұстан туындайды.

Мұғалжар асыл тұқымды жыл­қысын өсірумен шұғылданатын «Ақ­төбе тәжі­рибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашы­лығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаевтың айтуынша, асыл тұқымды жылқы өсіру оңай шаруа емес. Бұл жанқиярлық еңбекті қажет етеді. Текті тұқым алудың бас­ты жолы – аталық малға байланысты. Бұл мәселе шешімін таппаса, асыл тұқымды жылқы өсіру мүмкін емес, дейді ол. Ғалымның тұжырымы бо­йынша, аталық малдың, яғни айғырдың жаңа тұқымын шығару көздеген мақсат пен табысқа жетудің басты кепілі, жаңа аталық із бұған дейінгі ізашарларымен салыстыра қарағанда салмағы мен сыртқы тұрқы және өнімділігі жоғары болуы тиіс. Осы талап барлық өңірдегі асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарына енгізілсе, биылғы 7,5 пайыздық көрсеткіш бірнеше есе өсер еді, дейді ол.

Бұл бағытта өңірдегі «Жанқанат», «Жансая» және «Сәт» шаруа қо­жа­лық­тары асылдандыру жұмыстарын бір ізге түсірді. Ал «Мұғалжар жылқылары» ЖШС аталған жауапты іске ғылыми көзқарас тұрғысынан терең мән бере бастағаны байқалады. Шаруашылық бағымындағы Мұғалжар және Көшім асыл тұқымды жылқылары етті әрі сүтті болуымен ерекшеленеді. Аталған серіктестікте таза қанды, өнімді мол беретін жылқы өсіру ісі жан-жақты ойластырылған. Мақсат – бұрыннан бар тұқымдық қасиетті одан әрі жақ­сарту мен жетілдіру. Аталған үйірдегі «Бостандық» деген атау берілген асыл тұқымды айғыр 2012 жылдың төлі болып шықты.

Сала жанашырлары жылқы тұқымын жетілдіруге қатысты мәселе Үкімет деңгейінде түбегейлі шешімін тапса, жылқы еті мен сүтіне деген сұранысты өтеу мүмкіндігі туар еді дейді. Шынтуайтына келгенде, асыл тұқымды Мұғалжар және Көшім  жылқыларын өсіру ісіне орасан мол қаражаттың қажеті шамалы. Өйткені аталған түлік түрлері алты ай қыс бойы тебінде жүрген соң, арнайы әзірленген жем-шөпті қажет ете бермейді. Қолда, мал қорада қамалып тұратын сәттері өте сирек. Бұл жылқылардың тағы бір ерекшелігі – суыққа төзімділігі. Айталық, сексенінші жылдардың аяқ кезінде Саха елінен келген малшылар Ақтөбеден бірнеше үйір Мұғалжар жыл­қысын қалап, сатып алып кет­кені есте. Кейіннен олар ақтөбелік ма­ман­дарға 60 градус ақырған аязға да Мұғалжар жылқысының мыңқ ет­пегенін сүйсіне хабарлапты. Сонымен бірге бұл жылқылар шалғай елде те­бінге де жақсы түсіпті.

Ал асыл тұқымды Көшім жылқы­сының жай-күйіне келсек, бұл түр «Буденновская», «Донская» және «Вла­димировская» секілді салмағы ауыр, тұрқы ірі ресейлік асыл тұқымды жыл­қылармен жергілікті жылқы қанының араласуынан пайда болған. Бұл түр де бап талғамайды. Тебінде жақсы жайылады. Еті мен сүтінің өнімділігі Мұғалжар жылқысынан кем түспейді. Өсіру де көп шығынды қажет етпейді. Бұл жөнінде кезінде Көшім тұқымдас жылқыны ғылыми тұрғыдан негіздеп бергені үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген Ақжайық өңірінің ардақты ақсақалы Әділғазы Нұрғалиев те айтады. 

Бүгінде Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында Мұғалжар және Көшім тұ­қымдас жылқылардың саны өсіп ке­леді. Алайда бұл іс ат төбеліндей, тіпті сау­сақпен санап аларлықтай сала жана­шыр­ларының еншісінде қалғандай көрінеді.

Батыс Қазақстан облысындағы асыл тұқымды жылқы өсіру ісінің кәнігі шебері, осы саланың шын жанашыры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтай Зайнуллин асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын адамдардың төккен тері мен жұмсаған шығыны өзін өзі мүлдем ақтамайтынын айтып берді. Оның ойынша, мұндай есіл еңбектің өтеуінің басты жолы – мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау, яғни аталған саланы субсидия­лау болмақ.

Еліміздің түкпір-түкпірінде әлі күнге дейін бос жатқан ауыл шаруашы­лығы жерлерінде, соның ішінде 9 миллион гектар жайылымдық алқаптарда жылқы малын көбірек  өсіру ісі жаппай қолға алынса игі. Сондай-ақ ел ішінде иесіз қалған фермалар мен бұрынғы мал бағу орындарының тұсынан бү­гінгі заман талабына сай нысандар тұрғызылып, қайта жаңғырған инфра­құрылымдық жүйелер асыл тұқымды жылқы шаруашылығын өркендетуге лайықталса, ұтарымыз көп.

Елімізде асыл тұқымды жылқының үлес салмағының өсуі дүние жүзі бо­йынша жыл сайын өсіп келе жатқан жыл­қы малы өнімдеріне деген сұра­нысты өтеу­ге негіз қалайтыны кәміл.

Бұл бағытта ұтымды ұсыныстар мен ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің де тигізер пайдасы мен шапағаты мол болмақ. Тіпті асыл тұқымды жылқы өсіруді оң жолға қоя білген облыстар үшін жергілікті және республикалық бюд­жеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарас­тырғанның да артықшылығы жоқ секіл­ді.

 

Ақтөбе