Әлем • 06 Қаңтар, 2020

Қазақстан бастамасы жалғасын тапты

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ штаб-пәтерінде қалыптасқан дәс­түр бойынша ұйымның жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде 2020-2021 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған елдердің ұлттық туларын орнату кезекті ресми рәсімін ұйымдастырды.

Қазақстан бастамасы жалғасын тапты

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа тұрақ­ты емес мүшелердің жұмыс басталуы­ның салтанатты рәсімін өткізу дәстүрі Қазақ­станның бастамасымен 2018 жылдың қаң­тарында оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төра­ғалығы кезінде енгізілді. БҰҰ-ға мүше мем­лекеттер осы жаңа бастаманы Қазақ­стан­ның «жарқын жеке карточкасы» деп атады.

«Қазақстанның бастамасымен БҰҰ құрылған сәттен бастап 75 жыл ішінде үшінші рет өткізіліп отырған бұл рәсімнің мақсаты – халықаралық қоғамдастықтың сіздерге жүктелген жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды және қасиетті міндетін орындауға берілген мандатты мойындау. Сіздердің елдеріңіздің Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы басқа 192 мүше мемлекеттің сіздің үкіметтеріңізге БҰҰ Жарғысының мұраттарын, әсіресе осы қиын-қыстау күндерде сенетіндігін айғақтайды», деді іс-шараны бастау барысында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров.

Ол Кеңестің жаңа тұрақты емес мүшелеріне осы дүниежүзілік ұйымның 75 жылдық мерейтойына орай биылғы мерейтойлық жылы сәттілік пен маңызды жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­­нің жаңа тұрақты емес мүшелері ретінде Вьетнам, Эстония, Тунис, Сент-Вин­сент және Гренадиндер, сондай-ақ Нигер Республикасы келді. Рәсімге БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүше­лерінің елшілері қатысты. Олар Кеңес­тегі жұмысының басым­дықтары туралы қысқаша баяндама жасап, БҰҰ-ның осы негізгі органында сал­танат­ты жағдайда жұмысқа кірісуге мүм­кін­дік берген іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға үлкен ризашылық білдірді.

Қазақстанның бастамасынан бұрын Қауіп­сіздік Кеңесінің залы алдындағы баспа­сөз қабырғасының жанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүше­ле­рінің туларын ауыстыруы рәсімі болды. Жаңа дәстүрді енгізуімен бұл рәсім БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің және әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кеңінен қатысуымен Кеңестің жыл сайынғы бағдарламасының бірінші жұмыс күніндегі ресми іс-шараға айналды.

2019 жылы қаңтарда Қазақстанның Тұ­рақ­ты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүше­лерінің тулары үшін Қазақстанда жасал­ған және қазақтың ұлттық оюларымен безендірілген арнайы тұғырлар сыйлады.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде екіжылдық жұмысын 2018 жылғы 31 жел­тоқ­санда аяқтаған.