Аймақтар • 06 Қаңтар, 2020

Алматы облысында 150 млн теңгенің еңбекақы қарызы өтелді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысында еңбекақы төлеуге қатысты заң талабын бұзу мен жалақы қарызы бойынша құзырлы органдарға жүгінген адамдардың саны артқан.

Алматы облысында 150 млн теңгенің еңбекақы қарызы өтелді

Оның ішінде прокуратураның араласуымен ғана мыңнан астам жұмысшының еңбек дауы шешімін тауыпты. Ал еңбекақы қарызына қатысты өтелген қаржы көлемі 150 млн теңгені құрады. Бұл деректер прокуратураның 2019 жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде жария болды. Облыс прокуроры Азамат Жылқыбаевтың айтуынша, өткен жылы аймақтағы қылмыс жағдайы тұрақты деңгейде болған. Жалпы, құқық бұзушылық сипаты 22,2 процентке азайып, жыл басынан бері 21 528 оқиға тіркелген.

- Адам құқығы мен заңның сақталуын қадағалау мақсатында жүргізілген істер әділеттің орнауы мен құқық бұзушылықтың алдын алуда өз жемісін беріп келеді. Мәселен, өткен жылы прокурорлардың араласуымен  72 адамға қатысты шығарылған сот шешімі қайта қаралып, заң мәртебесі үстемдік құрды. Нәтижесінде 34 адамның құқығы қорғалды. Қадағалаудың арқасында облыс көлемінде уақытша ұсталған 30 адамға қатысты іс тоқтатылып, заңсыз қамалған 40 адам ақталды, - дейді облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев.

Жалпы, прокуратураның есепке алу-тіркеу тәртібі бойынша жүргізілген тексеруінің нәтижесінде 64 қылмыстық құқық бұзушылық есепке алынған екен. Әсіресе, қадағалау актісі негізінде тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен және жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, 306 мың адамның құқығы  қорғалған. Сондай-ақ қадағалаушы органның тексеруінен кейін жалпы аумағы 48,1 мың гектар болатын пайдаланылмаған жер телімі анықталып, мемлекетке қайтарылды. Атқару өндірісі бойынша да берешек тұлғалардан 920,3 млн теңге қарыз өндірілген. Облыстық прокуратураның ықпал етуінен кейін заң бұзған 2 мыңнан астам адам әр түрлі жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына өндірілген ақшалай кірістің жалпы көлемі 1 млрд теңгеге жеткен екен.