Қазақстан • 06 Қаңтар, 2020

АИИБ Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобаларды қаржыландырмақ

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі «Орталық – Батыс» дәлізін реконструкциялау жобасын қаржыландыруға қызығушылық танытты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АИИБ Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобаларды қаржыландырмақ

АИИБ-не Қазақстанды қоса алғанда 57 мемлекет мүше. Банктің негізгі мақсаты – Азия-Тынық мұхит аймағында қаржылық ынтымақтастықты ынталандыру, сондай-ақ Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру. 2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдары мен Банк өкілдерінің қатысуымен АИИБ тарапынан еліміздегі жобаларды қаржыландыру механизмдерін талқылауға арналған бірқатар шара өткен болатын. Банкке Нұр-Сұлтанды Қазақстанның батыс өңірлерімен байланыстыратын «Орталық – Батыс» дәлізін реконструкциялау жобасы ұсынылды. АИИБ өкілдері Үкімет ресми түрде қызығушылық танытқан жағдайда аталмыш жобаны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін айтты.

Айта кетейік, Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобалар 5 халықаралық қаржылық институттың қолдауымен іске асырылады. Осылайша Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің  жалпы ұзындығы 1098 шақырымды құрайтын Қызылорда және Түркістан облыстарындағы учаскелерінің реконструкциясы жүргізілді. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 85 шақырымды құрайтын «Күрті – Бурылбайтал» және 96 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» автомобиль жолдарының учаскелерінде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Еуропа Қайта құру және даму банкі де Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру шараларына белсене араласады. ЕҚҚДБ-нің қатысуымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрамына кіретін 102 шақырымдық «Ақтөбе – Мәртүк» пен ұзындығы 62 шақырымды құрайтын «Ташкент – Шымкент» жолдарын реконструкциялау жобалары жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда ұзындығы 143 шақырымды құрайтын «Күрті – Бурылбайтал», 67 шақырымдық «Күрті – Қапшағай» және Атырау қаласының солтүстік айналма жолын қоса алғанда, жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын «Атырау – Ресей шекарасы (Астрахань)» жолдарын реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда.  

Азия Даму банкі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жалпы ұзындығы 467 шақырым болатын учаскелерін реконструкциялау және 470 шақырымдық «Бейнеу – Ақтау» жолын реконструкциялау жобаларын қаржыландырды. Жалпы ұзындығы 299 шақырымды құрайтын «Ақтөбе – Мақат» жобасы іске асырылып жатыр.  

Ислам Даму банкі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің ұзындығы 57 шақырымды құрайтын «Оңтүстік Қазақстан облысы – Тараз қаласы» учаскесін реконструкциялау жобасын қаржыландырды. Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Агенттігінің қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Жамбыл облысындағы учаскелерін реконструкциялау жобасы іске асырылды.