Аймақтар • 06 Қаңтар, 2020

Алматы облысының полицейлері 680 барымтаны анықтады

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысының полицейлері мал ұрлығына қатысты 680 қылмыстың ізін суытпай ашты. Жедел іздестіру мен анықтаудың нәтижесінде ұрланған 900 бас ірі қара малы меншік иелеріне қайтарылған.

Алматы облысының полицейлері  680 барымтаны анықтады

Өкініштісі, ақ адал малды қорадан шығарып ұрлап кету оқиғасы әлі азаймай тұр. Сондай  жағдайдың бірі Алакөл ауданының Қазақстан ауылында болды. 16 желтоқсан күні ауыл тұрғынының қорасынан асыл тұқымды 9 бас сиыр ұрланған. Мал иесінің өз бетінше іздеген әрекетінен түк өнбей, полицияға шағымданыпты.

Алакөл ауданының полицейлері бір апта бойы із кесіп, ұрының алысқа ұзамағанын анықтапты. Үшарал қаласының 2 тұрғыны күдікке ілінді. Бұрын да мал ұрлап сотталған баукеспе бастапқыда бұлтарғанымен, артынан кәнісін мойындапты.

Олар ұрланған малдың біразын сатып та үлгеріпті. 2 бас сиырды сойып, базарға саудалаған екен. Малдың құны 2 млн теңгеге бағаланды. Бұйырған 7 бас сиырды мал иесіне қайтарған полицейлерге ауыл тұрғындары дән риза.